Accessibility links

Қазақстанда инфляция қарқыны баяу деп бағаланды


Алматыдағы базар. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы базар. (Көрнекі сурет)

Ресми статистикаға қарағанда, былтыр коммуналдық тарифтер мен азық-түлік бағасы қымбаттағанымен, жыл қорытындылары бойынша инфляция болжамды деңгейден төмен болған.

Қазақстан статистика агенттігінің хабарлауынша, былтыр инфляция 4,8 пайыз болған. Бұл - халықаралық валюта қорының (ХВҚ) жазда берген болжамынан - 1,2 пайызға, ал Қазақстан ұлттық банкі жоспарлаған 6-8 пайыздан төмен.

Ресми деректербойынша, 2013 жылы азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағасы 3,3 пайызға, ал ақылы қызмет бағасы 8 пайызға өскен. Яғни, биыл қазақстандықтардың тұрмысы 1995 жылмен салыстырғанда бес еседен көп қымбаттаған.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫ

Тұтыну заттары бағасы индексіне сәйкес, былтыр қазақстандықтар азық-түлік тобына жататын тауарларды 2012 жылға қарағанда қымбатқа сатып алған. Азық-түлік тауарларының ішінде ең көп қымбаттағаны - жұмыртқа (22 пайыз) мен макарон өнімдері (6,1 пайыз).

Ресми статистика нан, ет, сары май бағасы көп қымбаттаған жоқ, ал көкөніс, құс еті мен өсімдік майы, керісінше арзандады” деп көрсетеді.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ЕМЕС ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕР

Сатушы. Теміртау. (Көрнекі сурет)

Сатушы. Теміртау. (Көрнекі сурет)

​Жылдық инфляция әсіресе, азық-түлікке жатпайтын тауар бағасы мен қызмет тарифтерінің қымбаттауы есебінен қатты өскен. Былтыр суық су тарифы - 46,2 пайызға, кәріз суының бағасы - 43,6 пайызға, қоқыс шығару - 15,2 пайызға, амбулаториялық қызмет көрсету ақысы- 12,2 пайызға, қатты отын 9,8 пайызға қымбаттаған.

​Статистика агенттігі деректері азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бағасы баяу болса да өскенін көрсетеді. Ал киім-кешек пен аяқкиім, тұрмыстық бұйымдар, қоғамдық көлік жолақысы, байланыс, ойын-сауық және білім беру бірер пайызға ғана қымбаттаған.

2012 жылмен салыстырғанда, былтыр сығымдалған газдың бағасы ғана 0,4 пайызға аразандаған.

ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ ЦИКЛ

Статистика агенттігінің деректерін талдау арқылы „тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы инфляцияның өсу қарқыны 7-8 жылда бір айналып келіп отырады” деген қорытынды жасауға болады.
Мұны статистика агенттігі деректері негізінде құрастырылған көрнекі кестеден байқауға болады:

1992 жылы 2960,8 пайыздық рекордтық деңгейге жеткен инфляция кейінгі алты жыл бойы азайып, 1998 жылы рекордты 1,9 пайызға дейін төмендеді. Бағаның келесі өсу қарқыны 1999 және 2007 жылы қайталанды. Ал қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында келесі инфляция айналымы енді қашан қайталанатынын дөп басып айту қиын. Ол шикізат ресурстарының әлемдегі бағасына, теңгенің нығаю деңгейі мен оның қазақстандық өндірушілерге тигізетін әсеріне байланысты болмақ. Ұлттық банк жылдық инфляция деңгейі 2014 жылы 6,6-6,8 пайыз шамасында болады деп болжайды.

Ал 2013 жылы тауар мен қызмет бағасы 1995 жылмен салыстырғанда 503,6 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде азық-түлік бағасы – 490 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 302,1 пайызға және ақылы қызмет 1 мың 191,4 пайызға өскен. Егер 1995 жылы сиыр етінің бір килограмының орташа бағасы елде 102 теңге (доллар бағамы 60,95 теңге) болса, былтыр желтоқсан айында ет 1 мың 186 теңгеден (доллар бағамы – 154,04 теңге) сатылды. Демек ресми статистика деректеріне сүйенсек, қазір қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі 1995 жылмен салыстырғанда бес еседен көп қымбаттаған.

(Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG