Accessibility links

Оралманның жолын кескен жаңа заң


Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

2011 жылдың шілде айында қабылданып, тамыз айында күшіне енген «Көші-қон туралы» жаңа заң оралмандардың азаматтық алуына шектеу қойған. Мұны ресми орган өкілі де растап отыр.


2011 жылдың тамыз айында Өзбекстаннан Алматыға қоныс аударған Серік Сәрсенов осы уақытқа дейін азаматтық алу түгілі тұрақты тіркеуге тұра алмай жүргенін айтады.

АЗАМАТТЫҚ ТҮГІЛІ ТІРКЕУГЕ ЗАР БОЛДЫҚ

– Біз келген кезде «Көші-қон туралы» жаңа заң қабылданды да, азаматтық алу түгілі тұрақты тіркеуге тұрудың өзі мұңға айналды. Себебі азаматтық алу үшін алдымен тұрақты тіркеуге тұру қажет. Сондықтан «Шаңырақ-1»-де бір кісіге ақысын төлеп, үйіне «пропискаға» тұруға келісім алған болатынмын. Алатау аудандық көші-қон полициясы сұраған барлық құжаттарды өткіздім. Бірақ неге екенін білмеймін - түрлі сылтаулармен тіркеуге отырғызбай келеді, - дейді Серік.
Өмір сүру үшін күнделікті 1000-1500 теңгеге жалданамыз. Бірақ полиция біліп қойса, ұстап алады.

– Сонда қандай сылтау айтады? - деген азаттық тілшісіне Серік Сәрсенов:

– Түк таппағанда «Қалалық көші-қон полициясынан жазбаша түрде «пропискаға отырғыз» деген қағаз әкел» деп айтады, - дейді.

Серіктің айтуынша, ол тұрақты тіркеуде болмағандықтан жұмыс та істей алмай отыр.

– Бізге тұрақты тіркеу болмаған соң, жұмыс та істеуге болмайды және жұмысқа да алмайды. Өмір сүру үшін күнделікті 1000-1500 теңгеге жалданамыз. Бірақ полиция біліп қойса, ұстап алады, - дейді ол.

АЛА ҚОЙДЫ БӨЛЕ ҚЫРҚУ

Оралман әйелдердің «Нұр-қоныс» әйелдер қоғамының төрайымы Зибира Аллабергенова да Серіктің сөзін растап, «Көші-қон туралы» заң шыққалы бірде-бір оралманның Қазақстан азаматтығын ала алмағанын айтты.

– Жаңа заң қабылданғалы Қытай, Монғолия, Өзбекстаннан келген оралмандардың тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алуы аса қиын іске айналды. Неге екенін білмеймін - осы үш елден келген азаматтардан сотты болмағаны туралы анықтама талап етеді. Өзбекстанда мұндай анықтама беріледі. Ал, Қытайда ондай анықтама берілмейді, себебі сотты болғандарды сыртқа шығармайды, - деген Зибира Аллабергенова «Басқа елдің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама талап ететіндері тағы бар» дейді.

Оралман әйелдердің "Нұр-қоныс" әйелдер қоғамының төрайымы Забира Аллабергенова. Алматы, 7 мамыр 2012 жыл.

Оралман әйелдердің "Нұр-қоныс" әйелдер қоғамының төрайымы Забира Аллабергенова. Алматы, 7 мамыр 2012 жыл.

Ал Алматы қалалық көші-қон полициясы бастығының орынбасары Ержан Алтаев «Кейінгі шыққан азаматтық алу туралы заң оралмандарды өзге ұлт өкілдерімен бірдей қарастыратынын» айтып:

– Өткен жылдың тамыз айына дейін Қазақстанда қалғысы келетін оралман ағайындарды азаматтыққа қабылдап, шешім шыққаннан кейін төлқұжаттарын сыртқы істер министрлігіне тапсыратынбыз. Ал қазір керісінше болды. Азаматтыққа тапсыру үшін алдымен өздері келген елдің азаматы емес деген анықтама тапсыру туралы қаулы шықты. Бұл бұрын өзге ұлт өкілдеріне ғана қатысты болатын, - дейді.

Алтаевтың айтуынша, бұл ереже оралмандардың барлығына қатысты емес.

– Біз заң шығарушы орган емеспіз. Бізге нұсқау қалай келеді, солай жұмыс істейміз, - деген Алтаев «Белоруссия, Украина, Қырғызстан және Ресей елдерінен келген оралмандар ғана ешқандай кедергісіз азаматтық ала алады. Себебі бұл елдермен Қазақстанның арасында өзара келісім бар» дейді.

Ержан Алтаевтың айтуынша, Алматы қаласы бойынша 2011 жылы оралман мәртебесін алуға өтініш білдірген 539 отбасының 532-сінің өтініші қанағаттандырылып, оның 55-і ғана Қазақстан азаматтығын алған. Ал, 2012 жылы өтініш берген 129 отбасының 127-і оралман мәртебесін алыпты. Азаматтыққа қол жеткізгендердің саны - 10.

– Үстіміздегі жылы Қазақстанның азаматтығын алған 10 отбасының бесеуі - Ресейден, бесеуі Қырғызстаннан көшіп келгендер, - дейді Алматы қалалық көші-қон полициясы бастығының орынбасары.

АНЫҚТАМАНЫҢ ӘЛЕГІ

Ержан Алтаевтан Азаттық тілшісі «Оралмандардан бұрынғы тұрған жерінде істі болған-болмағаны туралы анықтама не үшін талап етіледі?» деп сұраған болатын.

– Сізден бірінші рет естіп тұрмын, - деген Алтаев «Ондай анықтаманы тек өзге ұлт өкілдерінен сұраймыз» деген жауап қайырды.

Алайда Алтаевтың бұл сөзін оралман Серік Сәрсенов теріске шығарып отыр.

- Ол «справканы» баяғыда өткізгенбіз. Ол жоқ болса, құжатыңды қарамайды да, - дейді ол.
Алматы қалалық көші-қон полициясы бастығының орынбасары Ержан Алтаев. Алматы, 7 мамыр 2012 жыл.

Алматы қалалық көші-қон полициясы бастығының орынбасары Ержан Алтаев. Алматы, 7 мамыр 2012 жыл.


Оралман әйелдердің «Нұр-қоныс» әйелдер қоғамының жетекшісі Зибира Аллабергенова да оралмандардан істі болған-бомағаны туралы анықтама талап етілетінін растап:

– Өткен жылы Қарақалпақстаннан келген бір азаматтың мектепте оқитын оқушы баласына дейін осындай анықтама алып келуді талап етті. Ол жігіт көшіп келген кезде өзіне ғана ала кепті. Кейін әйелінің істі болмағаны туралы анықтама сұратты. Оны әкеліп еді - «коллежде оқитын балаңа да керек» деген. Қарақалпақстанға барып, оған да алып келсе, енді «мектептегі оқушы балаңа» әкел депті. Бір анықтама үшін Өзбекстанға төрт-бес қайтара барып қайтты, – дейді.

«ЕНДІ КВОТАҒА СЕНІП КӨШІП КЕЛМЕЙ-АҚ ҚОЙСЫН!»

Машина қағып кетіп, үйден шыға алмай жатқанын айтқан Серік Сәрсенов «Айналадағы тамыр-таныстардың бәріне қарыз болып біттік. Тұрақты тіркеуге тұрып, квота алсақ, содан қайтарармыз деп ойлаушы едім. Енді оны да бермейтін болыпты» дейді үмітсіздікпен.

«Нұр-қоныс» әйелдер қоғамының жетекшісі де қалалық көші-қон полициясынан хабарласып, оралмандарға егер жағдайы болмаса, квотаға сеніп көшіп келудің қажеті жоқ екенін, квотаның бұдан кейін берілмейтінін ескерткенін айтты.

Ал көші-қон полициясының өкілі:

- Премьер-министрдің кеңсесінен түскен қаулыда оралмандарға 2012-2014 жылдарға арналған квота мәселесі уақытша тоқтатылды. Ары қарай болатыны-болмайтыны қосымша хабарланады делінген. Бірақ әзірге ешқандай нұсқаулық түскен жоқ, - деді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG