Accessibility links

Қазақстанда қолайсыз сайттардың «қара тізімі» жасалуда


Интернетке бақылау орнату заңына наразылық акциясына қатысушылардың қолында Қуанышьек Есекеевтің суреті салынған плакат. Алматы, 24 маусым, 2009 жыл.
Интернетке бақылау орнату заңына наразылық акциясына қатысушылардың қолында Қуанышьек Есекеевтің суреті салынған плакат. Алматы, 24 маусым, 2009 жыл.

Ақпараттандыру және байланыс агенттігі компьютерлік қақтығыстар бойынша әрекет ететін арнайы қызметін құрды. Ал, сарапшылар бұл арнайы қызмет Астанаға бағынбайтын интернет сайттарға саяси цензура орнату екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.

«ҚАЗНЕТТІҢ» «ҚАРА ТІЗІМІ»

1 наурыз күні Қазақстан парламенті мәжілісінде өткен үкімет сағатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев компьютерлік қақтығыс-инциденттер бойынша әрекет ету үшін арнайы құрылған қызметтің басты назары «Қазнеттің» «қара тізіміндегі» веб-ресурстарда болады деп мәлімдеген. Бұл қызметтің бұдан біраз бұрын құрылып қойғаны тек оның іс-қимылы енді басталатыны айтылды.

Қуанышбек Есекеев өз сөзінде дәл қазір арнайы құрылған қызмет «Қазнеттің» «қара тізіміндегі» барлық веб-ресурстарды тексеруді бастағанын атап атап өткен.

Ал, Ақпараттандыру және байланыс агенттігі баспасөз қызметінің жетекшісі Юлия Исакова компьютерлік қақтығыстар бойынша әрекет ету арнайы қызметінің жоспарланған негізгі іс-қимылы туралы былай дейді:

- Жоспар бойынша бұл қызмет тобы компьютерлік қақтығыстар жөнінде зерттеулер мен статистика жүргізу, компьютерлік қақтығыстар мен оларға қатысты тұтынушыларға арнайы кеңестер беру, компьютерлік қауіпсіздік мәселесін жолға қою, хакерлік және вирустық шабуылдарға қарсы әрекет ету сияқты техникалық қауіпсіздік қызметімен қатар, мемлекеттік, қоғамдық және шетелдік ұйымдармен бірлесе отырып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде жұмыс атқармақ. Сондай-ақ, компьютерлік бағдарламаларды жасайтын, оны тасымалдайтын компаниялармен компьютерлік қауіпсіздік саласында жұмыс жасамақ.

Алайда, қоғамдық ұйым өкілдері аталған арнайы қызметтің «Қазнеттің» «қара тізіміндегі» веб-ресурстарымен жұмыс істей бастауына алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалды бүкпесіз әрі нақты күйінде және өткір тілмен жазып, оқырманға жеткізіп отырған тәуелсіз сайттар «қара тізімге» еніп кеткен болуы да мүмкін.

Тамара Калеева Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне «Қара тізімнің» қайда жарияланатыны, оған қандай сайттардың қандай талаптар бойынша енгізілетіні туралы сұрақтармен қатар, арнайы қызметтің жұмысы саяси цензураның бір нұсқасы болмай, қоғам алдында ашық болуы керектігін" айтып арнайы хат дайындап жатқандарын айтты.

Бірақ та, Тамара Калеева егер арнайы қызмет порнографиялық және терроризм мен экстремизді насихаттайтын сайттарға қарсы жұмыс істейтін болса, оның құптарлық іс екенін атап өтті.

Мұндай ойды «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікқазы Кәкібаланов та қуаттап отыр.

- Жалпы, негізгі ойлары дұрыс. Порнографиялық, басқа да әдепсіз және адамға теріс әсер ететін сайттарға қарсы жұмыс істейтін болса жақсы, - деді Серікқазы Кәкібаланов.

Дегенмен, жаңадан құрылған арнайы қызмет өзінің құзырын пайдаланып, басқа да жағдайларға қолданылуы ықтимал әрі арнайы қызмет блоггерлерді де айналып өтпеуі мүмкін екенін атап өтті.

ӘБЛЯЗОВТЫҢ ӘЛЕГІ МЕ?


Парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында сөйлеген сөзінде Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев: ««Қазір бізде діни және саяси экстремизмге қатысты көптеген сауалдар бар», - деп атап өтті деп хабарлайды Интерфакс агенттігі.

Бұл ретте саясаттанушы Айдос Сарым «саяси экстремизм» деген сөздің Қазақстандағы саяси жүйеге қарсы сайттарға қаратылып қолданылуы әбден ықтимал деп есептейді.

Оның пікірінше, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің компьютерлік қақтығыстар бойынша әрекет ететін арнайы қызмет құруы – саяси цензураның бір түрі.

- Қазақстанда «саяси экстремизм» деген сөз арқылы бүгінгі саяси режимге қарсы бағытталған барлық сайттарды еске алып отырады ғой. Аталмыш агенттіктің белгілі бір сайтты немесе материалды діни немесе саяси экстремизм деп табуға өзіндік құқығы жоқ. Бұл саяси тапсырысты орындау. Бұл өздерінің қызметтік функциясынан асып түсу. О баста осы агенттікке саяси функциялармен айналысады деген кезде, біраз қипақтап, қарсы шыққан сияқты еді, алайда, сол функцияны бұл агенттікке теліген секілді. Мазмұнына қарай емес, бағытына қарай, - деді Айдос Сарым.

Ал, «Еркін интернет үшін» компаниясының директоры Евгения Плахина арнайы қызметтің құрылуын Мұхтар Әблязовтың интернет арқылы материалдар таратуымен байланыстырады.

Оның сөзіне қарағанда, Мұхтар Әблязовтың материалдарына тосқауыл қою үшін арнайы қызмет саяси бағыттағы сайттарды қатаң сүзгіден өткізіп, айрықша бақылауға алуы мүмкін.

Сонымен қатар, Евгения Плахина интернет туралы заң жайдан-жай қабылданңан жоқ, «оның осындай әрекеттерге әкелетіні қоғам үшін белгілі еді» деген ойын да жасырмады. Евгения Плахина жаңадан құрылған арнайы қызмет азаматтардың конституциялық құқығын бұзатын болса, «Еркін интернет үшін» компаниясы тарапынан наразылық акциялары жасалатынын атап көрсетті.

Қоғамдық және баспасөз ұйымдарының қарсылығына қарамастан, Қазақстан президенті Н.Назарбаев 2009 жылы шілде айында «Интернет ресурстарын реттеу туралы» заңға қол қойған болатын.
XS
SM
MD
LG