Accessibility links

4 ақпан – қатерлі ісікпен күрес күні. Азаттыққа сұхбат берген маман бұл аурудың алдын алу жолдарын әңгімелеп берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, 2013 жылы әлемде қатерлі ісікке шалдыққандар саны 14 миллион адам болған. Мұндай науқастар алдағы 20 жылда 22 миллионға жетеді деген болжам бар.

Қазақстандағы «Вместе против рака» («Қатерлі ісікке қарсы бірге») қоғамдық қорының дерегінше, елде қазір «рак» деген диагноз қойылған 140 мың адам тіркеуде тұр. Осы қордың директоры Гүлнар Қоңырова Қазақстанда да қатерлі ісікке шалдыққандар жыл сайын өсіп бара жатқанын, бұл дерттен жылына 17 мың адам көз жұматынын айтады.

Азаттық: – Қазақстандағы азаматтар бойында қатерлі ісік белгілері бар-жоғын қалай біле алады? Бұл дерттің алдын алуға арналған тексерістен өту тегін бе?

Гүлнар Қоңырова: – Қазақстан – ТМД аумағындағы онкологиялық ауруларды тегін емдейтін жалғыз ел. Қатерлі ісікті емдеу үшін азаматтардан бір тиын да алынбайды.

Қазақстанда қазір онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған 6 түрлі тексеріс тегін жүргізіледі. 50-60 жастағы әйел адамдар сүт безі рагына арналған «Вместе против рака» қорының директоры Гүлнар Қоңырова.

«Вместе против рака» қорының директоры Гүлнар Қоңырова.

тексерістен жыл сайын тегін өте алады. 30-60 жастағы әйел адамдар жатыр мойыны рагына қарсы тексерістен өтуіне болады. 50 жастан асқан ер және әйел адамдар асқазан, бауыр рагына арналған анализдерді де тегін тапсыра алады. Әр адам өзі тіркеуде тұрған емханаға барып тексеріледі.

Адам уақытында тексеріліп тұрса, рактың алдын алуға болады. Егер бұл ауру төменгі дәрежесінде ерте анықталса, оны жазу оңай. Қазақстанда ракты хирургиялық, химиялық, сәулелік терапиямен емдейді.

Азаттық: – Адам қатерлі ісік дертіне шалдықпас үшін не істеу керек?

Гүлнар Қоңырова: – Адам денсаулығын жыл сайын тексертіп, жыл сайын толық ультрадыбыстық тексеруден өтіп, қан және кіші дәрет анализдерін жасатып отырғаны жөн. Стрестік жағдайларға түсіп қалмау жағын ойлау керек. Стресс рак клеткаларын оятып жібереді.

Рак клеткасы әр адамда бар. Бұл клеткалар – дұрыс жетілмеген, мутацияланған клеткалар. Адам дұрыс тамақтанбаса, бұл клеткалар қарсы реакция беріп, ауру тудырады. Онымен күресу үшін адамның иммунитеті мықты болу керек. Мықты иммунитет рак клеткалармен күресіп, жеңеді. Сондықтан иммундық жүйені күшейтетін витаминдерді көп ішкен жөн. Жеміс-жидекті көп жеу қажет.

Қазақстанда мал еті сұранысқа ие. Бірақ мал етін көп жей бермей, тауық пен балықты араластырып отырған жөн. Майлы, тәтті және қуырылған асты аз жеу керек. Қантты, газды сусындарды мүлдем ішпеген жөн.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG