Accessibility links

Құрылысы бітпеген күрежолмен көліктер жүріп жатыр


Батыс Қытай - Батыс Еуропа күре жолының құрылыс жүріп жатқан бөлігі.

Батыс Қытай - Батыс Еуропа күре жолының құрылыс жүріп жатқан бөлігі.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолының Қазақстандағы құрылысы толық бітпесе де, жолдың кейбір бөлігімен көліктер жүріп жатыр. Мұнда жол апаты да жиі болады.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолының кейбір бөлігі салынып біткен. Пайдалануға берілген жолдың сапасы әзірге құзырлы комиссия тарапынан тексерілмеген.

ЖОЛДАҒЫ АПАТ

Азамат алты жылдан бері автобус жүргізеді. Ол салынып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізімен жиі жүреді. Алайда Азаматтың ойынша, «жаңа жолдан ескі жол жөн еді».

– Әрине, жаңа жолда уақыт, одан қалса бензин үнемделеді. Алайда өте қауіпті. Мәселен, құрылыс жұмыстары бітпегендіктен, жол белгілері толық қойылмаған. Қыс қыр астында. Қар түсіп, мұз қатқаны былай тұрсын, жаңбыр жауса, жол тайғақ, - дейді ол.
Күрежол бойындағы апат. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл.

Күрежол бойындағы апат. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл.


Азаматтың айтуынша, «жаңа жолда жол-көлік апаты жиі болады».

– Әсіресе көліктер түнде жиі соғысады. Өткенде бір аптада Ақыртөбедегі екі апатқа куә болдым. Жеңіл автокөлік үшке бөлініпті. Ішіндегі адамдардың тірі қалуы мүмкін емес. Ал екінші көліктің алдынан кірген темір артынан шыққан. Мұндай апаттардың қайсысын айта бересің, - дейді Азамат.

Ал жеке көлігімен Алматыға жолаушы тасып жүрген таксишілер жол-көлік апатының жиі болуын құрылыс жұмыстарының бітпегенімен байланыстырды.

– Жол құрылысшылары бір күнде жолдың бірде оң, енді бірде сол жақ бетін жауып тастап, жүретін жолды жиі өзгертеді. Жолдың жабылғанын білдіретін екі белгі болуы керек. Мұнда тек қана жабылған тұста ғана белгі тұрады. Айталық, Меркі мен Тараздың ортасында алдын ала қойылуға тиіс белгілер жоқтың қасы. Әсіресе Құланға дейінгі жолда мұндай қателіктер көп, - дейді аты-жөнін атамауды өтінген жүргізуші.

Оның айтуынша, Мерке, Шу, Қордайға дейінгі ескі жолға бетонды енді құйып, үстіне қиыршық тас төсеген. Бұл «бұршақ сияқты көлікке шашырап, әйнекті қиратып жатыр» дейді жүргізушілер.

ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ

Таксишілер жаңа жолдың бойына жол белгілерінің жеткілікті қойылмағаны жол полициясы қызметкерлеріне «ілік іздеуге» мүмкіндік беретінін айтты.

Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, Тараздан Алматыға дейін 40 шақты жол полициясы инспекторы көлік жүргізушілерін торуылдайды.
Күрежол бойындағы апатқа келген инспекторлар мен құтқарушылар. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл.

Күрежол бойындағы апатқа келген инспекторлар мен құтқарушылар. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл.


– Жол қауіпсіздігі белгілері толық қойылмағаны былай тұрсын, бұл жолдың технологиясы дұрыс па, бұрыс па - күмән туғызады. Мерке болсын, Қордай болсын, жол апатына ұшырағандар күнде кездеседі. Бұған тиісті белгілердің қойылмауы да, жүргізушілердің ережені сақтамауы да себеп, – дейді шағын автобустардың жүргізушілері.

Жамбыл облысы ішкі істер департаменті жол полициясы жеке батальонының командирі Дулат Махатовтың мәліметінше, қазір жол полициясы инспекторлары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының Жамбыл облысы Мерке ауданынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін қызмет көрсетеді. Жамбыл облысынан өтетін күре жолдың бойында 12 экипаж, яғни 24 инспектор жұмыс істейді.

«КОМИССИЯНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫНСЫЗ РҰҚСАТ ЕТТІК»

Жолдың тайғақ болатынын көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің директоры Ұлан Әліпов те мойындады.

– Бұл мәселені ескеріп, министрліктен қосымша құм, тұз төгетін арнайы жаңа көліктер сұратып жатырмыз. Жол жақсарды. Негізі дәл қазір бұл күре жолда жылдамдықты 110-ға дейін көтеруге болады. Бірақ тайғақта, құрылыс жүріп жатқан жерлерде жылдамдықты 50-ден асыруға болмайды. Ескеретін жайт - түсі қара болғандықтан, әдеттегі асфальт жолда мұздың қатқаны көрінеді. Ал жаңадан төселген бетон жолдың түсі ақшыл болғандықтан көзге бірден көріне қоймайды, - деді ол.
Күрежолдың бірбағыттық бөлігінде қарама-қарсы келе жатқан көліктер. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл.

Күрежолдың бірбағыттық бөлігінде қарама-қарсы келе жатқан көліктер. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл.


Ұлан Әліповтің айтуынша, тайғақ жол екенін, жылдамдықты азайту керек екенін білдіретін жол белгілері алдағы уақытта міндетті түрде қойылады.

– Қазір басқа жол болмағандықтан, жобада жазылғандай мемлекеттік комиссияның қорытындысынсыз, құрылысы толық аяқталмаса да көліктердің күре жолмен жүруіне рұқсат еттік. Сонда да жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс асырмау қажеттігін ескерткіміз келеді, - дейді ол.

Мердігер компаниялар мерзімінен бұрын құрылысын аяқтап, жолды пайдалануға бермек.

Халықаралық көлік дәлізінің облыстағы Құлан, Жақсылық және Көкдөнен ауылдарын айналып өтетін бөлігінің құрылысын бітірген мердігер компанияның директоры Леонид Стрельский:

- Жаңа жол халықаралық стандарттарға сай, - дейді.

Халықаралық маңызы бар дәл осы автобанның 495,3 шақырымы Жамбыл облысының Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов, Мерке, Шу және Қордай аудандарын басып өтеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG