Accessibility links

Балалар үйінде қауіпсіз секс ережелерін оқытады


1-балалар үйінің тәрбиеленушілері Раушан Халаева (сол) мен Рауан Нарбекова. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл
1-балалар үйінің тәрбиеленушілері Раушан Халаева (сол) мен Рауан Нарбекова. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл

Алматының балалар үйлерінде отбасын жоспарлау пәні өте бастады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жасөспірімдердің жыныстық сауаты төмен.

18 жастағы Нұртай Қанағат «24 жасқа толғанда үйленем» дейді. Балалар үйіне 6 жасында келген ол әке-шешесін білмейді. Алматы іргесіндегі бір ауылда әжесі тұрады. Алматыдағы 46-мектептің 11-сыныбында оқитын Нұртай әскерге келесі жылы барады.

«МАМАМНЫҢ ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАМАЙМЫН»

Ал Рауан Нарбекова «Мамамның тағдырын ешқашан қайталамаймын» дейді. Оның шешесі аналық құқығынан айырылған. Әкесі қайтыс болғасын шешесі Рауанды балалар үйіне әкеліп тастаған. Рауан ол кезде 5 сыныпта оқыған.

- Отбасын саналы түрде құрып, бала-шағама қамқор боламын. Өзім үш балам болғанын армандаймын. Әлі жігітім жоқ, бірақ қалай сақтануды білемін, - дейді Рауан Нарбекова.

Нұртай Қанағат пен Рауан Нарбекова - Алматы қаласындағы 1-балалар үйінің ​тәрбиеленушілері. Оларға отбасын жоспарлау жөніндегі семинар-тренингтерде қауіпсіз секс ережелерін үйретеді.
1-балалар үйінің тәрбиеленушісі Нұртай Қанағат. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл
1-балалар үйінің тәрбиеленушісі Нұртай Қанағат. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл

Алматыдағы 8 және 9-интернат оқушылары да жақында осындай сабақтарға қатысты. «Аман-саулық» ұйымы мұндай семинарларды Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық пен психо-сараптамалық психотерапия қоғамдастығының қолдауымен өткізеді.

«Бота» қорының әлеуметтік қызмет көрсету бағдарламасы бойынша өткізген тендерін «Аман-саулық» ұйымы жеңіп алған. Бұл қорды 2007 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері құрған. Қорға «Қазақгейт» оқиғасын тергеу кезінде табылған 84 миллион АҚШ долларын әлеуметтік мақсаттарға жұмсау жүктелген. Ол қаражат Швейцария банктеріндегі есеп-шоттарда жатқан жерінен «тұтқындалған» еді.

Балалар үйінің тәрбиеленушісі Рауан Нарбекова жасөспірімдерге арналған семинарлар жиі өткізіле бастағанын айтады. Семинарға қоғамдық ұйым өкілдерімен қатар, білім басқармасының қызметкерлері де келеді. Кейде балалар үйінің педагогтары да лекция оқиды. Ал жалпы білім беретін мектептерде мұндай сабақтар өтпейді.

«ӘКЕНІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫН ЕЛЕСТЕТЕ АЛМАЙДЫ»

Алматы қаласындағы 1-балалар үйінің директоры Динара Мұстағұлова Азаттық тілшісіне «Мұндағы балалардың көбі ер адамдардың «әкелік» қамқорлығын елестете алмайды. Өйткені күтуші, тәрбиеші, педагогтардың бәрі - әйелдер» дейді.

1-балалар үйінде 3-18 жас аралығындағы 128 бала тәрбиеленеді. Балалар үйі директорының айтуынша, оларды жыныстық тәрбиеге кішкентай кезінен баулиды.

- Мұнда жүз пайыз отбасылық тәрбие беру мүмкін емес. Сондықтан психолог көп жұмыс істеуі тиіс, - дейді Динара Мұстағұлова Азаттық тілшісіне.

Балалар үйі директорының айтуынша, егер педагогтар тәрбиеленушілердің мінез-құлқынан әлдебір өзгерістерді байқаса, баламен бірден ашық әңгімелеседі. Ал осыдан он жыл бұрын жыныстық қатынас тақырыбы мүлде айтылмайтын.

ОҚШАУЛЫҚ ҚАУІПТІ КҮШЕЙТЕДІ

Психолог-сараптамашы Оксана Гулактың айтуынша, Қазақстан интернаттары мен балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан немесе осындай мекемелерден шыққан
Психоаналитик Оксана Гулак, Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.
Психоаналитик Оксана Гулак, Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.
жасөспірім қыздардың бала тууы, олардың арасындағы жүктілік пен жасанды түсік жасату туралы статистикалық дерек жоқ. Ол - «Аман-саулық» ұйымының балалар үйлеріне арналған тренингтерінің үйлестірушісі.

Оксана Гулак Азаттық тілшісіне «интернат пен балалар үйлері жабық мекеме болғандықтан, тәрбиеленушілер түрлі проблемаларға тап болады» дейді. Оның айтуынша, мұндай мекемелерде балалар қоғамнан тыс өмір сүреді, олардың туыстық қарым-қатынас тәжірибесі жоқ.

Психолог-сарапшының сөзінше, Қазақстан интернаттары мен балалар үйлеріндегі жасөспірімдер отбасын жоспарлау және жыныстық қатынас туралы сұрақтарын мұғалімдерге ашып қоя алмайды. Соның кесірінен қыздар ересек өмірге дайын болмай шығады. Олар өз балаларымен де дұрыс қарым-қатынас орната алмайды.

ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ ЖОҚ

Кейбір педагогтар, психологтар, басқа да әлеуметтік қызметкерлер Қазақстанда жасөспірімдер жалпы жыныстық мәселеде сауатсыз екенін айтады. Мамандардың көбі «Қазақстан жастары жасанды түсік жасатуды жүктіліктен сақтанудың жолы деп қарайды» деген пікір айтады. Алматылық психоаналитик Оксана Гулактың айтуынша, кәмелетке толмаған қыздар арасында жасанды түсік жасатушылар көбейіп барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз материалдарында «Қазақстанда жасөспірімдердің жасына жетпей жүкті болу себебі - дұрыс жыныстық тәрбиенің жоқтығы мен қыздардың жүктіліктен сақтану әдістерін жетік білмеуі» деп көрсетеді.
Отбасын жоспарлау сабақтарын интернаттар мен балалар үйлерінде ғана емес, Алматының барлық білім беру мекемелерінде өткізген жөн.

Алматыдағы 98-орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Гүлмира Мырзатаева отбасын жоспарлау сабақтарын интернаттар мен балалар үйлерінде ғана емес, Алматының барлық білім беру мекемелерінде өткізген жөн дейді. Алматылық ұстаздардың айтуынша, жоғары сынып оқушыларына мұндай тәрбие беретін арнайы курс, тіпті арнайы пән енгізер кез келді.

- Жасөспірімдердің көпшілігі ерте жастан жүкті болудың қауіпті екенінен хабарсыз. Сақтану жолдарын білмейді, - дейді Гүлмира Мырзатаева.

Педагогтың пікірінше, ата-аналар мен мұғалімдер бұл тақырыпта балалармен сөйлеспейді, тиісті сабақ өткізбегендіктен, тастанды балалар да көп.

Сексолог Назира Аймағамбетова жасанды түсіктен сақтандыру үшін, дені сау бала тууы үшін мұндай тренингтерді жиі өткізген дұрыс дейді. Тренингтерді кейбір азаматтық белсінділер де өткізеді. Бірақ олар бұл шараны анда-санда, грант алған кездерінде ғана ұйымдастыра алады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG