Accessibility links

Атабаев пен Мамайды қолдаған белсенділер он күнге қамалды


Бүгін Алматының мамандандырылған ауданаралық соты «Рух пен тіл» клубының мүшелері Инга Иманбай мен Анар Әбілдаеваны он күнге қамау туралы шешім шығарды. Белсенділер соттан кейін бірден тұтқындалды.

Анар Әбділдаева мен Инга Иманбай сотқа Атабаев пен Мамайдың суреті бар футболкалар киіп, басына ақ бантик тағып келген.

Белсенділер «заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін» әкімшілік кодекстің 373-бабы 3-тармағы бойынша сотталды.

СОТҚА СЕБЕП БОЛҒАН «ЗАҢСЫЗ МИТИНГ»

Маусымның 15-і күні бірнеше қоғамдық белсенді ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Алматы департаменті тергеу абақтысының алдына жиналып, сол күні таңертең қамалған театр режиссері Болат Атабаев пен азаматтық белсенді Жанболат Мамайды қудаламауды талап етті. Он шақты адам қуғынды тоқтатуды талап еткен ұран жазылған плакаттар ұстап шыққан. Жиналғандар ҰҚК тарапынан ешкім жауап бермегеннен кейін, тарқап кеткен.

Ол шараны мына жерден көре аласыз:


2012 жылы маусымның 20-сы күні "Рух пен тіл" ұйымының мүшелері Инга Иманбай, Саламат Омаш және Анар Әбілдаеваны Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына шақырған еді. Бұл турасында Азатыққа Иманбайдың өзі хабарлады.

Талап етушілердің арасында болған журналист Саламат Омаш бүгінгі сотқа келмеді. Janaozen.net порталының тілшісі Диас Бейсенбектің айтуынша, Саламат Омаш туыстарының қайтыс болуына байланысты сотқа келе алмаған.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТУҒАН КҮНІНЕ СЫЙЛЫҚ»

Журналист Диас Бейсенбек «Инга Иманбай сотта «қамаудан он күннен соң жаңа күшпен шығамын» деп мәлімдеді» дейді. Иманбай «президенттің туған күніне сыйлық жасайтынын» да айтқан. Сотқа журналистер, өзге қоғам белсенділері, саясаткерлер қатысқан.

2012 жылы 15 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйлерінен ұстап әкетті.
Қоғамдық белсенді Инга Иманбай сотта тұр. Алматы, 28 маусым 2012 жыл.

Қоғамдық белсенді Инга Иманбай сотта тұр. Алматы, 28 маусым 2012 жыл.


Театр режиссері Болат Атабаев және "Рух пен тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай маусымның 24-і Ақтауға жеткізілді.

2012 жылы маусымның 27-ісінде оппозициялық белсенділер Болат Атабаевқа, Жанболат Мамайға, Владимир Козлов пен Серік Сапарғалиға қосымша айыптың тағылғаны белгілі болды. 170-бап – «конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру», ал 235-бап – «қылмыстық топ құру».

170-бап бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінде 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін, ал 235-бап бойынша 8-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG