Accessibility links

Қазақстандағы мемлекеттік органдар «ең жемқор сала» ретінде айтылды


Transparency International ұйымының жемқорлық жайлы рейтингісінің әлем картасы арқылы сипатталуы.
Transparency International ұйымының жемқорлық жайлы рейтингісінің әлем картасы арқылы сипатталуы.

Transparency International ұйымының жемқорлық жайлы рейтингісіндегі Қазақстанның орны өткен жылғыдан да нашар. Ұйым өкілі «елдегі шенеуніктердің жартысынан астамы пара алатынын» айтады.

Әлемнің 177 еліндегі жемқорлық жағдайын саралаған халықаралық Transparency International ұйымы 3 желтоқсан күні 2013 жылға арналған есебін жариялады.

Қоғамда коррупцияның қаншалықты жайылғаны бойынша түзілген бұл тізім коррупция кездеспейтін немесе оның деңгейі аз елдерден басталып, коррупцияға батқан елдермен аяқталады. 2012 жылы бұл тізімде 133-орында иеленген Қазақстан биыл төмендеп, 140-орында тұр.

Transparency Kazakhstan ұйымы директорының орынбасары Қуат Рысқұлов Азаттыққа берген сұхбатында елдегі жемқорлық жағдайын сипаттады.

Азаттық: - Transparency International ұйымының дерегінше, биыл Қазақстанда жемқорлық 2012 жылмен салыстырғанда өршіп кеткен. Ұйым әлем елдеріндегі жемқорлық жағдайын қалай анықтайды?

Қуат Рысқұлов: - Ұйым сарапшылары мемлекеттік есептерге жүгінеді, мемлекеттің жалпы саясатына қарайды. Сарапшылар Әлемдік экономикалық
Transparency Kazakhstan ұйымы директорының орынбасары Қуат Рысқұлов.
Transparency Kazakhstan ұйымы директорының орынбасары Қуат Рысқұлов.
форум, Freedom House, The Economist Intelligence Unit және тағы да басқа ұйымдардың деректерін қолданады. Бұған қоса сауалнамалар жүргізіледі. Барлық деректерге сүйене отырып балдық жүйе бойынша рейтинг түзеді. Қазақстанның мемлекеттік секторының есеп беру мәселесінде жабықтығы, мемлекеттік институттардың тиімсіз жұмыс істеуі жемқорлыққа қатысты индекске де кері әсер етеді.

Азаттық: - Ұйымның есебінше, Қазақстанда жемқорлық қандай салаларда жайылған?

Қуат Рысқұлов: - Бұл - мемлекеттік құрылым, әкімдер, әкімнің орынбасарлары. «Мемлекеттік шенеуніктердің жартысынан астамы пара алады» деген дерек бар. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда жемқорлықтың «мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсау» деген негізгі түрі танымал.

Қаржы полициясының дерегінше, жемқорлықтың 78 пайызы мемлекеттік сатып алу саласында кездеседі. Бірақ бұл мұнымен шектелмейді. Жемқорлық кез-келген салада бар.

Елде жүргізілген әлеуметтік зерттеу бойынша, Қазақстан азаматтарының үштен бірі пара алғанын мойындаған. Transparency International ұйымының әлемдік
Теңге. (Көрнекі сурет)
Теңге. (Көрнекі сурет)
жемқорлық барометрі (Global Corruption Barometer) бойынша, азаматтар көбіне параны полицияға берген. «Неге пара бердіңіз?» деген сұраққа 19 пайызы – «бұл мемлекет қызметін пайдаланудың жалғыз жолы» десе, 33 пайызы – «істі тезірек бітіру үшін», 8 пайызы – «арзандату үшін», 39 пайызы «алғыс ретінде» бергенін айтады.

Қазақстан үшін көлеңкелі экономика да - ірі мәселе. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан 123 миллиард доллардан астам қаржы шетелге кеткен. Қаржы полициясының зерттеуінше, 1994-2013 жылдары жемқорлық салдарынан мемлекетке 7,5 миллиард доллар көлемінде зиян келген.

Азаттық: - Қазақстанда жемқорлықтың өршуіне қандай факторлар әсер етеді?

Қуат Рысқұлов: - Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан басшылары бір жағынан экономиканы дамытатын шаралар қолданып, инвестиция тартып жатса, екінші жағынан өршіген жемқорлық елдегі бизнеспен айналысуға бөгет болып отыр. Әлемдік экономикалық форумның сарапшылары «бизнеспен айналысуға бірінші кезекте біліксіз жұмыс күші кедергі жасаса, екіншіден дәл осы жемқорлық бөгет болып отыр» деп есептейді.

Азаттық: - Қазақстан билігінің жемқорлықпен күресі қай деңгейде?

Қуат Рысқұлов: - Жемқорлық фактілерін зерттеу мен оны жазалау мәселесі сол күйінше қалып отыр. Бұған қоса, зерттеу бойынша, Қазақстандағы жемқорлықтың өршуіне үкіметке сенімнің жоқтығы, құқықтық сауат төмендігі, құқықтық жүйеде тиімді амалдардың қолданылмауы сияқты факторлар әсер етіп отыр. Сол себепті Transparency International ұйымы мемлекеттік органдарды ашық әрі толық есеп беруге шақырады. Оған қоса мемлекет қаражаты қалай жұмсалып жатқаны жайлы ақпаратты жария ету механизмдерін жетілдіру керек. Бұл мемлекеттік келісім-шарттар мен сатып алу жүйесін қоғамның бақылауына септігін тигізеді. Мемлекеттік институттар өздерінің қызметтері жайлы неғұрлым көбірек ақпарат беруі тиіс. Шенеуніктер де қабылданған шешімдерді жария ете бастауы қажет.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG