Accessibility links

Тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақстан өз халқынан «тәуелсіз» болып кетті


Қазақстан президентініің резиденциясы Ақорда. Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды.

Қазақстан президентініің резиденциясы Ақорда. Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды.

Қазақстан биыл тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Мерейтойға Қазақстан қандай нәтижемен аяқ басып отыр? Азаттық радиосы ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстеліне қатысушылар жиырма жыл ішінде Қазақстанның халқы емес, керісінше билігі тәуелсіз болып кетті деп санайды.


Желтоқсан айында Қазақстан билігі тәуелсіздіктің 20 жылдығын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр. Қазақстан халқына жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев: «20 жыл ішінде Қазақстан әлемдегі бір де бір мемлекет бағындыра алмаған экономикалық жетістікке жетті» деді.

Тәуелсіздік жүріп өткен жиырма жылды қазақстандықтардың барлығы бірдей қуанышпен қабылдай бермейді. Азаттық радиосы өткізген кезекті дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, жиырма жыл ішінде Қазақстан шынайы тәуелсіз ел бола алмады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар: Жасарал Қуанышәлин – оппозицияшыл саясаткер, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы депутаты (Алматы); Данияр Әшімбаев – саясаттанушы (Алматы); Томохико Уяма – Хоккайдо университетінің Славяндық зерттеу институтының профессоры, Орталық Азияны зерттеуші (Саппоро); Аждар Куртов – Ресей стратегиялық зерттеулер институтының «Проблемы национальной стратегии» журналының бас редакторы (Мәскеу).

Дөңгелек үстелге сондай-ақ Қазақстан билігінен – Қазақстан президенті кеңсесінің бастығы және президент жайындағы бірнеше кітаптың авторы Махмұд Қасымбаев және Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та шақырылған болатын. Алайда, кейінірек Махмұд Қасымбаевтың қабылдау бөлмесі телефонға жауап бермеді. Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та соңғы сәтте жұмыстан босай алмайтындығын айтып, дөңгелек үстелге қатысудан бас тартты.

20 ЖЫЛДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖЕТІСТІГІ

Жүргізуші:

- Қазақстан билігі тәуелсіздікті қалай түсінеді? Қазақ қоғамы сияқты қазақ билігі де «ұлттық тәуелсіздік» ұғымы мен оның құндылықтарын түйсіне алды ма?

Жасарал Қуанышәлин:

- Тәуелсіздікті біздің билік Қазақстанның 1991 жылы 16 желтоқсанда алған, қазіргі кейіптегі тәуелсіздік деп түсінетін болса керек. Мәселе қазақ билігінің сол уақыттан бері қарай тәуелсіздігі нығайып келе жатқандай, ал алға басқан және әлемдік жетістіктерге жеткен Қазақстан қоғамы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін билікке басыбүтін борыштар сиқты кейіп танытуында болып отыр. Біздің қоғам да ақымақ, соқыр, керең емес. Тәуелсіздіктің жиырма жылынан кейін не таптық? Тапқанымыз – соңғы уақыттары ереуілдетіп жатқан Қаражанбас мұнайшыларының бас көтеруі десек болады. Негізі,еліміздің басты байлығы осы аймақта орналасқандықтан бұл өңірде жағдай жақсы, бақуатты болуы керек сияқты еді. Батыс Қазақстан – байлықтың қоймасы. Солай болса да, ондағы халық кедейшілікте өмір сүреді. Сол себепті де олар ереуілге шығуға мәжбүр болып отыр.

Билігі "тәуелсіз елміз" деп атай беретін мемлекетте "нұрлы" президенттің басқарушы "нұрлы" партиясының кеңсесінде әйел-ана өзін-өзі тірідей өртеп жіберуге мәжбүр болды. Билік Алатаудың баурайларындағы қорықты аймақтарда өзіне элиталық үйлер тұрғызып, теннис алаңдарын салады да, ал осының арқасында өз елінде бейбіт заманда босқынға айналған адамдардың лашықтай баспанасын бұздыруға полиция мен бульдозерлер жібереді.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы. 14 мамыр 2010 жыл.


Ауыл шаруашылығы күйреп, ауылдан шыққан жүз мыңдаған қазақ жанын бағуға қалаға ағылып, Алматының айналасында нағыз гетто қалыптастырды. Ал билік оларды өзінің күнәсі үшін жазалап жатыр, тіпті қылмыс деуге болады. Өзінің туған халқынан жеріген бұл қандай тәуелсіз мемлекет? Сондықтан, іс жүзінде алып елдердің жаңа отарланушы мемлекетіне айналған Қазақстан менің көзқарасым бойынша бүгінгі күні тәуелсіз мемлекет емес.

Қазір билік Қазақстанның ТМД-да жан басына шаққанда шетелдік инвестиция көлемі бойынша бірінші орында тұрғанын айтып мақтанады. Тәуелсіздіктен бері Қазақстан 126 миллиард АҚШ доллары көлемінде шет ел инвестициясын алып, тіпті Ресейдің көрсеткішінен екі есеге жоғарылап кетіппіз. Бірақ бұл жерде еріксізден мынадай сұрақ туады. Сонда бұл инвестициялар қайда кетті? Ал мұнайдан түскен миллиардтаған долларлар, басқа да байлықтардан түскен қаржы қайда кетті? Бұл сұрақты бекер қойып отырған жоқпын, себебі халықтың басым көпшілігі - кедей. Ал жоғарыдай мәліметтер келтірген келтірілген кезде «соның бәрі Қазақстанның бар азаматына бірдей тиісті ме?» деген сұрақ туады. Жоқ, тиісті емес. Олай болмаған жағдайда халық Біріккен Араб әмірліктері, Кувейттегідей өмір сүрер еді.

Іс жүзінде, біздің "нұрлы" президентіміз тізетін байлықтың қомақты бөлігі билік пен байлықты басып алған аз ғана адамның қолында тұр. Ал халық кедей. Сондықтан мен Қазақстан ең алдымен өз билігіне, сосын сол билігінің "арқасында" әлемнің өзге алып мемлекеттеріне тәуелді мемлекет деп санаймын.

Жүргізуші:

- Куртов мырза, Қазақстан да тәуелсіздік алғаннан бері Тәуелсіздік мерекесінен гөрі Жаңа жыл мерекесі, Астана күні бірінен-бірі асыра, кең көлемде тойлануын қалай түсіндіруге болады? Бұрынғы отарлаушы ел өкілінің пікірін білу қызықты болып тұр.

Аждар Куртов:

- Қазақстанның қазіргі заманғы саясаты көбінесе ойдан шығарылған жетістіктерді жарнамалуға, пиар жасауға құрылған. Іс жүзінде, қазір біз де осындай жарнаманы байқап отырмыз. Мен жақсы танитын Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Қылышбайұлы кездескен кезімізде қашан да: «Мақтанарлық түгі жоқ қазақ – қазақ емес» деген сөзді айтқанды жақсы көреді. Неге екенін қайдам, оған бұл сөз қатты ұнайды. Бірақ бұл сөз қазіргі жағдайды дәл бейнелейді.

Мәселен, бұған дейін болып келген және енді ойлап шығарылған мерекелерде Қазақстан халқына жалған ақпарат таратылады. Әйтпесе, постсоветтік кеңістіктегі Қазақстандағы реформалар сондайлық бір табыстарға жеткен жоқ, тіпті әлгіде ғана әріптесім, қазақстандық оппозицияшыл саясаткер келтірген шет ел инвестициясы бойынша да Ресеймен салыстырғанда асып кете қойған жоқ.

Иә, мен - бұрынғы отарлаушы елдің өкілімін. Алайда, Қазақстанның макроэкономикалық басқа да көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, мысалы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі немесе орташа айлық жалақы мөлшерін алсақ, осы және өзге де көрсеткіштер бойынша Қазақстанның Ресейдің қазіргі көрсеткіштерінен кәдімгідей артта қалып кеткенін байқауға болады.
Аждар Куртов – Ресей стратегиялық зерттеулер институтының «Проблемы национальной стратегии» журналының бас редакторы.


Енді, Қазақстан тәуелсіздік алғанынан ұтты ма, әлде ұтылды ма? Экономикалық реформалар шынымен сондайлық көз тартарлықтай ма? Ал онда өткен жылы Қазақстанда астық өнімінен гектарына бар жоғы 8 центнерден өнім алғанын немен түсіндіруге болады? Неге Қазақстан билігі өзінің жетістіктерін жарнамалайтын кезде кейбір мәліметтер мен ақпарларды өте мұқият електен өткізіп, оны қуанышпен халыққа жеткізеді?

Бұған дейін сөйлегендер «жиырма жыл бойына мұнайды қайта өңдеуді қамтамасыз ете алмаған бұл қандай мұнайлы мемлекет?» деген өте дұрыс сұрақ қойды. Дәлел келтіре кетейін, мысалы, Атыраудағы 1940 жылдардың аяғында салынған зауыт мұнайдың тек 55 пайызын тереңдете қайта өңдей алады. Бұл - масқара. Неге бұлай болып отыр? Не себепті билікке өз елінде табысы мол мұнайды қайта өңдеуді қолға алмай, сыртқа шикі мұнайды жөнелте берген тиімді болып отыр? Шамасы, мұның себебі билікке қоғам тарапынан бақыланбайтын және өз қалтасына түсетін тым жоғары пайда жеткілікті сияқты.

Егер демократия туралы айтар болсақ, Қазақстан советтік партиялық жүйеден арылуға тырысты. Бірақ билік басында партияның бұрынғы бас хатшысы әлі отыр (қазір ол тек басқаша - президент деп аталады). Биліктегі тұлғалар мен олардың құзыреті өзгерген жоқ. Бұрын биліктің бар құзыреті бір адамның қолына қалай щоғарыланған болса, қазір де солай. Халық бұрын мемлекеттің маңызды проблемаларын шешуден қалай алыстатылған болса, қазір де солай.

Данияр Әшімбаев:

– Менің алдыңғы екі адамның кейбір сөздеріне айтар уәжім бар. Қазақстан тарихы, әсіресе желтоқсанның 16-сына дейінгісі, біткен де, тоқтап қалған да жоқ, тек өзгеше түрде жалғасып жатыр. Тәуелсіздікке келе болсақ, ең басты жетістік ол 20 жылдың ішінде Қазақстан әйтеуір мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикалық өсу қарқыны туралы, экономикалық және саяси модернизациялар жайында пікір таластыруға болар, бірақ, қанша дегенмен мемлекет жұмыс істеп тұр. Аса жақсы деп айта алмаймын, әйтсе де, меніңше оған үш плюс немесе төрт деген баға беруге әбден болады.

Көрсеткіштер әрқилы. Мәселен, 2000 жылдардың басындағы өсімге ықпал еткен экономикалық реформаларды 2006 – 2007 жылдардағы экономикаға қолдану үлкен қиындықтар туғызады. Егер Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде экономикалық реформаларды жаңа бастаған 1990 жылдардың көрсеткіштерімен салыстырар болсақ, онда көп нәрселерде оң нәтижелердің бары рас.

Иә, жекешелендіру қарқыны туралы, мемлекеттің құрылымына қатысты пікір таластыруға болады. Алайда, постсоветтік республикалардың барлығын қарасақ, әйтеуір біршама жұмыс істеген екі модельдің бар екендігі көрінеді. Олар – елді мәжбүрлі түрде реформалар жолымен алып келе жатқан авторитарлық мемлекет немесе саяси және ұлттық дағдарыс жағдайынан мәңгілік көз аша алмай отырған квазидемократиялық республикалар.

Меніңше, Назарбаевқа басшы ретінде берілер баға экономикалық реформалардың сәтті немесе сәтсіздігіне байланысты болмауы керек – ондай бағаны келер ұрпақ берер, себебі біздің өзіміз нақ осы кезеңде отырып жағдайды ішкі жағынан бақылап отырмыз. 1989, 1990 және 1991 жылдары, яғни басқарудың алғашқы жылдары қалыптасқан ахуалды ескеретін болсақ, Назарбаев экономикалық жағдайы ауыр, совет кезіндегі байланыстары үзілген, ұлттық құрамы өте күрделі елді осыншама ұзақ кезеңде күйзелтпей басқара білді. Ал мұнайшылар ереуіліне байланысты бүгінгі проблемаларға келер болсақ – Қарағанды, Атырау, Павлодар облыстары және басқаларында ереуілдің жоқтығымен келісерсіздер. Сондықтан өзіндік күрделілігі бар аймақ бір ғана аймақты жалпы көрсеткіш ретінде алмас едім.

Иә, билік өзін өзі тым жарнамалайды, көптеген ұрандар бұрмаланған деректер мен статистиканы қулықпен пайдалануға құрылған. Бірақ мен айтар едім, Қазақстан басты жетістігін – тәуелсіз мемлекет болып қалыптасып, жұмыс істеп тұрғандығын атап өткелі жатыр. Екінші жағынан, біз сыртқы саяси әлеуетімізді шынайы бағалауымыз керек – Қазақстан геосаяси тұрғыдан алғанда күшті держава емес екендігіне қарамастан өзінің дербес ұстанымын айшықтай білді.

Томохико Уяма:

– Мен тәуелсіздіктің өзі заң жүзінде үлкен маңызға ие екендігін атап өткім келеді. Татарстанға қараңыздаршы: ХХ ғасырдың басында едәуір дамыған халық болған татарлар алайда, Совет одағы тұсында одақтас республика мәртебесіне ие болған жоқ және одақ тараған соң да ала алмады. Ал бірақ «тәуелсіздік шеруі» тұсында олар өз дербестігі үшін едәуір табандылық танытты, дегенмен кейінгі жылдары олардың дербестігін күзеп тастады.

Қазақстан болса әртүрлі елдермен тікелей қатынас орнатқан және халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтарда айтарлықтай үлкен роль атқарады. Бірақ іс жүзінде біркелкі емес ерекшеліктер бар.

Мен 1990 жылы қазанда қабылданған Қазақ ССР-нің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының кіріспе бөлімінен үзінді келтіруді жөн көріп отырмын. Онда былай делінген: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғары Кеңесі Қазақстан халқының ерік-жігерін білдіре отырып, республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және бірдей өмір сүру жағдайын жасауға ұмтыла отырып, жалпыға бірдей адам құқығы мен ұлттар құқығын мойындай отырып, республикада тұратын халықтардың ынтымағы мен достығын нығайтуды бірінші кезектегі міндет деп санайды» және т.с.с.
Томохико Уяма – Хоккайдо университетінің Славяндық зерттеу институтының профессоры, Орталық Азияны зерттеуші. Орал. 18 қыркүйек 2010 жыл.


Яғни халықтың ерік-жігері принципі, демократияландыру мен адам құқығы түсінігі тәуелсіздікті қабылдағанда негізгі мәселе болатын. 1990 жылдардың басында Қазақстанда кәдімгідей демократияны дамытуға бағытталған талпыныстар болды, бірақ одан кейін не болғаны баршаңызға мәлім.

ТМД елдері арасындағы қарым-қатынастарда біраз проблема бар. Кеден одағы – бұл тәуелсіздікті ішінара жоғалту деген мағынада көптеген сындар айтылып жатыр, өйткені баж алымының көп бөлігі ресейлік кеден кодексі негізінде белгіленген. Яғни, Кеден одағы бойынша баж алымы қазақстандық тұтынушыларды емес, ресейлік өндірістердің мүддесін қорғауға арналып отыр. Бұл да өзекті мәселелерге жатады.

МҰНАЙДАН ТҮСКЕН АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Жүргізуші:

- Қазақстан тәуелсіздіктің 20 жылдығына қандай нәтижемен аяқ басып отыр? Оны билік пен қоғам қалай бағалайды?

Данияр Әшімбаев:

- Әрине, биліктің «тұрақтылық» пен «өзара келісім» деген дақпырт ұраны туралы айтуға болады. Алайда, әлеуметтік зерттеулердің көрсетуі бойынша, тұрғындар тәуелсіздіктің 20 жылын дәл осы ұранмен байланыстырады екен. Қазақстан ешқандай әлеуметтік қақтығыстарға, ешқандай азаматтық соғысқа, я бір діни жанжалдарға ұрынған жоқ. Тіпті қазіргі президенттің рейтингі де бұрынғыдай 80-90 пайыздың аралығында тұр. Халық елдің салыстырмалы түрде алғандағы тұрақты дамуын Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұнай және металлургиялық ресуртарын иелене отырып Қазақстан экономиканы диверсификациялау мәселесімен тиімді айналыспай отырғаны түсінікті. Бірақ әлемдік нарықтың дамуының өз қисыны шикізатты тереңдете қайта өңдеуге аса бір мүмкіндік берген жоқ. Яғни, әлемдік нарық Қазақстаннан көп шикізатты талап етті әрі соны алды да.

Менің ойымша, қазіргі экономикалық инфрақұрылым республиканың мұқтаждығын жеткілікті түрде қанағаттандырады. Бірақ екінші жағынан алғанда, бізде мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды құрылымдық қайта құрулар жүргізу, біртіндеп демократияландыру мәселесі пайда болып отыр. Қазіргі жағдайда бұл міндет шешіледі деп ойламаймын.

Саяси тұрақтылықты өте жақсы, ал экономикалық тұрақтылықты жоқтан жоғары деп бағалауға болады. Дегенмен, тәуелсіздіктің соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің елеулі түрде құлдырап кеткенін не істеуге болады? Меніңше, бұл сұрақ қазіргідей жемқорлыққа батқан тиімсіз басқару жүйесін саналы түрде құрып отырған республика басшылығының еркінде емес, республиканың даму циклінде жатыр.

Дәл қазіргі кезеңде, ең болмағанда жуықтағы үш-төрт жылда ерекше бір өзгерістер бола қоймайды. Мемлекеттік билік пен басқарушы партия өкілдері және басқалары алға тартатын ұрандар көбінесе таза жарнамалық сипатта, бірақ бұл жарнамалардың қандай да бір іргетасы бар, олардың өзіне де дау айтуға болады.

Томохико Уяма:

- Қазақстан мұнайдың есебінен кәдімгідей көтеріліп қалды. Меніңше, мұнайы бар барлық мемлекет одан түскен қаржыны көбінесе саналы түрде жұмсай бермейді. Қазақстан да солардың қатарында, солай бола тұрса да, ол салыстырмалы түрде алғанда білім мен мәдениеттің дамуына қаржыны ойластырып жұмсайды.

Бірақ осыған қарамастан Қазақстанды шет мемлекеттер мұнайға бай мемлекет ретінде қабылдайды, ал елдің мәдениеті аса таныс емес. Тұтастай алғанда қоғамда материалдық игілікке бағытталған ойлау жүйесі басым, ал мәдениетке онша назар аударылмайды.

ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТТІҢ 20 ЖЫЛДАҒЫ КҮЙРЕУІ

Аждар Куртов:

- Мен мұнда әріптесім Әшімбаев айтқан пікірмен келісе алмаймын. Қазақстанның кейінгі тарихында, соңғы 20 жыл бойына әлеуметтік және саяси тұрғыдан елеулі қақтығыстар орын алды. Болмаса, тек бір ғана адамның еркімен Конституция аяққа тапталып, парламент таратылып, ал Қазақстан халқына мемлекеттік құрылымның жаңа жүйесі күштеп таңылған 1993 жылдың желтоқсаны мен 1995 жылдың наурызындағы антиконституциялық екі төңкеріске өзге қандай баға беруге болады?

Экономикалық табыстарға келер болсақ, оны 1992 жылмен салыстырудың және қандай да бір үдемелі дамудың сол кезден басталғанын айтудың қажеті жоқ. Ол кезде барлық мемлекеттер бірдей құлдырап кетті. Тек Қазақстанда мұнай мен газ болып, жолы болып кетті. Бұл не сонда, Қазақстан билігінің, халқының еңбегі ме сонда? Бұл - жаратқанның бергені.

Бірақ мұнай-газды негізінен шет елдік компаниялар мен шет елдік мамандардың өндіріп жатқаны қазіргі басшылыққа минус болып табылады. Мұнай шет елдік компанияларға арзан бағаға сатылады, ал ол шағын ғана саяси топты байытады. Меніңше, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қазіргіден әлдеқайда жақсы бола алатын еді.

Ұлтаралық қақтығыстар да Қазақстанды айналып өткен жоқ. Олай болмаса, ұлттық құрамның өзгеруін қалай бағалауға болады? Себебі 1990 жылдары ұлттық құрамы адамдардың өз қалауымен өзгерген жоқ. Бұл бағдарланған саясаттың салдарынан орын алды, оның нәтижесін Қазақстан ұзақтан сезінетін болады.

Мәдениет пен басқа да салаларды алайық. Жиырма жыл ішінде Қазақстанның қандай да үлкен жетістіктерге жеткен, ғылыми жаңалық ашқан, әдебиет пен кино шеберлерінің табысын атап өте аламыз ба? Іс жүзінде тым аз. Бұған тіпті кері мысал – қазақ тарихының негізгі кезеңіне арналған «Көшпенділер» филімін келтәруге болады. Онда тіпті киноактерлерді шет елден алдырған.

Мен жаратылыстану ғылымдары – металлургия, көмір өнеркәсібімен айналысқан қазақстандық ғалымдармен жиі кездесіп тұрамын. Олар қазір республиканың осы салаларында орын алған құлдырау жайын күйінішпен әңгімелейді, әрі ол шынымен де сондай күйде. Әрине, мұнай табыс алып келеді, бірақ өкінішке орай оның қаржысы көбіні өз орнымен жұмсалмайды. Қаражат Қазақстанның имиджіне шығындалып жатыр. Бірақ Қазақстан аяғынан тұрған жоқ.

2008 жылғы оқиғаларда да анағұрлым елеулі апаттар орын алады дейік. Меніңше, ондай жағдайда Қазақстан қазіргі экономикалық жүйесімен қауіпті әлеуметтік апаттардың ала алмайды. Мақтанып жүрген саяси тұрақтылыққа келсек, өткен жылы ғана әлемдегі ең мықты саясаткерлер мен сарапшылардың ешқайсысы араб әлемінде революциялар болады деп болжай алмаған еді. Бірақ революция болды. Ал Қазақстандағы форс-мажорлық жағдайда билікте ондаған жылдар бойы бір адамның отыруы араб әлеміндегідей оқиғалардың қайталануына әкеп соқпайды деп кім айта алады.

Жасарал Қуанышәлин:

- Мен - Назарбаев 1995 жылдың наурызында таратып жіберген Жоғарғы кеңес депутаттарының бірімін. Ол Жоғарғы кеңесті мүлдем заңсыз таратты. Содан бері Назарбаевтың жеке билігін ашықтан-ашық орнату жүріп келді. Ол заңдық күші бар жарлықтарға қол қойғанда өзіне қажет заңдарды жасап алды. Ал бұл заңдар өзінің жеке билігінің іргетасы болып табылды. Осылайша ол жеке билігін қисынды түрде орнатты.

Бұдан өзге, бізде саяси құрбан болғандар, саяси сот процестері де бар. Біз тәуелсіздіктің 20 жылдығына бір партияның мүшелерінен тұратын парламентпен аяқ бастық. Осындай саяси жағдайдың себебінен Қазақстанда адамдар өздерінің конституциялық, азаматтық және басқа да құқықтарынан айырылып отыр. Сондықтан, әрине, мәңгілік президенттің ығындағы мұндай саяси тұрақтылық - тұрып қалған батпақ.

Жүргізуші:

  • - Қадірлі қонақтар, Азаттық радиосы осымен өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Біздің пікірталасымызға қатысқандарыңыз үшін рахмет айтамыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG