Accessibility links

Мүгедек оқушылар пәтерде қамалғысы келмейді


Ағайынды Ажар мен Азамат Аязбаевтар.

Ағайынды Ажар мен Азамат Аязбаевтар.

Қазақстанда алғашқы қоңырау соғылып, мектептерде салтанатты жиындар өтті. Бірақ елде ауыр дертке шалдығып, мектепке бара алмайтын балалар көп. Үйден оқитын олар төрт қабырғаға қамалғысы келмейді.

Алматыда тұратын Аязбаевтар отбасының екі баласы бар. Мүгедек балалар мектепке бармайды, сабақты үйден оқиды. Әкесі жұмыста, мектепті бітіретін жастан баяғыда асып кеткен балаларының күтімі анасының мойнында. Өмірдегі әр қадамы күшпен келетін Азамат пен Ажар жақсы мамандық алу үшін тырысып жүр.

«СИРЕК БОЛСА ДА МҰҒАЛІМ ҮЙГЕ КЕЛІП ОҚЫТАДЫ»

Әпкелі-інілі Азамат пен Ажар іштен мүгедек болып тумаған. Қазір екеуінің жасы 18 және 20-да, бірақ сабақты әлі орта мектеп бағдарламасы бойынша оқиды. Арқа бұлшық етінің семуі (Гоффман атрофиясы) деген ауыр диагноз оларға екі жасында қойылған. Диагнозы бір болғанымен, екеуінің ауыру деңгейі екі түрлі. Олардың анасы Балжан «менің де, әкелерінің де тұқымында мұндай диагнозбен ауырған ешкім болмаған еді» дейді.

- Аяғым ауыр кезінде екеуі де жамбаспен келіп, қатты қиналдым. Екеуін де мерзімінен ерте, 36-37-аптада босандым. Босанған кезде дәрігерлер қызымның мойнын зақымдап алып, тоғыз айлығына дейін мойнын ұстай алмады, - дейді Балжан Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, балалардың дертке шалдыққаны жүктілік кезінде білінбеген. Қызы екі жасында нейроинфекцияның ауыр түрімен ауырып, реанимацияға түскен. Ал ұлының бұлшық еттері үш жасында семіп қалған. Бесінші сыныпқа дейін мектепке барып оқыған Ажар, мектеп әжетханасында құлап жарақат алғаннан кейін жүре алмай қалған. Азамат 11 жасқа дейін өзі жүрген. Өкше сіңірін үзіп алып, жарақаттанғанан кейін ол да жүруден қалған. Екеуінің де бұлшық еттері әлсіз.

Әке-шешесі Ажарды арнайы мектепке бермеген. Қазір Алматы қаласындағы жалпы білім беретін №9 кешкі мектеп есебінде тұратын 20 жастағы бойжеткен сабақты үйден оқиды. Анасы тапсырмаларды мектепке өзі барып әкеліп, Ажар орындаған соң қайта апарып өткізеді. Тоқсанына бір рет мұғалімдер келіп, баға қорытады. 18 жастағы Азаматты №2 интернат мұғалімдері аптасына екі рет келіп оқытады.

Балаларым кәдімгі мектепке барып оқи алмайды. Барып-келуі қиын әрі сыныптастары шеттетіп, орталарына қоспайды.

- Барлық пәннен екі-ақ мұғалім келіп оқытады. Бірі гуманитарлық пәндерді, екіншісі жаратылыс тану пәндерін оқытады. Үш жыл бұрын қашықтан оқыту бағдарламасы бойынша оқытпақ болып, келісім-шартқа отырып, үйге компьютер әкеліп орнаттық. Компьютер дұрыс жұмыс істемей, балаларым жарытып сабақ оқи алмады. 800 мың теңгенің затының жауапкершілігінен қорқып компьютерді қайтарып бердім. Қазақстанда жар салғанымен, ештеңе істелмейді. Балаларым кәдімгі мектепке барып оқи алмайды. Барып-келуі қиын әрі сыныптастары шеттетіп, орталарына қоспайды. Кейбір балалар тым қатыгез ғой, - дейді Балжан.

Мүгедек балалардың анасының айтуынша, әкімдік Азаматқа ғана әлеуметтік қызметкер бөлген. Ол келіп далаға шығарып, серуендетуге, жуындыруға, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі.

Мүгедек балалардың анасы құзырлы мекемелерді жағалағысы келмейді. Оның айтуынша, туыстары араласпай қойған, мемлекеттен де көп қайыр күтпейді. Балалардың бірін емдетуге 100 мың еуро керек, бірақ ешкім құлан-таза сауығып кетеді деп кепілдік бермейді. Ал операция жасатуға қыруар ақша керек. «Жасатсақ, екеуіне бірдей операция жасату керек. Жалғыз әкесі жұмыс істейтін отбасында ондай ақша қайдан болсын» дейді Балжан. Отағасы Жеңіс Аязбаев құрылыс компаниясында жұмыс істейді.

Отбасындағы мүгедек балалардың әрқайсысына мемлекет төлейтін 40 мың теңге жәрдемақы дәрі-дәрмекке де жетпейді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМНІҢ ЖЕТІ КАТЕГОРИЯСЫ

Қоғамда Азамат пен Ажар сияқты жас қыз-жігіттердің проблемасы мен тыныс-тіршілігі көбінесе ескерусіз қалады. Елдің іскерлік астанасының орталығы - Алматының ең үлкен Бостандық ауданында мүмкіндігі шектеулі 526 бала тұрады. Оның 180-іне қызмет үйде көрсетіледі.

Бостандық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің №2 мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Құдайбергенованың айтуынша, әлеуметтік қызметкерлер төсек тартып жатқан науқас балаларға ғана бөлінеді.

- Стандартқа сәйкес, бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік қызметкердің көмегін алуға құқығы бар. Мемлекеттік стандарт көлемінде тұрмыстық-әлеуметтік, медициналық, психологиялық, экологиялық, заңдық, педагогикалық, мәдени көмек сияқты жеті түрлі қызмет көрсетіледі. Аудандағы ең үлкен проблеманың бірі – мүгедек жандарды оңалту орталығы жоқ, логопед, психолог сияқты мамандар тапшы, - дейді Бақыт Құдайбергенова Азаттық тілшісіне.

Аудандағы ең үлкен проблеманың бірі – мүгедек жандарды оңалту орталығы жоқ, логопед, психолог сияқты мамандар тапшы.

Оның айтуынша, әлеуметтік қызметкер психикалық неврологияға шалдыққан және қимыл-тірек аппараты зақымданған балалардың ғана үйіне барып көмектеседі. Ондай балаларды үйден оқытады. Даун дерті, қант диабеті және өзге сырқатқа шалдыққан балаларға әлеуметтік қызметкер бөлінбейді. Әке-шешелері балаларды арнайы мектепке өздері апарып-әкеледі.

Психолог Татьяна Журавлева «Орта қабылдамайтын проблемалық балаларға психологиялық көмек көрсетілуі тиіс. Психолог мамандар мүгедек баланың сынып жетекшісімен, сыныптастарымен сөйлесіп, мұндай балаларға жайлы орта жасауы тиіс. Мүгедек балалар тән азабымен қатар, психологиялық тұрғыдан да жапа шегеді. Олар көбінесе ашушаң немесе ұялшақ болады. Мұндай балаларға әлеуметтік қызметкерлер бөлінсе, оларға үлкен демеу болар еді» дейді Азаттық тілшісіне.

Ажар Аязбаева тастардан білезік жасағанды жақсы көреді. Кейде оларды сатып, интернет пен ұялы телефон қызметінің ақысын төлейді. Келешекте гуманитарлық колледжге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі болғысы келеді. Нұрсұлтан Назарбаев сияқты шілденің 6-сы күні туған Ажар «ел президентіне хат жазып, ол кісіге мұңымызды жеткізсем» деп армандайды. Інісі Азамат компьютер маманы болғысы келеді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG