Accessibility links

Кеден одағын дамытуға мүдделі Ресей Қорғас бекетінен қауіптенеді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен кілт ұстап тұр. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен кілт ұстап тұр. (Көрнекі сурет)

Jamestown.org ұйымы Қазақстанның Қытаймен шекарадағы Қорғас бекетіне қатысты жасаған зерттеуін жариялады. Онда Астананың бұл бекетті Шығыс Азия мен Шығыс Еуропаны жалғайтын маңызды қалаға айналдыруды жоспарлап отырғаны айтылған.


Қазақстан парламенті маусым 28-інде елдегі транспорт қозғалысын реттейтін заңдарға біраз түзетулер енгізді. Жаңа заңдар «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясының Еуразияға жүк тасымалдау ісінде жетекші роль атқаруына жағдай жасамақ.

«ҚТЖ ҚОРҒАСҚА ҚЫЗЫҒЫП ОТЫР»

Jamestown.org («Джеймстаун.орг») ұйымының мамандары «Алайда мемлекетке қарасты бұл компанияның жаңаша қалай құрылатынын уақыт көрсетеді» дейді. Олар «ҚТЖ жаңа жобаны игеруге кірісіп те кеткенін» айтады.

Өткен айда ҚТЖ Лондон биржасындағы Еурооблигацияға 800 миллион доллар қаржы салған. Қазақстан халқының бақуатты бөлігі алдағы уақытта осы компанияға инвестиция салып, акциясын иемдене алады деген де болжам бар.

Jamestown-ның зерттеуінше, ҚТЖ келешекте Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекетін игергісі келеді. Бұған дейін Астана мен Пекин бірнеше рет кездесіп, Қорғаста еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) ашуға келіскен.
Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекетінде кәсіпкерлер кезекте тұр. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекетінде кәсіпкерлер кезекте тұр. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.


Зерттеуде Қазақстан-Қытай келісімдері бойынша екі елдің бизнесмендеріне жеңілдіктер, туризмге ыңғайлы ережелер қабылданған.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, Қорғас қалашығы Батыс-Қытай мен Шығыс-Еуропа жобасының ең маңызды бекеттерінің біріне айналуы мүмкін. Тіпті Қорғаста ірі алты жүк көлігін бір мезетте тексеріп, жылдам жібере алатын терминал да салынып қойған.

«РЕСЕЙДІҢ РЕНІШІ»

Jamestown ұйымы Қорғас бекетіндегі қазіргі жағдайды да сипаттайды. Зерттеуде «Қорғас бекетіндегі жүк көліктері қайтадан бұрынғы ескі кеден арқылы өте бастады» деп жазылған. Ескі кеденде кезекте тұрған көліктер тым көп. Қытай жағы келісім бойынша өз территориясына көптеген ғимараттар мен кеңселер салып қойған. Қытай салған үлкен екі базар әзірге қаңырап бос тұр. Қазақстан жағында да қайнап жатқан сауда жоқ.

Зерттеуде мамыр айында Арқанкерген заставасында 14 шакарашының қаза табуына байланысты Қазақстан үкіметінің шекарадағы сақтық шараларын күшейтіп жатқаны да жазылған.
Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Владимир Путин. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Владимир Путин. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.


Jamestown мамандарының пікірінше, Қорғастағы ЕЭА Ресей үшін тиімсіз. Себебі Қазақстанға өткен Қытай тауарлары Кеден одағына мүше Ресей мен Беларуське де таралады. Кеден ортақ болғандықтан, Қытай тауарлары Ресейге тексерусіз кіреді. Мәскеу болса, «Ресейді Қытайдың арзан тауары басып қалады және Астанаға Қытай ықпалы артады» деп қауіптенеді. Баяндамада «Астана бұл жобаны қалай да іске асыру үшін тағы басқа қуатты әріптестер іздестіріп жатқаны» да айтылған.

«ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ»

Jamestown-ның жазуынша, бұл жобаның халықаралық маңызы болғандықтан, ҚТЖ осы жобаға мүдделі тараптарды таба алады. Оған дәлел - Toyota фирмасы мамыр айында тауар тасымалы жөнінде ҚТЖ-мен келісім шартқа отырған. Болашақта Жапония, Оңтүстік Корея, басқа да Шығыс Азия елдерінің тауарлары Қорғас арқылы Қазақстанды басып өтіп, Шығыс Еуропаға төте жолмен жеткізіледі.

ҚТЖ-ның осы жобаны дамытуына Германияның Deutsche Bahn фирмасы техникалық жәрдем беріп, инвестиция салып отыр.

Зерттеуде Қорғас бекетін ҚТЖ толық бақылауға алғанға дейін (2011 жылға дейін - ред.), бекетті жемқорлық жайлап, мұнда контрабандалық топтардың қаптап кеткені жайлы да мәліметтер берілген. Сарапшылар «Қаржы полициясының араласуынан соң ғана мұндағы жағдай реттелді. Астана болашақта Қорғасты Шығыс Азия мен Шығыс Еуропаны жалғайтын маңызды бекеттердің біріне айналдырғысы келеді» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG