Accessibility links

RWB: Сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 160-орында тұр


Оппозициялық БАҚ журналистерінің акциясы. (Көрнекі сурет)

Оппозициялық БАҚ журналистерінің акциясы. (Көрнекі сурет)

Сөз еркіндігін қорғайтын «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы әлемдегі сөз бостандығының 2016 жылғы ахуалына арналған есебін жариялады. Ұйым есебінде Қазақстанда БАҚ еркіндігі «нашарлай түскені» жазылған.

«Шекарасыз тілшілер» (Reporters without borders - RWB) ұйымының мәлімдеуінше, «тәуелсіз басылымдарға діни идеология мен пропаганда тарапынан қауіп төну оқиғалары көбейген» және «әлемде олигархтар бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ) сатып алуы жиілеткен».

Қазақстан рейтингтегі 180 елдің ішінде 160-орында тұр. Бұл ел үш жыл қатарынан 160-орыннан қозғалған жоқ. Алайда RWB бағалауынша, елдегі «экономикалық дағдарыстан кейін сөз бостандығына қысым күшейе түскен».

RWB «Қазақстандағы БАҚ-ты қуғындау әлі күшті» деп жазады. Есепте «Қазақстандық БАҚ-та «Нұрсұлтан Назарбаев - ұлт көшбасшысы» деген идея мен Назарбаевты насихаттауға тым басымдық берілген. 2013 жылдан бері елдегі негізгі оппозициялық басылымдарға тыйым салынды және жаңадан ашылған тәуелсіз ақпарат құралы бірнеше ай ішінде міндетті түрде жабылып тынады. Сот орындары тәуелсіз журналистерді тұрақты түрде қудалап келеді және интернетті билік қатаң бақылап отыр. Кейінгі заңдар бойынша шенеуніктер телекоммуникациялық желілерді жауып тастай алады және керек деп тапқан жағдайда алдын ала цензура орнатады» деп жазылған.

Тәжікстан былтырмен салыстырғанда 34 саты төмендеп, 150-орынға түскен. RWB ұйымы есебінде «Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон терроризммен күресті күшейту желеуімен елдегі өзгеше ойлайтындардың барлығына қысым жасай бастады» деп жазылған.

Рейтингте Польша 18-орыннан 47-орынға түскен. Ұйым Польшада жаңа қабылданған БАҚ туралы заң елдегі сөз бостандығын шектейтінін айтады. Польшадағы жаңа заң бойынша, елдегі «қоғамдық» БАҚ мәртебесі «ұлттық» деп өзгертіліп, олардың басшыларын мемлекет тағайындайтын болды.

Ұйым есебінде «биыл Түркия және Египетте сөз бостандығы нашарлап кеткені, керісінше Украина (129-орыннан 107-орынға көтерілген), Иранда (173-орыннан 169-орынға шыққан) баспасөзге еркіндік көбірек беріле бастағаны» жазылған.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының биылғы рейтингінде АҚШ 49-орыннан 41-орынға, Ресей 152-орыннан 148-орынға көтерілген. Сөз бостандығы жағынан үздік ондыққа Финляндия, Нидерланд, Норвегия, Дания, Жаңа Зеландия, Коста-Рика, Швейцария, Швеция, Ирландия, Ямайка енген.

Ал «сөз бостандығы нашар» елдер ретінде рейтингтің соңғы орнында Вьетнам, Судан, Қытай, Сирия, Түркменстан, Солтүстік Корея, Эритрея тұр.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG