Accessibility links

Семейде мүгедектер арбасын тегін жөндейтін цех ашылды


Мүгедектер арбасын жөндейтін цехтың шебері Қайролла Сәбитов. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл.
Мүгедектер арбасын жөндейтін цехтың шебері Қайролла Сәбитов. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл.

Семейде «Бота» қорының қолдауымен мүгедек жандардың арбаларын тегін жөндеп, үйіне жеткізіп беретін жоба іске қосылды.

Семей аймақтық мүгедектер қоғамының төрағасы Ерлан Қабділдиновтің айтуынша, «Арбасы сынып қалған адам шеберханаға телефон соғып, оны жөндетуге тапсырыс береді. Шеберлер үйге келіп, арбаны алып кетіп, жөндеп, кері қайтарады».

ЖАҢА ДОҢҒАЛАҚ

Владимир Попов бұрын жүріп-тұратын арбасының ақауын жөндету үшін шарқ ұрып шебер іздеп, оған жалынып, жөнделгенін ұзақ күтіп, көп машақаттанғанын айтады.

Мүгедектердің арбасын жөндейтін цехтың ашылғанын Владимир өз таныстарынан естіпті. Олардан алған телефон нөмір бойынша шеберханаға қоңырау шалып, өзінің мекенжайын хабарлап, арбасының доңғалақтары мүлде жарамсыз болып қалғанын айтыпты. «Қалада мүгедек жандарға арнайы жабдықталған пандустар, жолдар мен лифтілер жоқтың қасы» дейді Владмир Попов.

– Шебер үйге көлігімен келіп, арбамды алып кетті. Бір аптадан соң оны кері алып келгенде өз көзіме өзім сенбедім: арбамның қисайып қалған ескі доңғалақтарын су жаңа доңғалақтарға ауыстырыпты. Мұндайды мүлде күтпеген едім. Оның үстіне, тегін жөндеп берді. Әлгі жігіттерге айтар алғысым шексіз. Құдай тілеуін берсін, – дейді Владмир Попов Азаттық тілшісіне.

ӘРІ ДӘНЕКЕРЛЕУШІ, ӘРІ ТІГІНШІ

Жөндеу шеберханасы кең әрі жылы бөлмеде орналасқан. Қабырғаларды жағалай жап-жаңа арнайы станоктар қойылыпты.

Қайролла Сәбитов. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл.
Қайролла Сәбитов. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл.
Қайролла Сәбитов деген шебер мұнда жалғыз өзі істейді. Оның айтуынша, өзі әрі дәнекерлеуші, әрі вулканизатор, әрі ұстаның міндетін атқарады.

– Міне, мынау – токарь станогы, ал мынау – фрезер станогы. Мына тұрған жартылай автоматты дәнекерлеу аппаратымен арба жасауда пайдаланылатын дюраль деп аталатын материалдан арбаның бөлшектерін жасауға болады. Ал мына тігін машинасын, қажет болып жатса, үйреніп аламын ғой, – деген Қайролла Сәбитов құрал-жабдықтарын көрсетті.

Тапсырыс берген клиенттердің тізімі мен мекенжайы жазылған блокнотта орындалған 20-дан аса тапсырыс тіркелген.

Қайролланың мамандығы – көлік жүргізуші. Айтуынша, басқа кәсіп түрлерін Шар ауданындағы Шалабай ауылында жұмыс істеген кезде меңгеріпті.

– Кемтар жандар арбасы жөнделгенше жүріп-тұру мүмкіндігінен айрылып қалмас үшін оларға қолымыздағы жарамды арбаны уақытша пайдалануға береміз, – дейді ұста жігіт.

Шебердің айтуынша, станоктар мен құрал-саймандарды сатып алуға ақшаны «Бота» республикалық қоғамдық қоры бөліпті.

Мүгедектер арбасын жөндейтін цех. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл.
Мүгедектер арбасын жөндейтін цех. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл.
Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері Дүниежүзілік банктің қолдауымен бұрын Швейцария банктеріндегі шоттарда жатқан 84 миллион долларды игеру үшін 2007 жылы «Бота» қорын құрған. Қазақстандық оппозициялық БАҚ бұл ақшаның «Қазақгейт» деген атышулы іс жария болғанда табылғаны туралы бұрынырақта талай жазған болатын.

Аймақтық мүгедектер қоғамының дерегі бойынша, қазір Семей қаласында арбамен жүретін 600 мүгедек бар. Мүгедектер арбасы орташа есеппен жеті-сегіз жылға жарайды. Бағасы 50-60 мың теңге (330-400 долларға жуық) жаңа арба сатып алуға мүгедек жандардың бәрінің бірдей шамасы жете бермейді. Бұрын арбаны жөндету қымбатқа түсетін әрі оны жөндейтін шебер табу да қиын болатын.

Қазақстанда әзірше мұндай жалғыз тегін шеберхана – Семейде ғана.
XS
SM
MD
LG