Accessibility links

Қазақстандағы «КЗ доменінсіз бір сағат» акциясына Түркиядағы Конгреске қатысушылар да қолдау білдірді


13 мамыр күні көптеген компьютерлер бір сағат бойына осылайша өшіп тұрды.
13 мамыр күні көптеген компьютерлер бір сағат бойына осылайша өшіп тұрды.

«Медианет» халықаралық журналистика орталығының мамандары бұл күнгі акцияға қазақстандық 30-ға тарта интернет сайт қолдау білдіргенін айтады. Дәл осы күні «Позиция.su» ақпараттық-сараптамалық интернет басылымының өкілдері сайттың ашылмай тұрғанын айтып, оны «Қазақтелеком» интернет провайдерінің ісі деп мәлімдеді.

«ҮНДЕСТІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ....»

Интернет туралы заң жобасына қарсылықтарын білдірушілер мамырдың 13-інде 1 сағатқа өз сайттарын жауып тастауға, осы уақыт аралығында кз доменін пайдаланбауға барша жұртшылықты шақырған болатын.

Наразылық акциясының ауторлары мамырдың 13-ін бекер таңдамағандықтарын айтады, өйткені дәл осы күні Мәжілісте екінші оқылымда интернетті реттейтін заң жобасы талқыланған еді. «Медианет» журналистика орталығының директоры Әділ Жәлиловтың сөзіне қарағанда, акцияға қазақстандық 30-ға жуық жетекші сайт пен бірнеше жүздеген интернет пайдаланушы атсалысқан.

- Аталмыш шараның басты мақсаты - барша сайттарды кілттеп тастау емес, Қазақстандағы интернетке қатысты мәселеге мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аударту болған. Осы тұрғыдан алғанда біз өз мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз, – дейді Әділ Жәлилов.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АКЦИЯ ТҮРКИЯДА, РЕСЕЙДЕ ҚОЛДАУШЫЛАРЫН ТАПТЫ

Осы күні Түркияның Кемер қаласында өтіп жатқан журналистер Конгресінде халықаралық журналистер қауымдастығының бас хатшысы Эйдан Уайт бұл шараны өте құптарлық деп атап, конгреске қатысушыларды наразылық акциясына атсалысуға шақырған болатын. Қазақстан журналистер одағының басшысы Сейтқазы Матаевтың айтуынша, Конгреске қатысушылар бас хатшының бұл сөзін тік тұрып, қошеметтеп қарсы алған.

Сөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық «Әділ сөз» қорының маманы София Лапинаның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы интернет басылымдарға ресейлік интернет пайдаланушылар да ынтымақтастық білдірген.

- Интернет форумдарда ресейлік әріптестеріміз осы бір сағат бойына кз доменіне кірмейтіндерін, сөйтіп бізді қолдайтындарын айтты, – дейді София Лапина.


КЕЗЕКТІ ИНТЕРНЕТ БАСЫЛЫМЫ ҚҰЛЫПТАЛЫП ҚАЛҒАН


«Әділ сөз» қоғамдық қорының жүргізген мониторингіне сүйенер болсақ, өткен жылдың сәуір айының басында Қазақстан аймағында «Қазақтелеком» интернет провайдері арқылы бірнеше сайттар жабылған. Оның ішінде Азаттық радиосының www.azattyq.org, www.rferl.org, www.ozodlik.org, www.svobodanews.ru, www.ozodi.org сайттары, respublika.kz, www.inkar.info, www.kub.info, www.posit.kz. сынды сайттар бар.

Сондай-ақ, аталған кезеңде www.respublika-kz.info, www.zonakz.net секілді интернет басылымдарға бірнеше рет DDoS шабуылдары да жасалғаны хабарланды.

Жаңа түскен ақпараттарға қарағанда, осы күндері «Позиция.su» ақпараттық-сараптамалық интернет басылымының www.posit.su басылымы да кілттеніп тұрды. Интернет басылымның өкілі журналист Алмас Көшербаевтың пікірінше, бұл «Қазақтелеком» интернет провайдері арқылы жүргізіліп жатқан іс көрінеді.

- Өйткені, тек «Қазақтелеком» - ның пайдаланушылары ғана біздің сайтты ашылмай жатыр деп хабарлайды, ал басқа провайдерлер арқылы сайтқа кіруге болатынын айтты, – дейді Алмас Көшербаев.
XS
SM
MD
LG