Accessibility links

«Терроризмнен» бастауыш сыныптарды да сақтандырып жатыр


Мектеп оқушылары. Алматы, 1 қыркүйек 2013 жыл.
Мектеп оқушылары. Алматы, 1 қыркүйек 2013 жыл.

Мектепте терроризм мен экстремизм жайлы сынып сағаттары өте бастады. Бірақ бұл бастаманы қолдамайтын ата-аналар да бар.

Алматы қаласының тұрғыны Жанна Әбілдаева (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) 145-мектептің бастауыш сыныбында оқитын баласына мұғалімі «Экстремизм мен терроризм» тақырыбына қатысты үй тапсырмасын бергенін айтады.

– Бала оны түсінбейді. Сол себепті бес сөйлеммен кішігірім түсініктеме жазып бердім. Жазғанымды екінші сыныпта оқитын балам жаттап алды. Қаншалықты түсінгенін қайдам. Енді соны апайына көрсетіп, баға қояды. Экстремизмді балаға қалай түсіндіруге болады? – дейді ол.

Ол «бір сабақпен түсіндіре салуға келмейтін мұндай ауыр тақырыптарды» бастауыш сынып оқушыларына айтуға қарсы.

Бірақ ол мектепте баласы оқитын адамдардың енді бірі Айтолған Әбуева «оқушыларға экстремизм мен терроризм туралы айту дұрыс» деп біледі.

– Бала білуі керек. Қауіпсіздік жағынан керек. Бұрын мұндай нәрсені білмейтін де едік. Қазір экстремизм, терроризм көбейіп кетті ғой. Кеше ғана Сирияға «жиһад жасаймын» деп өз-өзін өлімге тігіп, балаларына дейін алып кеткенін көрсетіп жатыр, – дейді ол.

«БАЛАҒА ЖАСЫНА ЛАЙЫҚТАП ТҮСІНДІРЕМІЗ»

Биыл Алматы қаласының бірқатар мектептерінде тоқсан сайын бір рет экстремизм мен терроризм тақырыбы бойынша барлық сыныптарда сынып сағаты жоспарланған.

145-орта мектеп. Алматы, 22 қазан 2013 жыл.
145-орта мектеп. Алматы, 22 қазан 2013 жыл.
145-мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі Нұрайса Ысқаққызы:

– Барлық сыныптарда терроризм мен экстремизмнің алдын-алуға қатысты сынып сағаттары өтті. Бірақ мұнда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескереміз, – дейді.

Екінші сыныпқа терроризм тақырыбы бойынша сынып сағатын өткізген аты-жөнін айтқысы келмеген мұғалімнің сөзінше, «оқушылар әуелі сынып сағатының тақырыбын естіген кезде қорқып кеткен».

– Балаларға «терроризм» ұғымын олардың ойлау деңгейіне сәйкес түсіндіреміз. Жалғыз машинаға отырмауды, біреудің «кәмпит, не шоколад беремін» деуіне алданбауды, террористердің қауіпті екенін түсіндіреміз. Олардың барлық нәрсеге баратынын айтамыз. Терроризмге қатысты болған соттарды да айттық. Мысалы, жақында Хайыровтың (Іле Алатау ұлттық паркіндегі адам өлімі үшін айыпталған адам – ред.) соты болып жатқанын айттық. Бір күдікті әлі ұсталған жоқ. Осының бәрін айтып түсіндірдік, – дейді мұғалім.

Мұғалімнің ойынша, «мұндай сынып сағаттары керек екенін қоғамның өзі талап етіп отыр». Ол кейде алдын-ала дайындық мақсатында бұл тақырып бойынша оқушыларға өте жеңіл үй тапсырмаларын беретінін айтады.

– Меніңше, ерте емес сияқты. Мұны әрбір оқушы білуі тиіс. Мысалы, олар жолда жүреді. Кейде ата-аналар кешігіп қалуы мүмкін. Жарты жолға дейін жалғыз баруы мүмкін. Мектеп жанындағы базарға соға кетуі мүмкін. Сондай жерлерде балаға қауіпсіздік ережелерін білген дұрыс, – дейді мұғалім.

«ТЕРРОРИЗМ – ХАЛЫҚТЫҢ БАСШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЫҒУЫ»

Азаттық тілшісі сабақтан қайтып бара жатқан бастауыш сынып оқушыларымен сөйлесіп, бүгінгі сынып сағатынан не түсінгендерін сұрап көрді.

– Терроризм – насыбай, есірткіден аулақ болу. Ал экстремизмді түсінбедім, – деді екінші сынып оқушысы.

Жантемір есімді екінші сынып оқушысы террористер мен экстремистерді «жаман адамдар, олар адамдарды өлтіреді» деп сипаттайды.

Бастауыш сынып оқушылары. Қазақстан, 3 сәуір 2013 жыл.
Бастауыш сынып оқушылары. Қазақстан, 3 сәуір 2013 жыл.
– Ешкімді де аямайды. Әртүрлі жерлерге бомба қойып, жарып жібереді. Жалғыз жүруге болмайды. Олар сені алып кетуі мүмкін. Ата-аналардың ақшасын сұрап, өзіңді өлтіріп тастауы мүмкін, – деді Жантемір.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен кейбір жоғары сынып оқушылары арнайы сабақтан саяси қорытынды жасаған болып шықты.

– Террорист деп халықтың басшылыққа қарсы шығуын атаймыз. Ал экстремист – елді құртуды көздейтіндер. Елдің ішінен шығып, елдің экономикасын, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын ыдыратуды көздейді, – деп жамырай жауап берді олар.

«Ұрпақ тағдыры – білім» қоғамдық қозғалысының жетекшісі, педагогика саласында ұзақ жылдық еңбек тәжірибесі бар белсенді Ерсайын Ерғожаның пікірінше, «экстремизм мен терроризм тақырыбы – жоғары сыныпта ғана оқытылуы тиіс, балалар үшін өте ауыр тақырып.

– Негізі қазір мектептегі программамыз баланың жасына сай емес. Оның себебі кезінде «алты жасар бала бір минуттың ішінде неше сөзді игере алады» деген сияқты мәселелерді зерттеумен шұғылданатын бұрынғы педагогикалық ғылыми-зерттеу институттары түгел жабылды, – дейді ол.

Алматы қалалық білім департаментінен бұл сынып сағатына қатысты толық мәлімет ала алмадық. Бірақ қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз «қазір барлық мектептерде бірінші сыныптан бастап терроризм мен экстремизмнің алдын-алу жұмыстары жүретінін» растады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG