Accessibility links

Америкалық жиһанкездің Қазақстанда көргендері


Америкалық жиһанкез-журналист Пол Салопек. Астана, 30 наурыз 2016 жыл.

Америкалық жиһанкез-журналист Пол Салопек. Астана, 30 наурыз 2016 жыл.

Пулитцер сыйлығы иегері Пол Салопек Батыс Қазақстанды жаяу кезіп жүр. Қазақстанға келгеніне екі ай болған ол халықаралық жоба аясында жаз бойы алыс аймақтардағы тұрғындармен әңгімелесіп, елдің тұрмыс-тіршілігін зерттемек.

Пол Салопек Пулитцер сыйлығын бірінші рет 1998 жылы «Адамзат геномының әр алуандығы» тақырыбына жазылған мақалалары үшін жеңіп алған. Африкадағы Конго өзенін жағалап жүріп, саяси тартыс пен дерт меңдеген елдер туралы жасаған журналистік зерттеулерінің арқасында ол 2001 жылы осы сыйлыққа екінші рет ие болған. 2013 жылы жиһанкез журналист National Geographic журналы, Knight және Abundance қорларының демеуімен «Out of Eden Walk» («Эденнен басталған саяхат») жобасына кріскен. Жоба бойынша Пол Салопек ежелгі адам миграциясы жолымен Африкадан Еуразияға, одан Аляскаға жаяу саяхаттауы тиіс. Арада үш жыл өткенде ол Қазақстанға келіп отыр. National Geographic журналын қазақ тілінде шығарушы топтың шақыруымен келген журналиспен Астанада сұхбаттастық.

Азаттық: – Салопек мырза, «Out of Eden Walk» жобаңыз бойынша Қазақстанға саяхатыңыз жайында баяндап берсеңіз?

Пол Салопек: – Бұл - үш жыл бұрын Африкадан басталған жаяу саяхатымның жалғасы. Әзербайжаннан кемемен келіп, қазір Батыс Қазақстанға жеттім. Ежелгі адамдардың ізімен жүріп өтетін жобаның аясында осы жазда Қазақстанның батысын жаяу басып өтпекпін. National Geographic журналының авторы ретінде жазған, түсірген материалдарым сандық форматта жинақталып, оның 90 пайызы сайтымызда жарияланады. Сол сайттан жолжазбаларымды оқып, видео, аудио және фото материалдармен танысуға болады.

National Geographic сайтындағы Пол Салопектің Кавказ сапары жайлы парағынан скриншот.

National Geographic сайтындағы Пол Салопектің Кавказ сапары жайлы парағынан скриншот.

Яғни, бүкіл әлемнің оқырмандары National Geographic арқылы Қазақстан туралы мультимедиалық материалдарды тамашалайды. Оқырмандар Қазақстан туралы қызықты материалды оқып, таң-тамаша қалары анық. Астанада өткен конференцияда тарихшылармен сұхбаттасқанда түсінгенім, елдің тарихы миллиондаған жылдардан бері жалғасып жатыр екен. Алғашқы материалдар келесі аптада онлайн жарық көреді. National Geographic журналына арнап Жібек жолы туралы мақала әзірлеп жатырмын, биыл, не келер жылдың басында жарияланып қалар.

Азаттық: – Сіз археолог-ғалымдармен бірге жұмыс істейді екенсіз. Көбіне археология тақырыбына көңіл бөлесіз бе, әлде қазіргі болып жатқан жайттар қызықтыра ма?

Пол Салопек: – Екеуін де қамтимын. Журналист ретінде мені қазіргі болып жатқан оқиғалар қызықтырады. Көп жылдар бойы әлемді шарлап экономика, саясат, соғыс, қоршаған орта тақырыптарына жазып келдім. Ал қазір археология, антропология ғылымдары арқылы көне тарихты көбірек зерттеп, осы замандағы шашыраңқы, бір-бірімен еш байланысы жоқтай көрінетін жайттардың терең тамыры бар екенін, тарихты зерттеп, өткенімізден сабақ алсақ, келешек ғасырға аман-есен өтуге болатынын оқырманға жеткізбекпін.

Азаттық: – Қазақстанға бірінші рет келдіңіз бе?

Бұл жобаның басты айырмашылығы – салт жүріп ел кезетіндіктен, жергілікті адамдармен жақын араласамын.

– Иә, бұл алғаш келуім. Халық өте қонақжай, мені керемет қарсы алып жатыр. Жобамды естігенде қатты қызығушылық танытып, менімен бірге еріп жүрген кісілер де бар. Бұл жобада мен жапан даланы жалғыз кезбеймін, жергілікті қазақтармен бірге ел, жер көремін. Астанаға жергілікті әріптестерімді қазақ тіліндегі National Geographic Kazakhstan журналының ашылуымен құттықтауға ғана келдім. Журнал әлемнің 40-қа жуық тілінде шығады, енді солардың қатарына қазақ тілінің қосылғаны қуантады. Дегенмен, менің негізгі бағытым – Батыс Қазақстан. Қазір Маңғыстаудағы бастаулар мен құдықтарды іздеп жүрмін. Сол үшін ат сатып алдым. Жүгімді соған артып, өзім жаяу аралаймын.

Азаттық: – 11 жыл Африка елдерінде өмір сүріпсіз. Еңбектеріңіз де осы құрлықпен байланысты. Қазақстанның Африка елдерімен қандай ұқсастығы бар?

Пол Салопек: – Африка – елуден астам мемлекет орналасқан ерекше бір ғалам. Өзімді осы құрлық бойынша маманмын деп айта аламын, ал басқа құрлықтарды олай зерттей қоймадым. Африка елдерінің өзі әр алуан. Мәселен, Кения мен Анголаны, Оңтүстік Африка Республикасы мен Тунисті бір-бірімен салыстыруға келмейді. Ал егер сіздің тұспалдап тұрғаныңыз әлеуметтік дамудағы ұқсастықтар жайында болса, Африканың қазіргі жағдайы бұрынғыдан анағұрлым қиын дер едім.

Қазақстанда екі ай ғана болдым, сондықтан толық талдау жасап, салыстыру қиын. Меніңше мұндағы экономикалық жағдай мен журналист ретінде барған Африка елдерінің көбімен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Энергетика ресурстарына бай Ангола, Экваторлық Гвинея сынды елдермен сәл ұқсастықтары бар болар, бірақ бәрібір салыстыруға келмейді.

Азаттық: – Батыс Қазақстаннан бөлек тағы қай жерлерге бармақсыз?

Маңғыстау облысындағы Шақпақ ата жер асты мешіті. 16 кыркүйек 2015 жыл.

Маңғыстау облысындағы Шақпақ ата жер асты мешіті. 16 кыркүйек 2015 жыл.

Пол Салопек: – Қалалары мен ауылдарына барамын, адам тұрмайтын, иен жатқан шөл даланы аралаймын. Ғалымдармен, аңшылармен, мұнай саласы мамандарымен және балалармен сөйлесемін. Ең бастысы – Қазақстанға стереотиптер тұрғысынан қарамау. Бұл жай ғана Жібек жолының бойында тұрған ел емес. Мұнда жаһанданудың әсерінен қалыптасқан проблемалар да жетерлік. Соның бәрін қамтуға тырысамын. Өзгелерден айырмашылығымыз – біз өте баяу қозғаламыз. Саяхат барысында адамдардың өмірін тереңірек зерттеуге уақыт болады. Әдетте шетелдік журналистер Қазақстанға екі аптадай уақытқа келіп, Алматы мен Астанаға ұшып барып, елдің ішінде көлікпен жүріп, ақпарат жинайды да, соның негізінде материал жазады. Бұл жобаның басты айырмашылығы – салт жүріп ел кезетіндіктен, жергілікті адамдармен жақын араласамын. Тұрғындардың үйлеріне, мешіттерге, басқа да дәм бұйыртқан жерлерге түнеп, жүре беремін. Кей жерлерде бірнеше сағат, бірер күн емес, тіпті апталап тұрақтап қаламын. Соның арқасында жеке адамдардың тағдырына негізделген жан-жақты да терең материалдар жазамын.

Азаттық: – Баратын ауылдарды, елді мекендерді өзіңіз таңдайсыз ба, әлде сізге бағыт беретіндер бар ма?

Пол Салопек: – Жаяу жүретін кісіге жолды нақты жоспарлау өте қиын. Ауа райының не басқа жайттардың кесірінен жоспарың өзгеруі мүмкін, сондықтан мына уақытта мына жерде боламын деп уәде бере алмайсың. Айталық, қазақстандық өнертапқыш маған «сейсенбі түс ауа келіңіз» десе, мен оған нақты жауап бере алмаймын. Ол үш күндік жер болса, мен онда жаяулатып сәрсенбі не бейсенбі жетіп қалуым мүмкін. Оған бара жатқан жолда одан да қызықты жайтқа кезігіп, аялдап қалуым да ғажап емес.

Азаттық: – Қазақстанда жүргеніңізге екі ай болыпты. Осы аралықта жергілікті халықтың қандай проблемаларын байқап үлгердіңіз?

Пол Салопек: – Осы жоба аясында аралап жүрген тоғыз елдегі халықтың проблемалары бірдей. Бұл – экономикалық даму мәселесі. Бәріміз де балаларымыздың болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Бұл – тек қазақтың проблемасы емес, бүкіл адамзаттың басындағы мәселе.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

(Материалды әзірлеуге Мұхтар Екей қатысты.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG