Accessibility links

Сөз бостандығына келгенде «Қазақстаннан үлгі алмау керек»


«Фридом Хауз» ұйымының өкілі Вячеслав Абрамов. Алматы, 3 мамыр 2011 жыл.
«Фридом Хауз» ұйымының өкілі Вячеслав Абрамов. Алматы, 3 мамыр 2011 жыл.

«Қазақстанда сөз бостандығы ахуалының жақсаратын түрі жоқ» дейді баспасөз қорғау ұйымы. Ал құқық қорғаушылар «интернеттті реттеу» саласында Қазақстанның қателігін қайталамауға шақырады.


Дүниежүзілік сөз бостандығын қорғау күніне орай мамырдың 3-і күні Алматыда «ХХІ ғасырдағы БАҚ: жаңа мүмкіндіктер мен тосқауылдар» атты дөңгелек үстел өтіп, оған осы салада жүрген Қазақстан, Тәжікстанның мамандары, құқық қорғаушылары қатысқан еді.

МІНДЕТ ПЕН ҚҰҚЫҚ

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын он жылдан астам уақыттан бері үздіксіз бақылап келе жатқан «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының басшысы Тамара Калееваның айтуынша, «елдегі журналистердің міндеті – көп, құқықтары да жиі бұзылады».

– Бір ғана Азаматтық кодекстің өзі – айтылмаған жыр. Қазір «іскерлік беделге нұқсан келтірді», «ар-намысты қорлады» деген желеумен кез-келген ақпарат құралын тақырға отырғызуға болады. Арыздану мерзіміне шек қойылмаған. Моральдық өтемақының көлемі де шексіз. Негізі, арыздану мерзімін шектеу
«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының басшысы Тамара Калеева. Алматы, 3 мамыр 2011 жыл.
туралы норма Адам құқығы бойынша 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс- қимыл жоспарында қарастырылған. Біз жақында ғана осы жоспардың қалай жүзеге асырылып жатқанын зерттеген едік. Бұл тұрғыда Қазақстанда мүлде ештеңе атқарылмаған болып шықты, – дейді Тамара Калеева.

Ол бұл нормалардың азаматтық қоғамды қатыстырмай, біржақты жазылғанын да сынап өтті.

Дөңгелек үстел барысында мамандар Орталық Азия елдері (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан) кезігіп отырған тоқсауылдар туралы ой бөлісті. Бұл тұрғыда Орталық Азия елдерін бірдей толғандыратын ортақ проблемалар ретінде айтылғандар – ақпарат алудағы қиындықтар, өсек-аяң, кемсітушілікке қылмыстық жаза қолдану (декриминализация), журналистерге шабуыл жасау, қорқыту, т.б.

Қазақстандағы мамандар «коммерциялық құпия» деген желеумен қарапайым ақпараттың өзі журналистерге берілмейтінін айтса, Тәжікстаннан келген құқық қорғаушы журналистерге ақпарат беру мерзімінің әлі күнге дейін өзгеріссіз (30-45 күн) қалып келе жатқанына шағымданды. Мамандардың сөзіне қарағанда, Қырғызстанда ақпарат беру мерзімі де белгіленбеген.

Қырғызстандағы сөз бостандығының хал-ахуалына тоқталған «Фридом Хауз» ұйымының өкілі Вячеслав Абрамовтың пікірінше, Қырғызстанда (екінші демократиялық толқудан кейін де) журналист болу – ең қауіпті мамандықтардың бірі.

– 2010 жылғы оқиғадан кейін Қырғызстанда сөз бостандығы аясында журналистердің құқын шектейтін ешқандай заң қабылданған жоқ. Бірақ қолданыстағы заңның практикасы нашарлаған. Екінші демократиялық толқудан кейін де журналистер түрлі саяси топтардың ықпалында қалды. Мемлекет журналистердің қауіпсіздігін сақтауға күш салып отырған жоқ, – дейді Вячеслав Абрамов.

Оның айтуынша, өткен жылдан бері ондаған журналист соққыға жығылып, бірнеше журналист елден кетуге мәжбүр болған. Қырғызстанда өзіндік цензураның деңгейі жоғарылап, осының кесірінен көптеген редакциялар қоғамдық маңызды проблемаларды қозғауға бата алмайды. Бірақ ол Қырғызстанның Орталық Азия кеңістігінде бірінші боп БАҚ-тағы пікір әр алуандылығына қол жеткізгенін айтып өтті.

– Көптеген халықаралық ұйымдардың бақылауынша, елдегі арналар мен радиолар белгілі бір оқиғаны біржақты баяндамайтын болған. Олар саяси күштердің барлығына бірдей мүмкіндік береді, – дейді Вячеслав Абрамов.

«ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАЗАҚСТАННАН ҮЛГІ АЛМАУЫ КЕРЕК»

Мамандардың сөзіне қарағанда, Қырғызстан, Тәжікстанның билік орындары интернет кеңістігін Қазақстан сияқты бақылауға тырысады. Құқық қорғаушы Вячеслав Абрамовтың айтуынша, қазір Қырғызстанда «интернетті заңмен реттеу қажет пе?» деген мәселе қызу талқыланып жатыр. «Бірақ бұл тұста Қырғызстан Қазақстаннан үлгі алмауы қажет» дейді ол.

– Егер мұндай заң жобасы талқыланса, онда оған азаматтық қоғамды да белсенді араластыруға шақырамыз. Ең бастысы, бұл заң жобасы Қазақстанда қабылданған интернетті реттеу туралы заң үлгісінде жасалмауы қажет. Себебі Қазақстандағы бұл заң, көптеген ұйымдардың бағалауынша, азаматтардың құқын өрескел бұзатын заңдар қатарына кіреді, – дейді Вячеслав Абрамов.

Тәжікстандағы баспасөз қорғау ұйымының өкілі Нуриддин Коршибаевтың айтуынша, елде ұлттық заңнаманы халықаралық стандартқа икемдеу жағы биік мінберлерден жиі естілгенмен орындалмайды. «Қазір талқыланып жатқан БАҚ туралы жаңа заң жобасының интернетке қатысты бөлігі кімнің құқын қорғайтыны әлі белгісіз» дейді ол.

– Біздегі заң шығарушы органдар қазіргі таңда талқыланып жатқан БАҚ туралы заңға «интернет журналистика» ұғымын енгізгісі келеді. Бірақ бұған ақпараттық технология саласында жүрген әріптестеріміз қарсы. Біз олармен келісеміз де. Қазір «онлайн басылымдар мен ғаламтор арқылы хабар тарататын ақпарат құралдарын қай қатарға жатқызамыз?» деген сұрақ төңірегінде елде қызу пікірталастар жалғасып жатыр. Осыған орай жаңа жұмыс тобы да құрылды, – деді Нуриддин Коршибаев.

Ресми дерек бойынша, қазір Қазақстанда үш мыңнан астам ақпарат құралы жұмыс істеп тұр. Олардың 91 пайызы (2750-і) – газет-журнал; 8,5 пайызы – электронды БАҚ (63 телеарна, 42 радиокомпания, 146 кабельдік арна, 6 спутниктік хабар тарататын телеарна); 0,5 пайызы (11-і) – ақпарат агенттіктері.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG