Accessibility links

«Ұлттық даралық табу» төңірегіндегі дау


Астанадағы Наурыз мейрамына қатысушылар. Көрнекі сурет

Астанадағы Наурыз мейрамына қатысушылар. Көрнекі сурет

Жеңіс күні жақындаған сайын және Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстанда азаматтық белсенділер ортасында ұлтаралық қатынастар тақырыбы туралы айтыс-тартыс қыза бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығы жақындаған сайын әлеуметтік желілерде «ұлт» тақырыбы мен Украинадағы ұлтаралық проблемалардың ушығуын Ресейдің Қырымды аннексиялап алуымен байланыстыруға қатысты пікірталастар күшейді. Азаматтық белсенділер мен әлеуметтік желіні пайдаланушылар кейде мүлде қайшы позиция ұстанады.

ЖЕЛІДЕГІ ЖӘНЕ ЗАЛДАҒЫ ДАУ

Осы аптада Алматыда өткен Қазақстандағы ұлт мәселесіне арналған дөңгелек үстел мен кейбір белсенділердің Азаттыққа берген комментарийлері сарапшылар позициясында ұқсастықтан гөрі, айырмашылық басым екенін көрсетті. Сарапшылар пікірі «билік ұлтаралық қатынастар саласындағы қиындықтар мен жанжалдарды жасырып-жапқан сайын қордаланған проблемалар ушығуы мүмкін» дегенге саяды.

Сыншылардың айтуынша, кейбір ұлтшылдар «Георгий лентасына қарсымыз» дегенді желеу етіп немесе әлеуметтік желілердегі ресейшіл қарсыластарын тұқыртып алу арқылы Қазақстанда орыстарға деген өшпенділікті қоздырғысы келеді. Сарапшылар қазір әлеуметтік желілерде өршіп тұрған айтыс-тартыстың шектен шығып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев «Қазақ ұлтшылдығы өзгені емес, өзін сынауы тиіс» дейді.

- Негізгі мәні - қазақ ұлтшылдығы өзгелерді кемсітуге емес, өз кемшілігін түзетуге тырысуы тиіс дегенді білдіретін қазақ ұлтшылдығының манифесін сонау студент кезімде жазғанмын, - дейді саясаттанушы.

Украинада өткен Бандераны қолдаушылар шеруі.

Украинада өткен Бандераны қолдаушылар шеруі.

Берік Әбдіғалиев Украинадағы ұлтаралық қатынастар саласындағы қазіргі дағдарыс себептерін бұрынғы президент Виктор Ющенко тұсында Украина басшылығы украин ұлтының сана-сезімін өсіру мақсатын дұрыс қойып, бірақ оған жетудің "жарамсыз құралдарын таңдап алғанынан" көреді.

- Шығыс Украина, әсіресе Қырым тұрғындары Мазепа мен Бандераны қаһарман ретінде танығысы келмеді. Ұлттық саясаттағы мұндай қателікті орыс тілін «қыспаққа алу» мүлдем ушықтырып жіберді, - дейді Берік Әбдіғалиев.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Украинадағы қазіргі ұлтшылдық орынды деп санайды. Өйткені бұл құбылысты Қырымды аннексиялап алу арқылы шығыс Украинадағы жағдайды ушықтырған путиндік Ресей тарапынан төнген қатер тудырған.

- Бірақ Қазақстанға төнген мұндай қатер жоқ болғандықтан, қазақ ұлтшылдарының орыстарға деген өшпенділігі, шын мәнінде путиндік шовинизмнің қазақы көрінісі, - дейді Сергей Дуванов.

Сергей Дувановтың айтуынша, Владимир Путиннің режимі қолдап отырған ұлыорыс шовинизмін аяусыз сынайтындардың бірі болғандықтан, кейде оны «русофоб» деп орынсыз атайды. Бірақ Дуванов кейбір қазақ белсенділерінің орыстарға деген өшпенділігі нацизмге барабар ұлтшылдықтың шектен шыққан формасы деп санайды.

Ал кейбір белсенділер мен бақылаушылардың пікірінше, ұлт-азаттық қозғалыс пен ұлттық мемлекетті қалыптастыру кезеңінде ұлтшылдық жағымды рөл атқарады.

- Махатма Ганди де, Абдель Насер де, Израиль мемлекетінің іргесін қалаған қайраткерлер де ұлтшыл болған, - дейді алматылық журналист Кенжебек Тоғыбаев.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың мәлімдеуінше, қазақ ұлтшылдығы Қазақстан қоғамының әлеуметтік және саяси дамуының маңызды факторы.

ҰЛТТЫҚ ДАРАЛЫҚТЫ ІЗДЕУ

Оптимистердің пікірінше, егер төлқұжатта ел азаматтарының ұлты көрсетілмесе, Қазақстанда ұлтаралық араздық болмауы мүмкін. Яғни, Қазақстанның бүкіл азаматы этникалық тегіне қарамастан, жоқ дегенде шетел паспортына «қазақстандық» деп жазылар еді. Кезінде биліктің «қазақстандық ұлт» түсінігін енгізуге тырысқан әрекеті ұлтшылдардың қарсылығына ұшырап, іске аспай қалған еді. Сарапшылар "бұл - ақын әрі саясаткер Мұхтар Шахановтың "еңбегі" дейді.

- Иә, әлгі «қазақстандық ұлт» дегеннің жолын кескен менмін. «Қазақстандық ұлт» дегеніміз «америкалық ұлт» деген сияқты емес пе. Егер қазақстандық ұлт деген ұғым енгізілсе, кейін өзін «қазақпын» деген адам сотталып кетуі мүмкін еді, - дейді Мұхтар Шаханов Азаттық тілшісіне.

Мұхтар Шаханов, ақын, саясаткер

Мұхтар Шаханов, ақын, саясаткер

Сарапшылардың пікірінше, биліктің барлық азаматтарды «қазақ» деп атау туралы ұсынысы да қабылданбаған. Өйткені бұл ұсынысқа қазақтар да, кейбір өзге этникалық топ жетекшілері де қарсы шыққан.

- Мен бұған қарсымын. Бірақ бұл - күрделі әрі қиын мәселе. Бұл мәселені жете ұғыну үшін көп зерделеу қажет, - дейді Мұхтар Шаханов Азаттық тілшісіне.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев этникалық тегі жоқ «азаматтық қазақ ұлты» түсінігін қарастыруды ұсынады. Ақын әрі саясаткер Мұхтар Шаханов Азаттық тілшісіне мұндай ұғым туралы естімегенін, бірақ Қазақстанда кез келген ұлтты этникалық тегінен айыруға қарсы екенін айтады.

Сарапшылардың көбі "ұлттық даралық туралы, Георгий лентасы сияқты белгіге қатысты айтыс-тартыс Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін және "Ресей Қазақстанның солтүстік аймақтарының бір бөлігін де тартып алуға тырысуы мүмкін" деген қауіптен кейін күшейді" деген пікірді құптайды. Ал Кремль мұндай пікірмен келіспейді. Осы аптадағы тікелей эфир кезінде Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің империя құру пиғылы жоғын, Кремль елдер арасында ашық шекара болғанын ғана қалайтынын мәлімдеді. Батыс Ресейді Қырым аннексиясын мойындауға және Украинаның ішкі ісіне араласуды тоқтатуға шақырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG