Accessibility links

Допинг дауы Қазақстан спортына қалай әсер етеді?


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Пекин олимпиадасында. Пекин, 17 тамыз 2008 жыл.

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Пекин олимпиадасында. Пекин, 17 тамыз 2008 жыл.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Илья Ильинің Пекиндегі сынамасынан да допинг табылғанын хабарлады. Бұған дейін оның Лондондағы сынамасы да оң нәтиже берген. Сарапшылар Қазақстан спортына үлкен қауіп төнгенін айтады.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Пекин олимпиадасы (2008) кезінде тапсырған қанынан станозолол табылғанын хабарлады. Ал оның Лондон олимпиадасы (2012) кезіндегі сынамасынан дегидрохлорометилтестостерон табылған.

Ильинге қоса Лондонда алтын алған Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген. Бұл төрт атлет қазір уақытша жарыстарға қатысудан шеттетілген.

Лондон олимпиадасында алтын алған қазақстандық спортшылар Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Зүльфия Чиншанло, Майя Манеза, Илья Ильин, Светлана Подобедова. 2012 жыл.

Лондон олимпиадасында алтын алған қазақстандық спортшылар Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Зүльфия Чиншанло, Майя Манеза, Илья Ильин, Светлана Подобедова. 2012 жыл.

«РИО ОЛИМПИАДАСЫНАН ШЕКТЕУ ҚАУПІ БАР»

Илья Ильин Лондон олимпиадасынында алынған сынамасы оң нәтиже берген сәтте әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің таза екенін, допинг тексерістен жиі өтетінін және олимпиадаға жаттығуын тоқтатпайтынын мәлімдеген.

Оның Пекиндегі сынамасынан да допинг табылғаннан кейін сарапшылар бұл даудың өрши түсетінін және Қазақстан спортына үлкен соққы болатынын айтады.

Спорт шолушысы Төлеубек Әділбекұлының пайымдауынша, бұл даудың кесірінен Қазақстан ауыр атлетика құрамасы биыл өтетін Рио-де-Жанейро олимпиадасынан шеттетілуі мүмкін.

ХОК Қазақстан ауыр атлеттерін кінәлі деп тапса, бұл ел ауыр атлетикадан олимпиада тарихында алған бес алтын медалін қайтарып береді.

– Ауыр атлеттерге қатысты шешімді Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) қабылдайды. Егер ХОК Қазақстан ауыр атлеттерін кінәлі деп тапса, бұл ел ауыр атлетикадан олимпиада тарихында алған бес алтын медалін қайтарып береді. Тіпті Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан ауыр атлетика құрамасын толық Рио олимпиадасынан шеттетуі қаупі де басым, – дейді ол.

Спорт шолушысының айтуынша, «Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің (WADA) жұмысы толық заңға сай – ереже бойынша WADA спортшылардың қанын 10 жыл сақтайды және кез келген уақытқа қайта ашып тексеруге хақысы бар».

Допинг мәселесін зерттеп жүрген тілші Бек Төлеуов төрт ауыр атлеттің допинг қолданғаны дәлелденсе, олар халықтан кешірім сұрауы тиіс деп біледі.

– Егер спортшылар кінәсіз болса, Лозаннадағы арбитраж сотына шағымдануы керек, – дейді ол.

«АУЫР АТЛЕТТЕРДІ АҚТАП АЛУ – ҚИЫН ІС»

Спорт журналисі Асқар Ағатаев Қазақстан спортшылары мен жанкүйерлері кез келген жағдайға дайын болу керек екенін айтады.

– Ресей жеңіл атлеттерінің сынамаларын қайта тексергеннен кейін оннан астамынан допинг табылды. Осыдан кейін оларды Рио олимпиадасынан шектеп тастады. Қазақстан ауыр атлетика құрамасы дәл осы жағдайға тап келді, – дейді ол.

Журналист Қазақстан үшін ауыр атлеттерді ақтап алу аса қиын іс екенін айтады.

– Себебі IWF те, WADA да өз тексерістерін қайта теріске шығаруы екіталай. Сондықтан Қазақстан Пекин мен Лондонда алған бес алтынын қайтарып беруі мүмкін. Егер қазақстандық төрт ауыр атлет медалін қайтарып берсе, кемінде екі жылға дейін спорттан шеттетілуі ғажап емес. Ильин олимпиада медальдарын қайтарып берсе, орнатқан рекордтары да жойылады, – дейді журналист.

Илья Ильин Лондон олимпиадасында. 4 тамыз 2012 жыл.

Илья Ильин Лондон олимпиадасында. 4 тамыз 2012 жыл.

Қазақстан үкіметі бұл допинг дауына қатысты соңғы шешімді ХОК қабылдайтынын, ал билік тарапынан спортшыларға құқықтық қолдау жасалатынын талай мәрте мәлімдеді.

21 маусымда Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов ұлттық олимпиада комитеті төрағасы Тимур Құлыбаевқа Рио ойындары алдында спортшыларды тексеруді тапсырған. «Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей спортшыларының допинг қолдануына қатысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек. Бәлкім, жеке демеушілердің есебінен жақсы зертхана сатып алуымыз қажет. Сонда біздің спортшылар жарысқа қатыспас бұрын осы тесттен өте алады» деген Кәрім Мәсімов.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері «енді бұл дау Қазақстанда шешілмейді. 27 маусымда болатын ХОК тәртіптің кеңесі отырысының шешімін күтеміз» деді.

Ал Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Қазақстан ауыр атлеттерінің сағын сындыру мүмкін емес екенін, Рио олимпиадасында бәрібір жоғары нәтиже көрсететін» бірнеше рет қайталады.

Егер Қазақстан ауыр атлеттері ХОК шешімімен олимпиада медальдарын қайтарып берсе, Пекин мен Лондон олимпиадасының жалпы командалық есебіне де өзгерістер енеді. Қазақстан 2008 жылы Пекинде екі алтын, төрт күміс, жеті қоламен 29-орын алған. Ильин Пекин алтынын қайтарған жағдайда,Қазақстан бір алтын, төрт күміс, жеті қоламен 37-орынға сырғиды. Ал 2012 жылы Лондонда жеті алтын, бір күміс, бес қоламен 12-орын алған Қазақстан егер Ильин, Чиншанло, Манеза, Подобедова алтындарын қайтарса, 24-орынға түседі.

Биыл 5-21 тамызда өтетін Рио-де-Жанейро олимпиадасына Қазақстан әзірше 100-ге жуық жолдама алды. Оның 10-ы – ауыр атлетика құрамасыныкі (алты ер, төрт әйел спортшы).

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG