Accessibility links

Имамдар «теріс ағымдармен» интернет арқылы да күреспек


Имамдар. Астана, 29 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Имамдар. Астана, 29 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«Діни экстремизммен күрес» науқаны имамдарға интернет технологиялар бойынша тренинг өткізуге ұласты. Мамандар жаңа медианы игеруде имамдарға құлшыныс жетпейтінін айтады.

Қостанай облысы Жітіқара ауданы Ержан Тәтішев мешітінің бас имамы, 33 жастағы Сабыржан Есмұрзин әлеуметтік желілерде алғашында байланыс құралы ретінде аккаунт ашқанын, кейін оны уағыз-насихаттарға пайдалана бастағанын айтады.

– Негізі «Мой мир», «Одноклассники» және Facebook желілерінде аккаунтым бар. Мешітіміз интернетке қосылған. «Мой мирде» мешіттің атынан ашылған аккаунт та бар. Сонда кейбіреулер білмеген сұрақтарын қойып жатады. Көбіне жастар, әсіресе қыз балалар көп сұрақ қояды. Шама-шарқымызша жауап беруге тырысамыз, – дейді ол.

Сабыржан Есмұрзин Қазақстанда танымал «Мой мир» пен «Одноклассники» әлеуметтік желілерінде белсенді. Мұнда ол діни мазмұндағы видеолар жариялап, хадистермен бөліседі. Оның Facebook-тегі парағында бірнеше сурет қана жарияланған.

«ЕШКІМ МЕШІТТЕ ОТЫРЫП УАҒЫЗ ТЫҢДАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Имамдардың интернет құралдарын үйренуіне билік те белсене араласып жатыр. Қостанайда қарашаның 13-і күні өткен, имамдарға арналған жаңа медиа бойынша тренингті облыстық әкімдік пен «Діни ағымнан зардап шеккендерге көмек орталығы» бірлесіп ұйымдастырды.

Қостанай облыстық әкімдігі ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Руслан Болатұлы Азаттық тілшісіне:

Сирияға аттанған "Қазақстандық жиһадшылар". Ютуб сайтынан алынған скриншот.

Сирияға аттанған "Қазақстандық жиһадшылар". Ютуб сайтынан алынған скриншот.

– Сириядағы оқиғаға қатысты болып жатқан соңғы оқиғалардан да хабардар боларсыз. Бұрын тыйым салынған ағымдар адамдарды бетпе-бет кездесіп, теріс ағымға тартқан болса, қазір бұл интернетке көшкен. Бұл – соның алдын-алу, – дейді.

Тренингке келген 57 мешіт қызметкерінің бірі – Марал ишан мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов. Ол енді интернетте видео жариялап, блог ашатын ойы бар екенін айтады.

– Интернетте ең көп кездесетіні діни сұрақтар көрінеді. Қазір жастардың бәрі интернетте отыр. Ешкім мешітте уағыз тыңдап отырғысы келмейді. Көп жағдайда үйде отырып, сұрақ қойып, сұрағына жауап алғысы келеді. Сондықтан, имамдардың жаңа медианы меңгеруі өте маңызды, – дейді имам Дархан Сыздықов.

«ЕГДЕ ИМАМҒА ИНТЕРНЕТ ҚЫЗЫҚ ЕМЕС»

Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық мешіттің қызметкері Ұлықбек Алиакпарұлы жаңа технологияға келгенде имамдарда құлшыныс жетпей жататынын айтады.

– Оған қоса, бұл жерде жас ерекшелігі де бар шығар. Айлық берілмегеннен кейін жастар имамдыққа бармайды. Жастар бармағаннан кейін орта жасы 40-тан асқан үлкен кісілер ауылдық, кейде қалалық жерлерде имам, молда болып жұмыс істейді. Оған интернет, компьютер қызық емес, – дейді ол.

Оның пікірінше, «имамдар жаңа технологияны белсенді қолданса, бүкіл халықты діни сауаттандыруға шамасы жетер еді». Ұлықбек Алиакпарұлы облысындағы мешіт қызметкерлерінің интернет сауатын арттыру үшін бірнеше тренинг өткізгенін, қазір облыстың 14 ауданындағы имамдар мешіт жаңалығын жазып жіберуді үйренгенін айтты.

Имам балаларға уағыз айтып отыр. Жүктеген адам: Тұрлыбек Амантайұлы. (Көрнекі сурет)

Имам балаларға уағыз айтып отыр. Жүктеген адам: Тұрлыбек Амантайұлы. (Көрнекі сурет)

– Қазір 14 ауданның имамдарының бәрінің әлеуметтік желіде аккаунттары бар. Бірақ әзірге блогтарды алып кете алмады, – дейді Ұлықбек Алиакпарұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегі бойынша, елде екі жарым мыңға жуық мешіт бар. Қазір облыстық және ірі мешіттердің барлығының ресми сайттары ашылған. Бірақ елде әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданатын дін қызметкерлері аз. Азаттық тілшісі әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданып жүрген имамдар мен мешіттердің парақшаларына бұған дейін шолу жасаған еді.

Қазақстанда «жастарды теріс ағымдардан сақтандыру», бұл іске имамдарды тарту шарасы биыл қазан айының ортасында YouTube-те «Сирияда жүрген қазақ жиһадшылары» туралы видео жарияланған соң жиілеп кетті. Ол видеодағы қазақша және орысша сөйлеген азаматтар өздерін «жиһад жасау үшін бала-шағамызбен бірге Қазақстаннан Сирияға келдік» деп мәлімдеген. Кейін Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың расымен қазақстандықтар екеніне көз жеткізген.

Азаттық әлеуметтік желінің арқасында назарға іліккен өзге бір «жиһадшы» жайлы видеоның кейіпкерін де анықтап, ол адамның анасымен және таныстарымен сөйлескен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG