Accessibility links

Бастамашыл топ 16 күннің ішінде 5 миллионнан астам қол жинап үлгеріпті


Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Қаңтардың 11-і бастамашыл топтың жетекшісі Ерлан Сыдықов президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдайтын 5 миллионнан астам қазақстандықтың қолы қойылған парақтарды орталық сайлау комиссиясына табыс еткенін мәлімдеді.


Қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінде басшылық қызмет атқарып отырған қатардағы тарихшы айналасы бір-екі апта ішінде алыс-жақын ақпарат агенттіктері жарыса сілтеме жасайтын негізгі мәлімет көзі мен жаңалықтың тұрақты кейіпкеріне айналды. Президент Назарбаевты 2020-шы жылға дейін билік басында қалдыруды ұсынған Семей мемлекеттік университетнің ректоры Ерлан Сыдықовтың Астанаға келіп жетуі де, оның орталық сайлау комиссиясының табалдырығын аттауы да маңызды оқиғалардың біріне айналды.

ЕКІНШІ КЕЗЕҢГЕ АЯҚ БАСУ

Қаңтардың 11-і Астанаға келіп түскен бастамашыл топ жетекшісі Ерлан Сыдықов «Интерфакс-Казахстан» агенттігіне: «Орталық сайлау комиссиясы бастамашыл топтан 5 миллионнан астам қазақстандықтың қолы қойылған парақты қабылдап алды», - деп хабарлады.
Ерлан Сыдықов, Семей мемлекеттік университетінің ректоры

Енді орталық сайлау комиссиясы қол қойылған парақтардың қаншалықты заңды түрде рәсімделгенін анықтайды. Содан кейін ғана қол жинау акциясының нәтижесін қорытынды хаттамаға тіркейді. Нәтиже оң болып шыққан жағдайда сайлау комиссиясы аталған құжаттарды бір айдың ішінде президентке жіберуі керек.

Орталық сайлау комиссиясы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуді жақтаған бастамашыл топты 2010 жылғы желтоқсанның 27-і тіркеген еді.

Бастамашыл топ референдум кезінде: «Қазақстан Республикасының бірінші президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартасыз ба?» деген сауал қоюды ұсынады.

«5 МИЛЛИОН ҚОЛДЫ ТЕКСЕРУГЕ ҒАНА 100 КҮН КЕТЕР ЕДІ»

Бастамашыл топтың соңғы мәлімдемесіне қатысты Азаттық радиосына берген сұқбатында тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының төрағасы Владимир Козлов шынайы түрде 5 миллион қол жинауға бір жыл уақыт кетер еді деген пікір айтады.

- Бұл процедураны түсіну үшін екі технологиялық позицияны ұғып алу керек. Біріншісі – қол жинау науқанының өзі. Референдум туралы заң бойынша тек тіркелген бастамашыл топ мүшелері ғана қол жинауға құқылы. Жаңағы 850 адамның бүкіл Қазақстан бойынша қыстың күні қырауда көше-көшеде қол жинап шапқылап жүргені олардың жартысы – 450 болсын дейік.
Референдум туралы заң бойынша тек тіркелген бастамашыл топ мүшелері ғана қол жинауға құқылы.

Менің қаңтардың 8-і күнгі есебім бойынша олар айтқан 2 миллион 600 мың қолды осынша уақыт ішінде жинауға 11 мың адам керек болар еді. Ал мына жоғарының жарлығымен жиналған қолдарды заңсыз деп айтуға негіз бар. Өйткені қол жинаушылар түгел дерлік бастамашыл топ мүшелері емес. Негізінен әкімдіктің қызметкерлері, т.с.с.

Екінші технологиялық позиция – жиналған қолды тексеру. Берілген формада қол қоюшының аты-жөні, жеке бас куәлігі, мекен-жайы көрсетілген. Бастамашыл топ тіпті ең жылдам деген компьютерлер пайдаланған күннің өзінде, паспорт базасы бірнеше минут ішінде мыңдаған мәліметті анықтауға төтеп беретіндей болса да, білікті тексеруші мамандарды жұмылдырған жағдайда да (бұл үшеуі де оларда жоқ) тексеру парақшасындағы бір қолды анықтауға екі минут уақыт кетеді.
Науқан әділ түрде өткен жағдайда 5 миллион қол жинауға бір жыл кетер еді.

Егер қарапайым арифметиканы қолдансақ, мұндай жағдайда 100 тексеруші күні-түні жұмыс істегеннің өзінде 5 миллион қолдың растығын анықтау үшін 100 тәулік отырған болар еді. Бұған қоса қолды жеке-жеке парақшаға қоюды айтыңыз, оның бәрін тексерушілерге жеткізу машақатын айтыңыз.

Владимир Козловтың пайымдауынша аталмыш науқан әділ түрде өткен жағдайда 5 миллион қол жинауға бір жыл кетер еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы шілденің 6-ы 70 жасқа толды. Республиканың бұрынғы советтік жетекшісі 1991 жылдан бері үш мәрте тікелей сайлау арқылы, бір мәрте республикалық референдум арқылы билік басында қалған. Оның қазіргі президенттік мерзімі 2012 жылы аяқталады. Қазақстан парламенті 2007 жылы Назарбаевқа бірінші президент ретінде сайлауға шектеусіз түсе беру құқығын берді. Қазақстандағы барлық дерлік президенттік сайлаулар халықаралық ұйымдардың тарапынан әділдік тұрғысынан келгенде оң бағаланып көрген емес.

Қазір Қазақстандағы президентік өкілет мерзімі - 7 жыл. Бұл мерзім 2012 жылдан бастап қайта 5 жылға қысқарады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG