Accessibility links

Талдықорғанда «терроризм» ісі бойынша ашық сот жүріп жатыр


Талдықорған қалалаық прокуратурасының ғимараты. Көрнекі сурет

Талдықорған қалалаық прокуратурасының ғимараты. Көрнекі сурет

Талдықорған қалалық сотында терроризм ісі бойынша айыпталған үш азаматқа қатысты сот процесі өтіп жатыр. Осыған дейін екі отырысы өткен бұл сот тамыздың 1-і жалғасады деген ақпарат бар.

Үш адамның үстінен жүріп жатқан бұл процесс Талдықорған қалалық сотында өтіп жатыр. Ашық жүретін сотта тағылған айып - "терроризм".

АШЫҚ СОТ


Сотталып жатқан Нұрболат Құсайынов, Ерқуат Нұрғабылов және Жандос Желдібаевтарға үш баппен айып тағылған. Олар: Қазақстанның қылмыстық кодексіндегі 233-бап - «терроризмді насихаттады», 164-бап - «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру» және 233-баптың 4-тармағы - «Террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе дайындау не қаруландыру». Айыпталушы Нұрболат Құсайынов пен Ерқуат Нұрғабыловтың адвокаты Аманбай Баймағамбетов:
Талдықорған қалалық сотының судьясы үкім оқып тұр. Көрнекі сурет

Талдықорған қалалық сотының судьясы үкім оқып тұр. Көрнекі сурет


- Аталған айыптар бойынша оларға жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған, - деді.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, «сот ашық өтіп жатыр, алайда екі жақтан өзге ешкім қатыспай келеді».

ЖИҺАД

Адвокат Аманбай Баймағамбетовтың айтуына қарағанда, сотталушыларға «жиһад» сөзін айтқаны үшін айып тағылған. Азаттыққа түсініктеме берген адвокат:

- Қорғауымдағы азаматтарға «Сіздер азаматтардың діни көзқарасына байланысты әңгіме айттыңыздар, адамдар арасында араздық туғыздыңыздар» дейді. Сонымен қатар, «терроризмді насихаттадыңыздар» дейді. Бұл үш жігіт - намазхандар. Екеуінің жас балалары бар, әке-шешелерімен бірге тұрады, бұрын-соңды істі болмаған. Оларға «өзара әңгімелеріңізде жиһад жөнінде айттыңыздар» дейді. Алайда біз сөйлескен имамдар «жиһад» сөзінің мағынасы мүлдем басқа, «жиһад» деген терминді терроризмге балама қылуға болмайды» дейді. Қылмыстық істе политологиялық және теологиялық сараптама қортындысы бар. Онда «айыпталушылар айтқан «жиһад» сөзін террорризм деп есептеуге болады» деп жазылған, - деді.
Біз сөйлескен имамдар «жиһад» сөзін терроризмге балама қылуға болмайды.


Шілденің 31-і күні адвокат Аманбай Баймағамбетов келесі отырыста «жиһад» сөзін діни тұрғыда тәпсірлеп беретін дін өкілін немесе теолог маманды шақыртуға өтініш» жасайтынын айтты.

ҚАРА ФЛЕШКА

Айыпталып отырғандардың бірі 27 жасар Нұрболат Құсайынов 2012 жылы наурыздың 2-сі күні қамауға алынған. 2011 жылдың күзінде үйленген жігіттің әйелі Гүлвира Даниярованың қазір аяғы ауыр. Азаттық тілшісімен шілденің 31-і күні сөйлескен Құсайыновтың әйелі Гүлвира Даниярова:

- Нұрболат пен қазір қамауда отырған екі жігіт сол күні жұма намазына кеткен. Үйлерінен шығаберісте үшеуін де ұстап алған екен. Біраз уақыттан кейін бізге 15 шақты адам келді, арасында маска кигендер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Үйде тек әйелдер ғана болғанбыз: мен, енем, келініміз, бала-шаға. Біз қатты қорқып кеттік. Мен «Рұқсаттарың бар ма?» деп едім, «Бар» деп бір қағаздарды көрсетті, алайда тінту қандай негізде жүргізіліп жатқанын оқи алмадым, - деді.

Оның сөзіне қарағанда, құқық қорғау қызметкерлері үйден «өздеріне керегін алып кеткен».
Абыр-сабырда біреуі диванның астынан қара флешка тауып алды. Бізде ондай жоқ еді.


- Олар компьютерді, бірнеше дискі мен кітапты алып кетті. Сосын абыр-сабырда біреуі диванды көтеріп астынан қара флешка тауып алды. Ол кімдікі екенін мен білмеймін, бізде ондай жоқ-тын. Ішінде не бар екенін де білмеймін. Әйтеуір сол қара флешканы менің өзімнің жеке флешкаларыммен бірге алып кетті. Кейін тергеу аяқталған соң кітапты дискілерді қайтарды да флешкалар мен компьютерді алып қалды, - деді сұхбаттасымыз.

ЖАЗЫҚСЫЗ

Гүлвира күйеуі Нұрболатпен бірнеше рет кездескен. Күйеуі ешқандай айыбы жоқ екенін айтқан.

- Нұрболат мешітте өзіне екі азамат «Жиһадтың түрлері қандай?», «Кавказдағы жағдай қалай?» деген сұрақтар қойғанын, сол туралы әңгімелескісі келгенін айтты. Бұл - арандатушылық. Күйеуім жиһад туралы айтқанын мойындайды, бірақ ол ешнәрсе жасаған жоқ қой. Енді мешітке барып, сақал қойған кез келген адамды жазықсыздан-жазықсыз қамай беру керек пе? - дейді сұхбаттасымыз.

Гүлвира «намаз оқитын адамдар қылмысқа барады дегенге сенбейтінін» айтты.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG