Accessibility links

Меморандумға қол қойылғанына қарамастан, «үнсіз» қысқартулар жүріп жатыр


Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов.
Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов.

Желтоқсанда облыс әкімі Елеусін Сағындықов Ақтөбедегі ірі 100 кәсіпорын басшыларымен кездесіп, жұмыс орындарын қысқартпау жөнінде олардың уәделерін алған еді. Соған қарамастан, қаңтардың алғашқы күндерінен бастап, ірі кәсіпорындарда «үнсіз» қысқартулар жүріп жатыр.

Соның ішінде, Қытай капиталының үлесіндегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен оған қарасты жекелеген серіктестіктер, «Қазақойл-Ақтөбе», «Ланкастер-Петролеум», «Вернал Ойл Қазақстан» мұнай компанияларында жұмысшылар жұмыстан босауда. Қиыршық тас шығарумен маманданған «Көктас-Ақтөбе» АҚ-да да жұмысшылар жарты жылға ақысыз еңбек демалысына кеткен. Сөйтіп, облыстағы 8 кәсіпорында жұмысшылар қысқарды.

Темір ауданында мұнай қазумен айналысып жатқан «Ланкастер-Петролеум» АҚ-ы қарашада 60 мұнайшыны бірден қысқартқан. Бұл жағдай Сағындықов талап еткеннен кейін ғана анықталды. Компания басшылығы мұндай әрекетке амалсыздан барып отырғанын мойындады: «Терең тұзды қабаттардан мұнай шығару оңай емес. Шынында мұнайдың өзіндік құны – 16-25 доллар шамасында.

Сондықтан да баррелі 30-40 доллардан көтерілмей жатқан қазіргі тұста пайда тауып жатқан жоқпыз» деген сылтау айтты. Жыл сайын осы қаңтар-ақпан айларында мұнай өндірісі баяулап, наурыздың екінші жартысынан бастап қайта жанданады дейді.

Облыс әкімі кәсіпорын, кәсіподақ, құқық қорғау органдары басшыларын жинап, жағдайды түсіндіруді талап етті. Себебі, желтоқсанда қол қойылған меморандум бойынша, 100 кәсіпорын басшысы жұмысшыларды қысқартпауға уәде беріп, есесіне газ және электр қуаты үшін жеңілдіктер алған болатын. Сағындықов:
«Күні бүгінге дейін тарифтерді көтеру туралы мәселе көтерген де жоқпыз, қайта жеңілдіктер ұсындық. Егерде қандай да бір цех жұмысын тоқтататын болса, шұғыл түрде бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі департаментке ақпарат беруі керек»,-деп нықтап айтты.

Алдағы күндері шикізат секторындағы жағдай қалай қалыптасуы мүмкін? Бұл жағы белгісіз. Ақтөбе облысы экономикасының 80 пайызы шикі мұнай саудасы мен хром кенін сатудан құралып келді. Оның үстіне, мұнай өндірісі қаңтар-ақпанда баяулайды.
2008 жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» Ақтөбе жерінен 5 миллион 900 мың тонна мұнай өндірді. Бір қызығы, дағдарысқа қарамастан, қытай капиталы Ақтөбе облысында бірнеше ірі жобаларды іске асыратынын жариялады. Құны 200 миллион долларға бағаланған электр станциясы, насос станциялары құрылысы басталмақшы. Биылғы жылы өндіріс көлемін ұлғайтамыз деп уәде беріп отырған тек қытай капиталының иелері ғана.

Қандыағаш және Темір аудандарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан «Ұлы қабырға» серіктестігі Ақтөбе рыногына 1997 жылы кірді. Құрылыс жұмыстары және жобалаумен айналысатын осы серіктестік Жаңажол газ өңдеу зауытына қажетті құрал-жабдықтарды Қытайдан жеткізеді. Ақпан айында «Ұлы қабырға» екіге жарылды. «Ұлы қабырға» басшылығы бір серіктестіктің екіге бөлінуін банкроттықтан сақтайды әрі жұмыс орындарын сақтауға септігін тигізеді деп отыр. Экономикалық дағдарыс кезінде қытай капиталының Ақтөбе рыногындағы үлесін арттырудан қашпайтындығын жақында ғана Ақтөбеге келген сапарында Қытай елшісі мәлімдеді.

«Қазхром» трансұлттық компаниясы баспасөз қызметінің таратқан деректеріне қарағанда, өткен жылдың қарашасы мен желтоқсанында темір қорытпасы 54 пайыз, хром өндірісі 60 пайызды ғана құрапты. Әрине, жылына қанша тонна хром шығарып, оны қандай бағамен сатып жатқандығы жөніндегі ақпарат мүлдем айтылмайды. Негізінен хром Ресейге жөнелтіледі. Ол жақтан желтоқсан айында сұраныс мүлдем болмапты.

Қазақ және Ресей президенттерінің Ақтөбедегі бас қосуы кезінде ашылған кәсіпорын – «Ақтөбе мыс компаниясы» жұмысын бастауға асығар емес. Хромтау ауданының Көктау деген жерінде бірнеше кеніш ашып, мыс өндіретін кен-байыту комбинатын салмақ болған ресейлік компания әзір қимылсыз. Қызметкерлерінің 28 миллион теңге сомасындағы жалақы қарыздарын бермепті. Облыстық прокуратура тексерісінен соң компания басшылығы жалақы қарызын жылдың соңғы күндерінде әзер төледі.

Алда - жалда жаппай қысқартулар басталар болса, мамандарды қайта даярлау курстарына жіберу жұмыстары да қолға алына бастады. Жұмыссыздарға арналған қысқа мерзімдік курстар ашуға білім департаментінен 30 миллион теңге бөлінді. Мұнымен бір кезде, қоғамдық жұмыстарға 1000 орын ашуды да көздеп отыр. Алдағы күндері әлемдік рыноктағы шикізат бағасының қалайша өзгеретіні жөнінде болжам айту қиын. Әзірше Ақтөбе облысында қаңтар айында өндіріс көлемі баяулап тұр.
XS
SM
MD
LG