Accessibility links

Ашылмай тұрған вебсайттарға кіру үшін тұтынушылар байланыс министрлігімен соттасып жатыр


Қазақстанның байланыс және ақпарат министрлігіне қарсы екі аптаның ішінде 121 сот шағымы түсті. Арызданушылар елде ашылмай тұрған бірқатар вебсайттарға интернетте тосқауыл қойылмауын талап етті. Министрліктегілер жауап бермей отыр.

АҚПАРАТ АЛУ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАП...

«Еркін интернет үшін» қозғалысы өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда әлемдік ғаламторды пайдаланушылар үш аптадан бері «Республика» порталына, бұған қоса бір жарым жылдан бері «LiveJournal» және жарты жылға жуық уақыттан бері «Blogpost» сайттарын аша алмай отыр.

Бейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген қозғалыс өкілдері бұл сайттарды жабу туралы сот шешімі жоқ екендігін айтып, олардың ел аумағында ашылмай қалуының артында Қазақстандағы ірі провайдер - «Қазақтелеком» тұр ма деген күдіктерін жасырмады.
Евгения Плахина, "Еркін интернет үшін" қозғалысының мүшесі. Алматы, 20 мамыр 2010 жыл.

Министрлікке қарсы арызданғандардың бірі журналист Евгения Плахинаның айтуынша, қозғалыс өкілдері «Қазақтелекомға» хат жазып, провайдер ғимаратына алдында шағын флеш-моб өткізген. Сол іс-әрекеттері үшін қозғалыстың екі белсендісі – Ирина Медникова мен Жанна Байтеловаға әкімшілік айыппұл салынды. Ал, «Қазақтелеком» интернет пайдаланушылардың сауалдарына жауап бермеген.

- Соған байланысты біз бұл мәселені заңмен шешуді көздеп отырмыз. Біз Қазақстан заңындағы ақпарат алу және тарату құқығын пайдаланғымыз келеді, - дейді Евгения Плахина.

Алғашқы шағымды осыдан екі апта бұрын Алматыдағы Алматы аудандық сотына өткізген Плахина сот мәжілісі өтетін күн әлі белгіленбегендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, шағымданушылар бар болғаны интернет сайттардың қолданушыларға жетуін талап етіп отыр.

«МИНИСТРЛІККЕ ҚАРСЫ ШАҒЫМ ӨТКІЗУ ҚИЫН»

«Еркін интернет үшін» қозғалысының мәліметі бойынша, 7 мамырдан бері байланыс және ақпарат министрлігіне қарсы Астана, Алматы, Орал, Семей, Өскемен, Петровал, Шымкент қалаларындағы, бұған қоса Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарындағы соттарға шағым түскен.
Ольга Тейковцева, "Еркін интернет үшін" қозғалысының мүшесі. Алматы, 20 мамыр 2010 жыл.

Шағымдардың бірін Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотына Ольга Тейковцева тапсырыпты. Оның айтуынша, аудандық сотта министрлікке қарсы шағымды бірден қабылдай салмаған.

- Сотқа шағым беру үшін үш мәрте баруға тура келді. Әуелі менен үй кітапшасын әкелуімді сұрады, келесі жолы мемлекеттік төлемге қатысты мәселелер туындады. Ақыр соңында арызды қабылдап алды. Мен аяғына дейін баруға дайынмын, - деді интернет пайдаланушы.

«Еркін интернет үшін» қозғалысының тағы бір өкілі Леонид Кочетовтың айтуынша, пайдаланушылар интернет үшін ақша төлейді және провайдер келісім шарттарын мүлтіксіз орындауы тиіс.

- Провайдер Қазақстан заңдарына қайшы ақпарат таратпайтын сайттардың барлығын пайдаланушыға жеткізуі тиіс. Сондықтан біз барлық пайдаланушыларды байланыс және ақпарат министрлігін сотқа беруге шақырамыз. Бәлкім, сол мекемедегілер бізге көмектесер? – дейді Кочетов.

Леонид Кочетов, "Еркін интернет үшін" қозғалысының мүшесі. Алматы, 20 мамыр 2010 жыл.
МИНИСТРЛІК САЯСАТЫ


Байланыс және ақпарат министрлігіне хабарласқанымызда, мекеменің баспасөз хатшысы Сәуле Мұқашева журналистердің сауалдарына рұқсатпен ғана жауап берілетіндігін айтты.

- Бұл туралы хатпен ғана жауап ала аласыз. Әдетте үш күнде жауап береміз, - деді министрлік өкілі.

«Еркін интернет үшін» қозғалысы үкіметтің БАҚ туралы заңға өзгертулер енгізуіне қарсы күресу мақсатында 2009 жылы 2 наурызда құрылған болатын. Интернет тұтынушылардың басын біріктіруші бастамашыл топтың алғашқы наразылық іс-әрекеті«Мәсімовке миллион сұрақ» акциясымен басталған-ды.

Қазақ қоғамы мен халықаралық қауымдастықтың жаппай қарсылығына қарамастан, 2009 жылы шілдеде президент Нұрсұлтан Назарбаев интернетке мемлекеттік бақылауды күшейтетін заңға қол қойды. Содан бері Қазақстанда барлық интернет ресурс, оның ішінде форумдар, блогтар, чаттар мен электрондық кітапханалар баспасөз құралдарына жатады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG