Accessibility links

Алматыдағы спорт үйірмелерінің арзаны сирек


Футбол үйреніп жүрген балалар. Алматы, 20 сәуір 2012 жыл.
Футбол үйреніп жүрген балалар. Алматы, 20 сәуір 2012 жыл.
Алматыдағы спорт секциялары мен үйірмелерінің бағаларын анықтаған зерттеу орталықтарының дерегіне қарағанда, қаладағы ең қымбаты – мәнерлеп сырғанау спорты үйірмесі, ең арзаны – күрес секциясы.

Алматылық Қайрат Қалымбетов сегіз жасар ұлы Ақтөрені теннис секциясына берген. Ол баласының жаттығуы үшін айына 12 мың теңге төлейді.

– Ұлымның теннис ойнағанға бейімі бар. Алматыдағы спорт секцияларының біріне барып жүргенімізге жеті айдан асты. Бармас бұрын көп теннис үйірмелеріне хабарластық. Ең арзаны – 12 мың теңге. Соған барып жүрміз, – деді ол.

«АРЗАНЫ – ТӨРТ МЫҢ, ҚЫМБАТЫ – ЖИЫРМА БЕС МЫҢ ТЕҢГЕ»

Соңғы уақытта үлкен тенниске қызығатын жасөспірімдер көбейе бастаған. Сондықтан бұл спорттың бағасы да қымбат. Алматыда «Бағанашыл» кортында бір ай теннис ойнау ақысы – 25 мың теңге. Ал «Мақсат» теннис орталығының бағасы одан екі есе арзан – 12 мың теңге. Қайрат Қалымбетовтың ұлы осы орталықта жаттығады.

– Тенниске сұраныс көп. Үйірмеге кезекке тұрып, бір айдан кейін кіргенбіз. Және оған кез келген баланы ала бермейді. Таңдап алады. Қазір ұлыммен бірге бір топта 12 бала тенниспен айналысады. Орталықта он адамдық сегіз топ бар, – дейді сұхбаттасымыз.
Көркем гимнастикамен айналысатын оқушы. (Көрнекі сурет)
Көркем гимнастикамен айналысатын оқушы. (Көрнекі сурет)

«Бағанашылда» көркем гимнастика үйірмесі де бар. Оның бағасы – айына 16 мың теңге. Балаңызды олимпиада чемпионы Нелли Ким атындағы көркем гимнастика секциясына апарамын десеңіз, айына 12 мың теңге төлеуіңіз керек.

Суға секіру спортынан арнайы үйірме республикалық спорт колледжінде бар. Айына 12 рет өтетін үйірмеге 12 мың 500 теңге қажет. Бұл секцияға балаңызда жеті жасқа толмай апарғаныңыз жөн.

Алматыдағы «Қайрат» футбол командасының мектебінде айлық төлем 10 мың теңге болады. ЦСКА футбол үйірмесінде 7 мың теңгелік футбол бөлімі бар. Алматыда футбол алаңдарының аздығына байланысты үйірмелер де көп емес.

Қаладағы таэквондо үйірмелерінің бағасы – 9 мың теңге, ал жүзу спорты үйірмелерінің ақысы – 8-10 мың теңге аралағында.

Болашақ баскетболшыларды дайындайтын үйірмелер 5 мың теңгеден басталып, 18 мың теңгеге дейін барады.

Алматыдағы «Достық» спорт кешеніндегі секциялар басқа спорт түрлерімен салыстырғанда арзанырақ. Мұнда еркін күрес секциясы – 4 мың теңге, грек-рим күресі – 5 мың теңге, дзю-до – 7 мың теңге. Балаңызды боксқа апарғыңыз келсе, айына 5 мың теңге қажет.

«Темір-Дос» кешенінде де үйірмелердің бағасы сол шамалас. Осы орталықтағы спорт секцияларын үйлестірушісі Сергей Хайрин:

– Еркін күрес, дзю-до, грек-рим күресінің бағасы – айына 5 мың теңге. Үйірмені алматылық жаттықтырушылар жүргізеді. Аптасына үш күн жаттығу өтеді, – деді Азаттық тілшісіне.

Алматыда балаңызға мәнерлеп сырғанауды үйрететін үйірмеге апару үшін 25 мың керек. Бұл – «Мega-ice» үйірмесінің бағасы.
Мәнерлеп сырғанау. (Көрнекі сурет)
Мәнерлеп сырғанау. (Көрнекі сурет)

– Аптасына бір сағаттан үш рет қатысады. Конькиді бізден алса, үстіне мың жарым теңге қосылады. Бағасы қымбат дей алмаймыз. Мәнерлеп сырғанаудың өзі қымбат спорт қой, – деді ол үйірменің әкімшілік қызметкері.

Қаладағы «Рахат» спорт орталығындағы секциялардың бағасы басқаша. Баланы су добы, волейбол және синхронды жүзу үйрмесіне беру үшін айына 18 мың теңге керек. Шайбалы хоккейдің де бағасы осындай.

«СПОРТ НЫСАНДАРЫН ТОЛЫҚ ТЕКСЕРУ КЕРЕК»

Жоғарыда айтылған секциялардың ешбірі көп балалы отбасыларға, жағдайы төмен жанұялардан келген балаларға жеңілдік жасамайды. Барлық спорттық үйірмелер – жекеменшік.

Алматыда ауыр және жеңіл атлетикадан ақылы үйірмелер жоқ. Бұл спорт түрлерінен тек республикалық спорт мектептерінде ғана секциялар бар. Мектептерге кез келген баланы ала бермейді. Тек спортта жетістікке жеткен балалар оқуға қабылданып, осы спортқа бейімделеді.

Ал велортек, қазақша күрес, семсерлесу, велотрек спорттарынан мүлде үйірме ашылмаған. Алматыда «Шымбұлақ» базасы бола тұра, тау шаңғысынан секция жоқ. «Медеуде» тек жаппай сырғанау шарасы ғана өтеді. Шаңғымен тұғырдан секіру базасында да балаларға арналған үйірме ашылмаған. «Солдатсай» шаңғы-биатлон трассасы да бос тұр.
Алматыдағы шаңғымен секіру тұғыры.
Алматыдағы шаңғымен секіру тұғыры.

– Алматыдағы «Динамо» бассейні де ұзақ уақыт жұмыс жасамай бос тұр. Жұмыс жасамай тұрса, мемлекетке өтуі керек. 90-жылдардың басында жеке тұлғаларға сатылып кеткен спорт нысандарын мемлекетке қайтару туралы үкіметке ұсыныс жасадық. Немесе қаржы полициясы спорт нысандарын сату кезіндегі заңдылықтың дұрыстығын қайта тексеруін талап етіп отырмыз, – дейді Алматы қаласындағы спорт секцияларының бағасын бақылаған «Казпотребнадзор» ұйымы ұйым басшысы Дәурен Қайсаров.

Оның айтуынша, «спорт секцияларының бағасы мен сапасын да тексерген жөн – кей спорт орталықтары бағаны жасанды түрде көтеріп, монополистік саясат жүргізіп отыр»

– Осының барлығын реттеу үшін біз қалалық әкімдік, спорт және дене шынықтыру агенттігі, білім және ғылым министрлігіне ұсыныстарымызды жібердік. Ұсыныста жан-жақты тексеріс жүргізуді талап етіп отырмыз, – деді Дәурен Қайсаров.

Бұл мақаланы журналистің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.

(Мақаланы әзірлеуге Нұржан Еркінұлы үлес қосты)
XS
SM
MD
LG