Accessibility links

Ескі техникамен жүрген диқан құнарсыз жерге тұқым сеппек


"Регина" өндірістік кооперативінің басшысы Рим Кенжеғарин. Ақтөбе облысы, 4 сәуір 2013 жыл,

"Регина" өндірістік кооперативінің басшысы Рим Кенжеғарин. Ақтөбе облысы, 4 сәуір 2013 жыл,

Тұқым себуге дайындалып жатқан ақтөбелік шаруалар өнімнің жылда аз болатынын ауа райы мен құнарсыз жерден көреді. Ал басқарма бастығы оның себебін «алаңсыз отыратын» шаруалардан іздейді.

Ақтөбеден оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдай жердегі Қызылжар ауылының маңында қаз қатар тізіліп тұрған ауыл шаруашылығы техникасына кезіктік. Техниканы төңіректеп жүрген үш ер адамның ешкімге мойын бұрар шамасы жоқ. Бірі тұқым себетін тіркеменің желі шығып кеткен доңғалағымен әуре, екіншісі ескілеу «Беларусь» тракторының астына бір кіріп, бір шығып жүр.

«ЖАҢА ТЕХНИКА АЛМАЙМЫН»

Жүзін күн қақтаған, киім киісі шаруа адамы екенін аңғартып тұрған кісінің есімі Рим Кенжеғарин екен. Ол өзін «Регина» өндірістік кооперативінің басшысымын» деп таныстырды.

– 2800 гектар жерім бар. Бірер күндікте соның 800 гектарына тұқым сеппекшімін. Былтыр қуаңшылықтан қорқып, егін салмаған едім. Биыл тәуекелге бел буып отырмын, – деді Рим Кенжеғарин.

Ол кісінің сөзіне қарағанда, шаруашылықты тұралатпау үшін қыстай қолда бар техниканы Ақтөбенің көшелерін мұз бен қардан тазалауға пайдаланған.
"Регина" өндірістік кооперативінің техникасы. Ақтөбе облысы, 4 сәуір 2013 жыл.

"Регина" өндірістік кооперативінің техникасы. Ақтөбе облысы, 4 сәуір 2013 жыл.


– Ескі де болса мына техниканың бәрі – тірнектеп жинағаным. Мен әлдекімдер сияқты тараған совхоздың орнын басып қалғаным жоқ. Техникамның ең жаңасы – зауыттан 2001 жылы шыққан «Камаз» бен 1999 жылғы бензин таситын көлік. Осы екеуінен басқасы Кеңес заманынан қалған «мұра». Мысалы, мынау – шынжыр табанды «Алтай» тракторы, анау – «Беларусь». Бәрі де ескі. Өз ісін білетін механизатор-мамандардың арқасында қатардан қалмай келеді, – дейді «Регина» өндірістік кооперативінің төрағасы.

Азаттық тілшісінің «Техникаңызды жаңалағыңыз келмей ме?» деген сауалына Рим Кенжеғарин ыршып түсті.

– Менің меншігімдегі 2800 гектар алқаптың 600 гектары ғана салыстырмалы түрде құнарлы. Онда да құнарлы деп отырған жерімнің бонитеті 23 балдан аспайды. Аумағы да аса үлкен емес, өзі құнарсыз жерге сеніп шаруашылықтың техникасын жаңарту мен үшін тиімсіз, – дейді Рим Кенжеғарин.

«ЖАҢА ТЕХНИКА ОН ЕСЕ ҚАУҚАРЛЫ»

Ақтөбе облысының шаруа қожалықтарындағы техниканың 80 пайызы әбден ескіргендігін Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Марлен Баймағамбетов те растады. Бірақ ол бұл мәселені «шаруалардың салдыр-салақтығынан» көреді.
Шаруалар ескі техникаларын есептен шығаруға асықпайды. Біздің көрсеткіштің нашар болуының басты себебі – осы.

– Шаруалар ескі техникаларын есептен шығаруға асықпайды. Біздің көрсеткіштің нашар болуының басты себебі – осы. Былтырдан бері осы мәселені мықтап қолға алдық. 2012 жылы пайдаға жарамсыз 1000 техниканы списаниеге шығарттық. Мен бір ғана мысал айтайын. Соңғы үлгідегі шетелдік кешен ​тәулігіне 200 гектар жерге тұқым себе алады. Ал ескі техника 23 гектар жерге дән себуге ғана қауқарлы. Яғни ескі техниканың он күнде жасайтын жұмысын жаңасымен бір тәулікте тындыруға болады. Сондықтан шаруалардың арасында әлі де үгіт-насихат жасай береміз. Әзірше жыл сайын қолда бар техниканың 2,5 пайызы жаңартылып тұрады, – дейді Марлен Баймағамбетов.
"Регина" өндірістік кооперативінің техникасы. Ақтөбе облысы, 4 сәуір 2013 жыл.

"Регина" өндірістік кооперативінің техникасы. Ақтөбе облысы, 4 сәуір 2013 жыл.


Биыл Ақтөбе облысының диқандары 669 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Марлен Баймағамбетовтің сөзіне қарағанда, облыс диқандарына 50 мың тонна тұқым керек. Оның 32 мың тоннасын былтыр күзде жергілікті шаруашылықтар қамбаға құйып қойған. 18 мың тонна жетпей тұрғандықтан наурыз айында бюджеттен тыс қордан 9 мың тонна тұқымға жететін қаржы бөлінген. Әлі де 9 мың тонна тұқым қажет. Оны жергілікті диқандар көршілес Батыс Қазақстан облысынан сатып алмақшы. Биыл Ақтөбе облысында тұқымның бір тоннасының орташа бағасы – 50 мың теңгеден.

– Біздің диқандардың көпшілігі көктемде тұқымды сеуіп тастайды да, күзге дейін алаңсыз отырады. Сосын күзде «Құдайдың бергені – осы» дейді. Ол жерді айдау керек, ылғал жабу керек. Оған мән беретіндер аз, – дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Марлен Баймағамбетов.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марлен Баймағамбетов. Ақтөбе, 5 сәуір 2013 жыл.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марлен Баймағамбетов. Ақтөбе, 5 сәуір 2013 жыл.


«НАН МЕН ҰН ҚЫМБАТТАҒАН ЖОҚ»

Биыл тұқым себуге ескі техникасын сайлап дайын отырған шаруа Рим Кенжеғаринның сенгені – басқа.
Былтыр қала маңындағы шаруа қожалықтары салған 14 мың гектар алқаптың 11 мың гектары күйіп кетті. Қалғандары 2-2,5 центнерден ғана өнім алды.

– Соңғы бес-алты жылда Ақтөбе облысында қатты қуаңшылық болды. Былтыр қала маңындағы шаруа қожалықтары салған 14 мың гектар алқаптың 11 мың гектары күйіп кетті. Қалғандары 2-2,5 центнерден ғана өнім алды. Биыл – жылан жылы. Осыған дейінгі жылан жылында мол өнім алған едім. Сондықтан бірер күндікте іске кіріспекшімін, – дейді «Регина» өндірістік кооперативінің төрағасы Рим Кенжеғарин.

Ақтөбе облысында дәнді дақыл егетін алқаптың көлемі жылма-жыл азайып келеді. Оның себебі – қуаңшылықтан ауыздары әбден күйген шаруалар мал азығын егуге көбірек мән бере бастаған. Өңірдің климаты да соған қолайлы. Бірақ билік өкілдері қуаңшылық болса да, азық-түлік бағасы бірқалыпты екенін айтады.

– Қуаңшылыққа қарамастан биыл нан мен ұнның бағасы қымбаттаған жоқ, – дейді Ақтөбе облыстық статистика департаментінің басқарма бастығы Ұлжан Ташауова.

Қазір Ақтөбеде бірінші сортты ұннан пісірілген нанның килограмы – 69 теңге. Ал жоғары сортты ұннан пісірілген нан 173 теңгеден.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG