Accessibility links

Азаттық материалдарының блокталуы жиіледі


Азаттық сайтын қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)

Азаттық сайтын қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)

Жыл басынан бері үш мәрте қайталанған бұғатталу себебін кейбір IT мамандар провайдерден көреді. Ал «Қазақтелеком» ақаудың «өздерінен емес» екенін айтады.

Тамыздың 15-і күні Азаттықтың қазақ және орыс тілдеріндегі вебсайттарына жарияланған астаналық саяжай тұрғындарының үйлерінен күштеп көшірілуі және оларды полицияның ұстап әкетуі туралы жаңалықтар ашылмай қалды.

Вебсайт тұтас ашылып тұрғанмен оң бағанадағы жаңалықтардың ашылмай тұрғанын редакцияға оқырмандар да хабарлап жатты. Интернетке елдегі ең ірі мемлекеттік провайдер «Қазақтелекомның» «Мегалайн» қызметі арқылы, бұған қоса «Базис-Телеком» және «Beeline» провайдерлері арқылы қосылған қолданушылар осы қиындыққа ұшырады.

Астанадағы үй сүруге қарсы наразылар туралы Азаттық сайтындағы ашылмай қалған жаңалық парағының скриншоты.

Астанадағы үй сүруге қарсы наразылар туралы Азаттық сайтындағы ашылмай қалған жаңалық парағының скриншоты.

Азаттық тілшісі «Қазақтелеком» компаниясының техникалық қызмет көрсету орталығына хабарласқан кезде өзін Бауыржан Ермекбай деп таныстырған қызметкер «компанияның сайттарды ешқашан бұғаттап көрмегенін» айтты.

«Компанияның баспасөз қызметі жоқ. Ал шағымдарды компанияның ресми сайтында қалдыра аласыз» деді ол.

Мұндай нәрсе алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін шілде айында Сириядағы қазақ жиһадшылары туралы мақаланың URL-адресі де дәл осылайша бұғатталып, ашылмай қалған болатын. Оның алдында мамыр және сәуір айларында Еуразия экономикалық одағына қатысты ұйымдастырылған түрлі әлеуметтік қарсылық шаралары жайлы мақалалар мен видеолар да осылайша жеке бет ретінде ашылмай қалған еді.

«МӘСЕЛЕ – ПРОВАЙДЕРДЕН»

Азаттық тілшісі соңғы уақытта жиілеп кеткен мұндай «құбылыстардың» себебін интернет мамандарының көмегімен анықтауға тырысып көрді. Дәл осы мәселеге орай кішігірім сынақ жасап көрген ІТ маман Нұржол Табиғат шектеудің провайдер тарапынан екенін айтады.

Интернетке бақылауды күшейтетін заң жобасына қарсылық акциясы кезінде интернет-форумдардағы жарнама белгі. Алматы, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернетке бақылауды күшейтетін заң жобасына қарсылық акциясы кезінде интернет-форумдардағы жарнама белгі. Алматы, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

«Мен Ресей мен Германияның анонимайзерлері арқылы сілтемеге кіріп көрдім. Екі елде де Азаттық сілтемесі ашылып тұр. Демек, проблеманың Қазақстан тарапынан болып жатқаны анық. Себебі бір браузерден, бір провайдерден ашылмай тұрған сілтеме дәл сол браузермен екінші прокси-серверден ашылып тұр. Бұл жерде проблема провайдер тарапынан болып отырғаны анық. Бірақ олар тапсырма арқылы жасады ма, әлде провайдердің техникалық ақауы ма – белгісіз» дейді Нұржол Табиғат.

IT маман Ерлан Оспан қазіргі кезде провайдердің сайттың жекелеген парақшаларын бұғаттап тастау мүмкіндігі барын айтады.

«Сайттағы URL адресті ғана емес, тіпті жазба ішіндегі суретті де бөлек бұғаттап тастауға болады. Ол үшін прокси-программада қажетті сілтемені қара тізімге қосып қою ғана жеткілікті. Бірақ жүз пайыз олай жасау мүмкін емес. Себебі кез-келген ел қандай да бір деңгейде әлемдік коммуникацияға интеграцияланған» дейді ол.

ОҚЫҢЫЗ: Анонимайзермен интернет қарау дағдыға айналды

IT мамандар соңғы технология жетістіктерін өз мақсатында пайдалану арқылы провайдерлер жекелеген парақшаларды бұғаттауға қол жеткізгенін айтады. Солардың бірі Тимур Бектұр әйткенмен Қазақстан жағдайында мұндай шектеудің барын провайдерлердің мойындай қоюы қиын екенін ескертеді.

«Егер [провайдер] жекелеген материалдарды бұғаттап тұрса, демек бұғаттай алатын болғаны. Websense секілді бағдарламалар провайдерлік деңгейде бұғаттайтын болуы керек, қателеспесем. Ал енді оны дәлелдеу... Біздің еліміздің провайдерлері бақандай екі жыл бойы тұтастай WоrdPress-ті (халықаралық блог-платформа – ред.) «біз бұғаттаған жоқпыз» деп мойындамай келгенде, Азаттықтың жекелеген материалдарын бұғаттағандарын мойындай қоятынына сенбеймін» дейді ол.

«ТАЗАЛАУ» ҚҰРАЛДАРЫ

Әзірше қазақстандық қолданушылар жекелеген веб-жарияланымдардың бұғатталуы туралы жаппай шағымдана бастаған жоқ. Бірақ бейресми жанама цензураның мұндай түрі көршілес Ресейде жиі байқалады.

Ресей Мемлекеттік думасы алдында интернеттегі цензураға қарсылық акциясын өткізіп тұрған адам. Мәскеу, 11 шілде 2012 жыл.

Ресей Мемлекеттік думасы алдында интернеттегі цензураға қарсылық акциясын өткізіп тұрған адам. Мәскеу, 11 шілде 2012 жыл.

Ресейде жекелеген парақшаларды жабу үшін түрлі фильтрация амалдары қолданылады.

Солардың бірі – Deep Packet Inspection. Бұл – жекелеген парақшаларды жауып, қолданушылардың желідегі әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін сүзгі-технология. IT мамандардың бағалауынша, Deep Packet Inspection технологиясы арнайы қызмет өкілдері үшін интернет қолданушылардың белсенділігін бақылаудың таптырмас құралы.

Қазір қолданушылар бұл технологияны «ВымпелКом» мен МТС сияқты ресейлік ірі операторлардың қолдануы мүмкін екені туралы мәліметті жиі талқылап жүр. «Ростелеком» өткен жылдың аяғында «тыйым салынған сайттарды 2014 жылдан бастап IP-адрес бойынша емес, URL-адрес бойынша жабатынын» мәлімдеген болатын.

Қазақстандағы ең ірі провайдер «Қазақтелекомның» мұндай технологияны қолдану мүмкіндігі туралы тек бейресми ақпарат бар. 2013 жылы Freedom House ұйымы Қазақстан үкіметінің интернет қолданушыларды бақылау үшін түрлі механизмдерді қолданатынын, елде кемінде бір телекоммуникация саласындағы провайдердің Deep Packet Inspection технологиясын қолданғанын жазған еді.

Интернет еркіндігі рейтингі (0 - еркіндігі көп, 100 - еркіндігі аз). 7 қазан 2013 жыл.

Интернет еркіндігі рейтингі (0 - еркіндігі көп, 100 - еркіндігі аз). 7 қазан 2013 жыл.

Ұйымның мәліметінше, Қазақстандағы телекоммуникация және ақпараттық технология саласында көптеген қызмет көрсететін ірі байланыс операторы «KazTransCom» 2012 жылы Deep Packet Inspection технологиясын тестілеуден өткізе бастаған. Дәл сол мезгілде көптеген қолданушылар программалық жабдықтауларды жүктей алмағанын хабарлап шағымданған.

Наурыз айында сөз бостандығын қорғаумен айналысатын «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымы «Интернеттің жаулары» деп аталатын жыл сайынғы есебінде Қазақстанда интернетке шектеу қою жылдан жылға күшейіп келе жатқанын мәлімдеген болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG