Accessibility links

Тасмағамбетов пен Жақсыбековтің жаңа қызметтері


Солдан оңға қарай: Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбеков.

Солдан оңға қарай: Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбеков.

Қорғаныс министрі болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Астана әкімі қызметіне Әділбек Жақсыбеков қайта келді.

Қазанның 22-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иманғали Тасмағамбетовті қорғаныс министрі етіп тағайындағанын министрлік ұжымына өзі хабарлап, жаңа басшыны таныстырды.

Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласын 2008 жылдың сәуірінен бері басқарып келген еді. 2004-2008 жылдары Алматы қаласының әкімі болған Тасмағамбетов одан бұрын мемлекеттік хатшы, премьер-министр, Атырау облысының әкімі және президент әкімшілігінің жетекшісі қызметтерін атқарған. Иманғали Тасмағамбетов совет заманында Қазақстан комсомолы орталық комитетінің жетекшісі болған.

Оқыңыз: Назарбаевтың «сенімді серігі» әрі «қауіпті бәсекелесі»

Тасмағамбетовтің орнына (Астананың қаласын әкімі қызметіне) осы кезге шейін мемлекеттік хатшы қызметінде болған Әділбек Жақсыбеков тағайындалды.

2014 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін мемлекеттік хатшы болған Әділбек Жақсыбеков биыл тамыз айында үкімет құрылымы өзгерген соң Қазақстан қауіпсіздік хатшысы міндетін қоса атқарған еді. Оның алдында Қазақстан қорғаныс министрі, президент әкімшілігінің жетекшісі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, индустрия және сауда министрі болып қызмет істеген Әділбек Жақсыбеков 1997-2003 жылдар аралығында да Астана қаласының әкімі болған.

Мемлекеттік хатшы міндетін уақытша атқару президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге жүктелген. Бұған дейінгі қорғаныс министрі болып келген Серік Ахметовтің қандай қызметке ауысқаны әзірше белгісіз.

Сарапшы Асқар Нұршаның пікірінше, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл азаматтардың кейбірін жаңа қызметке тағайындауы "өте ұтымды саяси жүріс, әдемі жүріс" болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG