Accessibility links

2012: халықаралық индекстердегі Қазақстан


Журналистер қарсылығы. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Журналистер қарсылығы. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Халықаралық ұйымдардың зерттеуіне қарағанда, Қазақстан 2012 жылы бірнеше рейтингіде кері кетіп, бірнеше сала бойынша жоғарылаған.

Халықаралық Freedom House ("Фридом Хауз") және Reporters Without Borders ("Шекарасыз репортерлер") ұйымдарының мәліметінше, Қазақстанда сөз бостандығы жылдан жылға тарылып барады.

ҚҰЛДИЛАУ

Freedom House ұйымының дерегінше, сөз бостандығы деңгейі бойынша Қазақстан соңғы үш жыл қатарынан кері сырғыған.

Егер 2009 жылы ол 195 елдің арасында 168-орынға орнықса, 2012 жылы 197 елдің арасында 176-орыннан көрінген.

Әсіресе, жемқорлық бойынша Қазақстанның көрсеткіштерінде алшақтық қатты байқалады.
Көрнекі сурет. (Қазақстан)

Көрнекі сурет. (Қазақстан)


Transparency International ұйымының мәліметінше, Қазақстан жемқорлық көрсеткіштері бойынша өткен жылмен салыстырғанда 13 орынға төмендеп, 176 елдің ішінде 133-орынға жайқасқан. Былтыр Қазақстан 120-орында болған.

Қазақстанның демократиялық индекске қатысты (The Democracy Index) көрсеткіштерінде де құлдилау байқалады.

Әлем елдеріндегі демократия деңгейін сайлау, плюрализм, азаматтық еркіндік, халықтың саяси мәдениеті сияқты түрлі көрсеткіштер бойынша анықтайтын Economist Intelligence Unit ұйымының баяндамасында Қазақстан 2011 жылы 167 елдің арасында 137-орынға тұрақтаған еді. Ал 2010 жылы 132-орында болған.

World Economic Forum ұйымының мәліметінше, Қазақстан әлемдік нарыққа тартылу бойынша 132 елдің арасында 105 орыннан көрініп, жабық мемлекет ретінде қалып отыр.

Халықаралық жеке меншікке құқық альянсының дерегінше, жеке меншікті қорғау құқығы индексі (The International Property Right Index) бойынша, Қазақстан тұрақты түрде кері сырғып барады. 2011 жылы 129 ел арасында 100-орынға орныққан Қазақстан 2012 жылы 130 елдің арасында 107-орынға түсіп қалған.

ІЛГЕРІ КӨРСЕТКІШТЕР

АҚШ-тың Heritage Foundation стратегиялық зерттеу институтының мәліметінше, экономикалық бостандық бойынша Қазақстанда ілгерілеушілік бар. Егер ол былтыр 179 елдің арасында 78-орынды иеленсе, биыл 65-орынға көтерілген.

World Bank дерегінше, бизнес жүргізу бойынша да Қазақстан алға жылжыған. Дүниежүзілік банктің есебінше, 2011 жылы Қазақстан 183 елдің арасында 56-орынға тұрақтаса, 2012 жылы 185 елдің арасында 49-орынға жайғасқан.
Атырау облысының Құлсары қаласында антитеррорлық операция өтті. Бес күдікті қаза тапты. Бас прокуратура оларды Атыраудағы жарылыспен байланыстырды.Күдіктілер бекінді деген үйден төмен аққан қан. Құлсары, 12 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды.

Атырау облысының Құлсары қаласында антитеррорлық операция өтті. Бес күдікті қаза тапты. Бас прокуратура оларды Атыраудағы жарылыспен байланыстырды.Күдіктілер бекінді деген үйден төмен аққан қан. Құлсары, 12 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды.


World Economic Freedom ұйымының баяндамасында әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанның едәуір алға жылжығаны жазылған. Ондағы мәліметке сәйкес, Қазақстан 2011 жылы 142 елдің арасында 72-орында болса, 2012 жылы 144 ел арасында 51-орынды иеленіпті.

Экономика және бейбітшілік институтының мәліметінше, Қазақстан дүниежүзілік бейбітшілік индексі бойынша, 2011 жылы 153 елдің арасында 93-орында болса, 2012 жылы 158 елдің арасында 105-орынды алған.

Гендерлік құқықтың қорғалу деңгейін көрсететін гендерлік айырмашылық индексі бойынша Қазақстан 2011 жылы 135 елдің арасында 49-орын, биыл 135 елдің арасында 31-орынды иеленген. Бұл - World Economic Forum ұйымының дерегі.

2012 жылы алғаш рет дүниежүзі елдерінің терроризм индексін жасап шыққан Institute for Economics and Peace ұйымы Қазақстанды 158 елдің ішінде 47-орынға қояды.

Зерттеу деректеріне қарағанда, террористік қауіп-қатер тек Солтүстік Америкада ғана төмен. Қазақстан терроризм қатері тізімінде Орталық Азия елдерін басып озып, 47-орынға тұрақтаған. Бұл тізімде Қазақстаннан "озған" Ресей 9-орында тұр.

Қазақстанның халықаралық индекстердегі орыны

Индекс атауы (индексті жасаған ұйым) 2012 2011 2010 2009 2008
Сөз бостандығы индексі (Freedom House) 176/197 (ЕЕ) 172/196 (ЕЕ) 169/196 (ЕЕ) 168/195 (ЕЕ) 170/195 (ЕЕ)
Баспасөз еркіндігі индексі (Reporters Without Borders) 154/179 162/178 142/175 125/173
Жемқорлық көрсеткіштері индексі
(Transparency International)
133/176 120/183 105/178 120/180 145/180
Экономикалық еркіндік индексі
(WSJ/Heritage Foundation)
65/179 78/179 82/179 83/179 76/157
Бизнес жасау индексі (World Bank) 49/185 56/183 59/183 63/183 70/181
Даму индексі (Legatum Institute) 46/142 46/110 50/110 51/110 56/104
Демократиялық индекс (Economist Intelligence Unit)* 137/167 (АР) 132/167 (АР) - 127/167 (АР)
"Сәтсіз мемлекет" индексі (Foreign Policy/Fund for Peace) 107/177 107/177 103/177 105/177 101/177
Бейбітшілік индексі (Institute for Economics & Peace) 105/158 93/153 95/149 84/144 72/140
Бәсекеге қабілеттілік индексі
(World Economic Freedom)
51/144 72/142 72/139 67/133 66/134
IT-индекс (WEF) 55/142 67/138 68/133 73/134 71/127
Әлемдік нарық индексі (WEF) 105/132 88/125 93/121 72/118
Гендерлік индекс (WEF) 31/135 49/135 41/134 47/134 45/130
Жекеменшікті қорғау индексі
(Property Rights Alliance)
107/130 100/129 88/125 87/115 85/115
Терроризм индексі
(Institute for Economics and Peace)
47/158 - - - -
Ескерту: ЕЕ– Еркін емес, АР - Авторитарлық режим.
* Демократиялық индекс 2013 жылы қаңтар айында жарияланады
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG