Accessibility links

Интернет-кафеге енді төлқұжатпен кіргізеді


Алматының интернет-кафесінде отырған қыздар. Наурыз, 2009 жыл.
Алматының интернет-кафесінде отырған қыздар. Наурыз, 2009 жыл.

«Интернет-клубтарға арналған жаңа ережелер адамның ақпарат алу құқын шектейді әрі жеке өміріне қол сұғады» деп есептейді сарапшылар. Олардың пікірінше, үкіметтің бұл жаңалығы интернет-кафе бизнесін жүргізбей тастайды.


Жаңа жылдан бастап «Интернет желісіне қолжетімдік қызметтері туралы ережелер" (көлік және коммуникация министрлігінің берген атауы - ред) күшіне енді. Бұл ережелер интернет қолданушылардың құқықтары мен интернет-кафе қожайындарының пайда табу мүмкіндіктерін шектейді.

Мәселен, интернет-клубқа келген әр адам бейнекамераға түсіріледі, клиент туралы мәліметтер интернет-кафеде 6 айға дейін сақталады. Азаматтар енді интернетке қосылатын қоғамдық орындарға міндетті түрде жеке төлқұжатымен кіретін болады.

Бұл шаралар қаншалықты заңды, адам құқықтарын шектемей ме? Жаңа ереже қандай мақсатта енгізілген?

МИНИСТРЛІКТІҢ УӘЖІ

Көлік және коммуникация министрлігінің байланыс саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің бас маманы Ғарифолла Әлменбетовтың пікірі бойынша, бұл ережелер Қазақстан территориясындағы террористік топтар мен радикалды экстремистердің қоғамға ықпалына қарсы енгізіліп отыр.

Ғарифолла Әлменбетов «ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) террористік және экстремистік ұйымдардың қоғамдық интернетке қосылу орындарын пайдаланғанын, олардың осы арқылы аты-жөндерін жасырып, өз әрекеттерін іске асырғанын ескертіп келе жатыр» дейді.

«ӘР АДАМДЫ БАҚЫЛАУ МҮМКІН ЕМЕС»

Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығының президенті Талғат Ақуов жаңа ережелерді азаматтардың ақпарат алуға конституциялық құқықтарын шектеу деп санайды.

"Әр мейрамхана немесе кафеге бейне бақылау орната алмайсың"
- Әр мейрамхана немесе кафеге бейне бақылау орната алмайсың. Ал клиенттер туралы, кімнің қай компьютерді пайдаланғаны, қандай интернет-ресурстарға кіргені жөнінде, сол сияқты басқа да мәліметтерді кім тіркеп, кім жинастырып отырады екен? Бұл - ақымақтық, - дейді Ақуов.

Ақуовтың ойынша, Қазақстан биыл интернет-клубтардың 20 пайызынан айырылады. Өйткені, интернет-кафелерге баратындардың 70 пайызы балалар. Енді интернет-клубтарға олар да бармайтын болады.

ЖЫҒЫЛҒАН ҮСТІНЕ ЖҰДЫРЫҚ

Орал қаласының азаматтық белсендісі Дмитрий Щелоковтың болжауы бойынша, Қазақстандағы интернет-клубтардың 80 пайызы жабылуы мүмкін.

Ол «Интернет-кафелер онсыз да шағын кәсіптің жойылып бара жатқан түрі. Қазақстан билігі өзінің шағын және орта бизнесті қолдау туралы мәлімдемелеріне қарамастан, бизнестің бұл түрін тұншықтырып жатыр» дейді.

"Қазақстан билігі бизнестің бұл түрін тұншықтырып жатыр"
«Студия «Аналитический ресурс» тәуелсіз компаниясының директоры Павел Грудницкий Қазақстан билігінің интернетті бақылауға тырысуы ғаламдық үрдіске және интернеттің даму заңдылықтарына қайшы келетінін айтады. Оның пікірінше, бұл шаралар экстремистермен күресуге еш пайда бермейді:

- Менің ойымша интернетті қауіпсіз қылу үшін жасалып жатқан бұл шаралар мүлде тиімсіз, - дейді ол.

Грудницкийдің бұл пікіріне Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының қызметкері Андрей Гришин де қосылады.

Андрей Гришин «Интернет желісіне қосылу ережелерін қатайту «айтылмыш террористер мен экстремистерге» аса көп әсер етпейді, қатардағы интернет қолданушылар да көп зиян шекпейді, ең үлкен соққы онсыз да жойылып бара жатқан интернет-клуб бизнесіне тиеді» дейді.

Андрей Гришин, екінші жағынан биліктің бұл әрекетінде өзіндік логика бар екенін айтады:

- Билік интернетті бақылау үшін түрлі амалдар жасап келеді. Бұл жаңа ережелер де сол ниеттен шыққан, - дейді ол.

Көлік және коммуникация министрлігінің қызметкері Ғарифолла Әлменбетов «Интернет қызметін пайдаланудың жаңа ережелері балалар құқын қорғау үшін де керек. Өйткені, балалар инернет-клубтардың негізгі клиенттері» дейді.

Үкіметтің қаулысында 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге интернет-кафелерге кіруге тыйым салынбайды, бірақ олар интернет желісіне қосылудың қоғамдық нүктелеріне барған кезде оқу орны берген, суреттері жапсырылған ресми анықтамаларын көрсетуі керек.

«ЖАҢАӨЗЕННЕН КЕЙІН ЕНГІЗІЛГЕН ЕРЕЖЕ»

«Бұл мәселеге балаларды араластырудың реті жоқ» дейді Дмитрий Щелоков. Оның пікірінше, бұл жерде билік «интернетті үйінде пайдаланатындарды бақылау оңай, ендігі кезекте интернет-клубтарды қадағалау қажет» деген шешімге келген.

- Бұл, сөз жоқ, биліктің Жаңаөзенде халыққа полицияның оқ жаудырған видеосының интернетте пайда болғанынан кейінгі әрекеті. Билік интернеттен де ақпарат шығармауды көздейді. Бірақ, олардың бұл әрекеті – сандырақ. Адамдар бәрібір интернетке прокси-серверлер арқылы кіре береді. Оның үстіне қазір компьютерлік клубтарды көп адам пайдаланбайды - дейді ол.

"Бұл биліктің Жаңаөзенде полицияның халыққа оқ жаудырған видеосы пайда болғаннан кейінгі әрекеті"
Андрей Гришин «Интернет желісіне қолжетімдік қызметтері туралы ережелердің" БАҚ-та жарияланбастан енгізілуін Қазақстанда кейінгі уақытта жиі болып жатқан «құқықтық коллизияға» жатқызады.

10 жыл бұрын эмиграцияға кеткен оппозициялық саясаткер әрі журналист Лира Байсейітова Швейцарияда жаңа заңдар мен ережелер туралы әр азаматқа жеке хабарланатынын айтты.

- Швейцарияда заңға жаңадан енгізілген кез-келген өзгерістер мен түзетулер туралы азаматтардың үйлеріне хат жіберіледі. Ол хаттар барлық мекен-жайға жеткізіледі, - дейді ол.

Бұл мақалада интернетті пайдалануға қойылған шектеулер жайында сарапшылар пікірі берілді.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасы:
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:30 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG