Accessibility links

ODF: Ренци Астанада адам құқықтары жайын айтсын


Италия премьер-министрі Маттео Ренци. Рим, 24 ақпан 2014 жыл.
Италия премьер-министрі Маттео Ренци. Рим, 24 ақпан 2014 жыл.
Open Dialog Foundation (ODF) қоры Италия премьері Маттео Ренциді осы аптаның соңында Қазақстанға сапарында бұл елдегі адам құқықтарының бұзылуы мәселесін көтеруге шақырды.

Ұйымның Ренцидің сапарына орай арнайы таратқан мәлімдемесінде "Қазақстан - Еуропа Одағына мүше көптеген елдер, оның ішінде Италия үшін маңызды серіктес. Сондықтан Италия билігі Қазақстанды екіжақты тұрақты және нәтижелі қарым-қатынас орнату үшін елдегі адам құқықтарының жағдайын жақсарту қажеттігін ескерту жасау үшін пайдалануы тиіс. Сапарда тек бизнес қана күн тәртібінде тұрмауы тиіс" делінген.

Open Dialog Қазақстанның халықаралық қауымдастықтың талай рет өтініш қылғанына қарамастан соңғы айларда тәуелсіз журналистер мен блогерлерді қуғындауды, сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу құқығын бұзуды жиілеткенін айтады.

"Қазақстан азаматтары ресми ұстанымға қарсы саяси көзқарасын білдіргені үшін "әлеуметтік араздықты қоздырды", "пара алды" деп немесе терроризм айыбымен түрмеге қамалатын ел болып қалып отыр. Таяуда құқық қорғаушы, 12 жылға сотталған саяси тұтқын Вадим Курамшин түрмедегі қысым мен азаптауға наразылық білдіріп, аштық жариялады" делінген мәлімдемеде.

Ұйым Италия премьері Қазақстанға сапарында азаматтық қоғам өкілдерімен, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов, Вадим Курамшин, Арон Атабек сияқты саяси тұтқындардың және Жаңаөзен оқиғасынан соң сотталған мұнайшылардың отбасыларымен кездесу сәтін пайдалануы тиіс дейді.

Ұйым оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны Италияға алдырып, оларға саяси баспана берген қызметін құптайды. "Бірақ Испаниядағы Әблязовтің бұрынғы оққағары Александр Павлов пен Әблязовтың өзіне қатысты істер Қазақстанның бұрынғыдай халықаралық конвенциялар мен келісімдерді шетелдегі саяси оппозицияны қудалау үшін қолдана беретінін көрсетіп отыр" дейді ұйым.

Мұхтар Әблязовтың әйелі мен кәмелетке толмаған қызы Италиядан Қазақстанға өткен жылы маусым айының басында әкелінген еді. Депортацияның алдында оларды Италия полициясы арнайы операция жүргізіп тұтқындаған. Кейінірек Италия үкіметі бұл депортацияның заңсыз екенін мәлімдеп, оқиғаға байланысты Италия ішкі істер министрлігінің шенеунігі кінәсін мойындап, жұмысынан босатылды. Шалабаеваның депортациясы туралы іс Италия парламентінде қаралып, бұл оқиға Италия ішкі істер министріне сенімсіздік жариялау туралы мәселе қозғауға түрткі болды. 24 желтоқсанда Қазақстан құқық орындары Алма Шалабаеваға ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ұстау шартын өзгертіп, шетелге шығуына рұқсат берген соң ол қызы екеуі Италияға кетіп қалған.

Бұрынғы банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Мұхтар Әблязовты Қазақстан үкіметі "экономикалық қылмыстар жасады" деп айыптайды. 2013 жылы маусымның 31-і күні Францияның Муан-Сарту қаласында ұсталған Әблязов қазір сол елде қамауда отыр. Қазақстан, Ресей және Украина оны Франциядан экстрадициялауды сұраған.

Мұхтар Әблязов өзіне қарсы қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG