Accessibility links

Тұрақты бағамен тауар сататын дүкен аз


Көкөніс сатып тұрған әйел. Алматы, 7 наурыз 2014 жыл.
Көкөніс сатып тұрған әйел. Алматы, 7 наурыз 2014 жыл.

Жергілікті өнімдер сататын мамандандырылған дүкендер ашу арқылы орта бизнесті қолдау идеясы айтылды. Бірақ кейбір кәсіпкерлер мен тұтынушылар бұл бастама іске асатынына сенбейді.

Жуырда Астана қаласында өткен үкімет отырысында ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева жергілікті тауар өндірушілер үшін мамандандырылған дүкендер ашуды ұсынды. Оның айтуынша, елде «халыққа қажетті тауарлар өндіретін шағын және орта бизнес түрлері көп».

Алматыдағы дүкен. 7 наурыз 2014 жыл.
Алматыдағы дүкен. 7 наурыз 2014 жыл.
Гүлнәр Құрбанбаева соңғы экономикалық және қаржылық қиындықтарды ескере отырып, бағасы белгіленген, мамандандырылған дүкендер арқылы кәсіпкерлердің нарыққа шығуына үлкен қолдау көрсетуге болады деп есептейді.

- Жұмыс циклінің соңғы сатысы тауарды сату екенін ескере отырып, өндірушілерге өз дүкендерін ашуға көмектесуді ұсынамын. Мысалы, тауарын делдал арқылы сататын өндіруші әрі ресурсын жоғалтады, әрі тауарын тиімді сата алмайды. Егер өнім шығарудан бастап сатуға дейінгі бүкіл қызмет түрін өзі атқарса, кәсіпкердің табатын пайдасы да қомақтырақ болады. Яғни станоктан сатушыға дейінгі бүкіл процесті өзі жүргізуі тиіс, - дейді Гүлнәр Құрбанбаева Азаттық тілшісіне.

Арнайы сауда нүктелерін ашу туралы бастамалар бұрын да болған. Алматы қаласында бірер жыл бұрын тауарды белгіленген бағамен сататын «Ардагер» дүкені жұмыс істеген, бірақ кейін жабылып қалды.

АРЗАН АЗЫҚ-ТҮЛІК

Азаттық тілшісі тауарды белгіленген бағамен сататын дүкен іздеп Алматы қаласын үш күн аралады. Дүкендердің көбіндегі баға интернетте жарияланған жарнамаға сәйкес келмейді. «Тауар бағасы арзандатылған» дүкендерде көтерме саудагерлерге ғана жеңілдік жасалады. Қалада әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бірінің бірен-саран сауда орындары ғана бар болып шықты. Мұндағы бағалар шынымен де нарықтағы бағадан шамамен 35 пайызға арзан екен.

Осындай сауда павильондарының бірінің жанынан Азаттық тілшісі жолықтырған Владимир Кузнецов есімді тұрғын тауардың бағасына да, сапасына да көңілі толатынын айтады.

Алматы тұрғыны Владимир Кузнецов. 7 наурыз 2014 жыл.
Алматы тұрғыны Владимир Кузнецов. 7 наурыз 2014 жыл.
- Үйлердің ауласында орналасқан мұндай шатырлар өте ыңғайлы. Мысалы, базарда картоптың бір килограмы 120 теңге, қант 240 теңге тұрса, мұнда картопты 75 теңгеден, ал қантты 160 теңгеден алып жүрмін. Тек кейін жауып тастамаса болғаны. Тауарды белгіленген бағамен сататын дүкендер бұрын да болған, бірақ олар ұзаққа бармай жабылып қалды, - дейді Владимир Кузнецов Азаттық тілшісіне.

Сауда орындарының қожайыны - корпорация баспасөз хатшысы Айдар Қырықбаевтың айтуынша, теңге девальвациясынан кейін де баға бұрынғы қалпында қалған. Мұнда негізінен халық көп тұтынатын ұн, қант, картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз және өсімдік майы сияқты азық-түлік түрлері сатылады. Корпорацияны қала әкімдігі мен ауыл шаруашылық министрлігі қаржыландырады.

- Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы жеке кәсіпкерлерден сатып алып, Алматы қаласында арзан бағамен сатамыз. Тауарымыз сапалы әрі арзан, - дейді Айдар Қырықбаев Азаттық тілшісіне.

19 ШАТЫР МЕН 25 ПАВИЛЬОН

Алматы қаласында корпорацияның 25 павильоны, 19 палаткасы жұмыс істейді. Егер сатушылар бағаны қымбаттатып жіберсе, сауда орындарында ілінген хабарландыруда көрсетілген телефон нөмірлері бойынша қоңырау соғып, шағымдануға болады. Тауар бағасын қоғамдық ұйым өкілдері мен әкімдік қызметкерлерінен тұратын арнайы комиссия белгілейді. Корпорация дүкендерінде жергілікті өнімдер де сатылатынына қарамастан, Айдар Қырықбаев қазақстандық тауар ғана сататын арнайы дүкендер ашу идеясының іске асатынына сенбейді.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілі Айдар Қырықбаев. Алматы, 7 наурыз, 2014 жыл.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілі Айдар Қырықбаев. Алматы, 7 наурыз, 2014 жыл.
- Елде бәсекеге қабілетті өндірушілер көп болғандықтан, Құрбанбаева ханымның ұсынысы іске асады деп ойламаймын. Ірі супермаркеттер мен корпорациялар мұндай дүкендердің дамуына жол бермейді. Ал арнайы дүкен ашу үшін мемлекеттен қаражат алудың қажеті жоқ, әрі ол тиімсіз, - дейді ол.

Бірақ ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық тауар ғана сататын дүкендер бәсекеге қабілетті болады деп есептейді. Палата басшылары бұрынғы арзан дүкендер кезінде жіберілген ұзақ мерзімді келісім-шарттарға мән бермеу, өнімнің өзіндік құнын ескермеу сияқты қателіктер үкіметтің «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ескеріледі деп мәлімдейді.

Үкімет теңгенің күрт құнсыздануына байланысты әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының 2014 жылға арналған кесімді бағасын белгілеуді жоспарлап отыр.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG