Accessibility links

Сарапшылар экстремизмнің күшеюін Skype-тан да көреді


Сириядағы қазақ "жихадшылар" туралы видеодан алынған скришот.

Сириядағы қазақ "жихадшылар" туралы видеодан алынған скришот.

Қазақстандық сарапшылар «Жастар интернетке көшті, енді терроризммен интернетте күресу жолдарын меңгеруіміз керек» дейді. Алайда «күрес» кезінде заң шеңберіндегі материалдар да бұғатталып, сөз бостандығына нұқсан келіп жататыны бар.

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының насихаты күшейген сайын, оның ішінде Қазақстаннан Сирияға аттанған «жиһадшылардың» үгіт видеолары дүркін-дүркін жарияланған тұста Қазақстан үшін интернеттегі экстремистік материалдарды таратпау мен желідегі экстремистік уағызбен күресті тиімді жүргізудің маңызы артып тұр.

Алайда кейбір сарапшылар «Терроризммен күресте адам құқығы мен сөз бостандығы, заң үстемдігі сақталмаса, мемлекет осы әрекетімен террористерге «жәрдемдесіп», өзі жеңіліс табады» деген пікір айтады.

ИНТЕРНЕТТЕГІ ЭКСТРЕМИСТІК УАҒЫЗ

Саясаттанушы Ерлан Қарин Қазақстандағы экстремизммен күрестің сипаты өзгергенін айтады. Ол «Бұрын жыл сайын ішкі істер министрлігі «терроризм мен экстремизмді насихаттайтын баспа өнімдерін тәркіледік» деп есеп беретін. Соңғы жылдары тәркіленетін өнім күрт азайды. Бұл терроризммен күрес нәтижелі деген сөз емес. Қазір баспа өнімі керек болмай қалды. Біз енді терроризммен интернет бетінде күресу жолдарын меңгеруіміз керек» дейді.

Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин.

Қариннің сөзіне қарағанда, интернеттегі экстремистік уағыз күшейіп барады, мәселен «Қазақстанда 2011 жылы - 400, 2012 жылы - 500, 2013 жылы 590-ға жуық радикалдық-экстремистік үгіт-насихат жүргізген интернет ресурстар жабылған».

Сарапшылар ойынша, қазіргі террорлық ұйым мүшелерінің ішінде «интернет менеджментін» меңгерген мамандар бар. Экстремистер кейінгі жылдары әлеуметтік желі ғана емес, түрлі интернет қосымшаларды да пайдаланады. Қарашаның 25-і Астанада өткен «Терроризм және интернет» халықаралық конференциясына қатысқан Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің өкілі Мұхан Исахан «Деструктивті ағым жетекшілері немесе Қазақстаннан қуылып кеткен діни ағым өкілдері Мекке, Мединеден skype (интернет қосымша – ред.) арқылы аптаның белгілі бір күні уағыз жүргізеді. Қазақстанда мыңдаған адам сол экстремистік уағыздарды тыңдап жүр» деген мәлімет айтты.

Ал «Астана Зерттеу» қоғамдық бірлестігінің биылғы зерттеуіне қарағанда, «қазіргі жастардың 63,4 пайызы ақпаратты тек интернеттен алады, 44 пайызы дінге сенеді».

БҰҒАТТАУҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ

Сарапшылар арасында экстремистердің қоғамға интернет арқылы әсер етуіне тосқауыл қою тәсілдеріне қатысты әртүрлі пікір бар. Олардың кейбірі экстремистік уағыздармен сол интернеттің өзіндегі діни-танымдық материалдарды көбейту арқылы күресуді ұсынады. Мәдениет және спорт министрлігі өкілі Мұхан Исахан:

Интернет-кафеде отырған жастар. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернет-кафеде отырған жастар. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Діни басқарма мешіттерінің сайттары ашылғанымен, олар әлі жеткіліксіз. Биыл әлеуметтік желіде дәстүрлі исламды насихаттауға 8 сарапшы, 12 блогерді жұмыс істетіп жатырмыз. Бірақ интернетте діни-танымдық мақалалар әлі де өте аз. Әлеуметтік желіде мамандар санын арттыруымыз керек, - дейді.

Ал Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев интернет арқылы уағыз жүргізетін экстремистердің аты-жөнін, жүрген жерін анықтаудың, олар жариялап жатқан материалдарды бұғаттап үлгерудің қиындағанын айтады.

- Терроризмді дәріптейтін бір сайтты жапқанмен, екіншісі ашылады. Оның үстіне олар әлеуметтік желіге еніп кетіп, анықтау, ізіне түсу, бұғаттау жұмыстарын қиындатты, - дейді ол.

Бұл пікірмен келісетін Мұхан Исахан «Интернеттегі материалға сараптама жасалғанша жұрт теріс уағыздан құлағдар болып үлгереді. Күдікті ақпаратты сарапшылар мен сот шешімі шыққанға дейін бұғаттауға мүмкіндік беретін мораторий жарияланса» деген ұсыныс айтады.

Ал Астана қаласындағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Наталья Зарудная Азаттық тілшісіне:

- Терроризммен күресте адам құқығы мен сөз бостандығы және заң үстемдігі сақталмаса, онда мемлекет осы әрекетімен террористерге жәрдемдесіп, өзі жеңіліс табады, - деген пікірін айтты.

Сириядағы «жиһадшы» қазақ балалар туралы интернетте жарияланған роликтің скриншоты.

Сириядағы «жиһадшы» қазақ балалар туралы интернетте жарияланған роликтің скриншоты.

Экстремистік материалды бұғаттау оқиғасы Қазақстанда осы аптада ғана болған еді. Қарашаның 24-і күні Қазақстан бас прокуратурасы Сириядағы «жиһадшы» балалар туралы интернетте жарияланған (қарашаның 22-сінде) роликтің мазмұны «терроризмді насихаттау және ақтау деп танылғанын» мәлімдеп, роликті және оның жекелеген эпизодтарын Қазақстан территориясында таратудан бас тартуды ұсынған. Осы ескертуге байланысты Азаттық сайтында қарашаның 23-і күні жарияланған ИМ-нің «жиһадшы қазақ балалар» туралы видео таратқаны жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі материалдары (мақалада видео немесе оның сілтемесі берілмеген – ред.) мен басқа да жергілікті сайттардың мақалалары ашылмай қалды.

Осы ретте Азаттыққа сұхбат берген «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева «Шенеуніктер «әйтеуір жұмысымнан айырылып қалмасам болды» деген оймен барлығын жауып, бұғаттап, күні бұрын сақтанып отыр. Ал оның ішінде өркениетті шеңберде жазылып, оқырманға дұрыс бағыт беретін материалдар да кетіп жатады» деп, бұғаттау науқанындағы асыра сілтеу жөнінде айтқан еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG