Accessibility links

Азық-түлік әлемде арзандап, Қазақстанда қымбаттады


Жеміс-жидек базары. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Жеміс-жидек базары. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының қыркүйектегі есебінде негізгі азық-түлік түрлерінің бағасы арзандағаны айтылады. Ал Қазақстанда қымбаттап барады.

Азаттық тілшісімен сөйлескен қазақстандық ауыл мен қала тұрғындары азық-түліктің біршама қымбаттағанын айтып алаңдайды.

Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гүлшат Бөкеева «баға неге бақыланбайды» деп қынжылады.

- Өткен жылы қой еті мен сиыр етінің килограмын 1 мың 200 теңгеден алатынбыз. Қазір баға 1 мың 400 теңгеден асты. Шай, қант, пияз бен картоптың да бағасы өсті. Бұрын отбасы бюджетінен тамаққа 30 мың теңге жұмсаушы едік, қазір 40 мың теңгеге жуық шығады, - дейді ол.

Алматыда тұратын Жәзира Аманмұратова азық-түлік қымбаттағаннан бері ақша үнемдеу үшін тапқан амалын айтты:

- Шарықтаған бағаның кесірінен көбінесе тауық етін жейміз. Басқа етке ақша жетпейді. Әке-шешеміз ет пен картопты ауылдан жібереді. Жазда балаларым ауылға барып, картопты отырғызып, күтіп-баптауға, малдың шөбін шабуға көмектеседі.

СҰРАНЫС

Саудагерлер бағаның қымбаттауына қарамастан сатып алушылардың азаймағанын айтады. Алматыдағы көк базарда ет сататын Қаламқас Тәжібаев:

Ет базары. Қазақстан, Қостанай, 28 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ет базары. Қазақстан, Қостанай, 28 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Етке сұраныс азайған жоқ, сатып алушы жетеді. Қазір қой еті мен құс еті жақсы сатылып жатыр. Бағасы сиыр еті мен жылқы етіне қарағанда арзан. Бірақ бағаны шарықтатқаннан ұтып жатқан ешкім жоқ. Ет сататын орынды жалдау ақысы бағамен қатар өсетіндіктен, табысымыз бұрынғыдай, - дейді.

Алматының кейбір тұрғындары «баға бұдан да өсе түседі» дейді. Көк базарда ет сататын Талғат Сейітовтің болжамынша, соғым соятын кезге қарай ет тағы қымбаттауы мүмкін. Бірақ ақшасы бар жандар ғана соғым соя алады. Соңғы жылдары Қазақстана соғымды бірнеше отбасы қосылып соятын болып жүр.

РЕСМИ СТАТИСТИКА

Қазақстанның статистика агенттігінің ақпаратына қарағанда, тамыз айында елдегі азық-түлік өнімдерінің бағасы 2012 жылдың тамызымен салыстырғанда 4 пайыздан астам өскен.

Макарон өнімдері - 10 пайызға, ұн - 9,8 пайызға, жеміс-жидек пен көкөніс - 9,3 пайызға, кофе мен шай және какао - 4,3 пайызға, сүт пен балық және теңіз өнімдері - 4,2 пайызға қымбаттаған.

Ет және ет өнімдерінің бағасы да қымбаттағаны байқалады. Шұжық өнімдері - 4,3 пайызға, жылқы еті - 3,7 пайызға, қой еті - 3,4 пайызға, шошқа еті - 2,5 пайызға, сиыр еті - 2,3 пайызға, құс еті - 1,6 пайызға қымбаттаған.

Дәнді дақылдар (5,5 пайызға) мен қанттың (4,8 пайызға) бағасы ғана арзандағаны байқалды.

ӘЛЕМДЕГІ БАҒА
Ал әлемде соңғы айларда тамақ өнімдерінің бағасы біршама арзандаған. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі бойынша, азық-түлік бағаларының индексі қатарынан төрт ай бойы төмендеп, тамызда 2012 жылдың маусым айындағы ең төмен деңгейге жеткен.

Астық жинау. Қазақстан, Ақмола облысы, 11 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Астық жинау. Қазақстан, Ақмола облысы, 11 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл индекс негізгі азық-түлік өнімдерінің әлемдегі бағаларының ай сайынғы өзгерісін көрсетеді.

Тамызда астық бағасы индексі шілде айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7,2 пайызға төмендеген. Өсімдік майы мен майдың индексі де 3 пайызға төмендеген.

Ал ет бағасының индексі шілде айымен салыстырғанда 1,4 пайызға өскен.

Астықтың бағасы «биыл әлемде астық өндіру рекордты көрсеткішке жетіп, 2012 жылмен салыстырғанда 179 миллион тоннаға немесе 7,7 пайызға артады» деген болжамға байланысты арзандап отыр.

ВИДЕО: Азық-түлік бағасы туралы алматылықтар пікірі

XS
SM
MD
LG