Accessibility links

Олжас Сүлейменов: «Толық тәуелсіздік – үлкен қатер»


Белгілі ақын әрі президентшіл саясаткер Олжас Сүлейменов Азаттыққа сұхбат берді. Гептилден басталған әңгіме «Еуразия Одағына кіру Қазақстанды тәуелсіздігінен айырмай ма?» деген даумен аяқталды.

Азаттық: - Ресей баллистикалық зымырандарын Қазақстан полигондарында сынақтан өткізіп жатқанына Семей ядролық полигонын жабуға ықпал еткен саясаткер ретінде қалай қарайсыз? Қазақстан белсенділерінің гептил қолданып зымыран ұшыруын тоқтатуды талап еткеніне қарамастан, Байқоңырда улы гептилді әлі пайдаланып жатқанына қалай қарайсыз?

Олжас Сүлейменов: - Қазақстан мен Ресей арасында белгілі бір территорияны полигон ретінде пайдалану туралы келісім-шарттар жүйесі бар. Бұл құжаттарға қол қойылғанына 20 жылдан асты. Әрине, наразылық білдіргеніміз орынды әрі үкімет те біздің пікірімізбен санасуы тиіс.

Гептилді қолдану, әрине дұрыс емес. Мұны бұрыннан айтып жүрмін. Бұл туралы тиісті пікірімді баспасөзде де айтқанмын. Мүмкін, Ресей индустриясының бұл саласында кезіндегі Королев сияқты зымырандарды сәтті ұшыратын адам жоқ болып тұрған шығар. Осының да әсері бар шығар.

Азаттық: - Семей ядролық полигонын жапқаннан кейін Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Ядролық арсеналынан бас тартқан Қазақстан, Украина, Беларусь елдерінің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына Ресей де кепілдік берген. Бірақ Украинада дағдарыс басталған кезде Ресей бұл келісімді заңды құжат деп танымайтынын көрсетті. Билігі әлгі келісімді жетістік ретінде санайтын Қазақстан енді қиын жағдайда қалмай ма?

Олжас Сүлейменов: - Меніңше, Ресей әлгі құжатқа қойған қолынан бас тартқан жоқ. Ресей де, Америка да, қол қойған өзге ядролық елдер де бас тартқан жоқ. Ресей бас тартты дегенді бірінші естіп тұрмын, бұл - мен үшін жаңалық. Мұның қайда жазылғанын немесе жарияланғанын көргім келеді. Меніңше, бұл - жалған ақпарат.

Азаттық: - Украинадағы жағдайға байланысты сондай сұрақ туады…

Олжас Сүлейменов: - Түсініп тұрмын. Бірақ Ресей бәрібір бас тартқан жоқ.

Азаттық: - Украинадағы дағдарыс, Қырым аннексиясы және Украинаның шығысындағы жағдай Қазақстан қоғамын екіге жарды. Ресейдің сыртқы саясатының жақтастары да, қарсыластары да бар екені білінді. Сізді бұл жағдай алаңдатпай ма?

Олжас Сүлейменов: - Мұны «жікке бөліну» деп айта алмаймын. Әр түрлі көзқарас, пікірі болатыны сөзсіз. Бірақ Қазақстанда жұрттың көбі мұны әлгі аласапыранды ұйымдастыруға көмектескендер Украина территориясында орыс тілін заңсыз деп тану туралы бірден мәлімдеме жасап, үлкен саяси қателік жіберді деп түсінеді. Бұл қылықтарымен миллиондаған адамды өздерінен бездіріп жіберді. Негізгі себебі осы. Мұндайдан біз де өткенбіз. Бізде де ондай әрекеттер болған, бірақ біз ондайға жол бермедік. Сондықтан, құдайға шүкір, Қазақстан азаматтық соғыстан, мұндай қырғын-сүргіннен аман келе жатыр.

Барлық тіл, барлық ұлт, барлық дін тең, құқықтары бірдей дегенді талмай айтып келеміз. Бірақ қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Мұны бәрі түсінеді. Қазақ тілі біртіндеп ұлтаралық қатынас тіліне айналады. Біздің саясатымыз осындай.

Барлық тіл, барлық ұлт, барлық дін тең, құқықтары бірдей дегенді талмай айтып келеміз. Бірақ қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Мұны бәрі түсінеді. Қазақ тілі біртіндеп ұлтаралық қатынас тіліне айналады. Біздің саясатымыз осындай. Бірақ күштеп емес, әрине. Өзімізді республика, мемлекет және ұлт ретінде осылай ғана сақтап қаламыз.

Азаттық: - Украинада болып жатқан оқиғаларға жеке өзіңіздің көзқарасыңыз қандай? Бұл оқиғаларға Кремль немесе Батыстың қатысы бар деп санайсыз ба?

Олжас Сүлейменов: - Бұл жерде Батыстың да, Мәскеудің де, бәрінің де «қолы» бар - айырып болмайсың.

Азаттық: - Сөйтсе де, Сіздің позицияңыз қандай?

Олжас Сүлейменов: - Украинада бейбітшілік орнаса деймін. Менің позициям - осы. Украиналықтар бір-бірімен, Донбастағылармен, Луганскідегілермен келіссе деймін. Атыс-шабыссыз, қырғын соғыссыз келісімге келулері керек. Менің позициям - осы. Бәрі реттелетініне сенемін. Сол кезде біз көріп отырған «қолдардың» да татуласқанын көреміз. Бір-бірімен қол алысып тарассын немесе бірге болсын.

Азаттық: - Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Еуразия экономикалық одағы келесі жылдан бастап іске қосылады. Батыс елдері санкция салған Ресей экономикасында жайсыз жағдайлар болып жатқаны белгілі. Мұндай елмен экономикалық одақ құру идеясын қолдайсыз ба?

Олжас Сулейменов: - Әрине, қолдаймын. Еуразия Одағы - менің көптен бергі идеяларымның бірі. Мен бұл идеяны тіпті Назарбаевтан да бұрын айтқанмын. Меніңше, Ресей, Қазақстан, Беларусь және басқа республикалар болашақ одақ құрамына кіреді. Ол Еуропа одағымен бірігеді де, Атлантика мен Тынық мұхитына дейінгі аралықта үлкен әрі ғаламдық Еуразия Одағы құрылады. Менің арманым да, үмітім де осы.

Азаттық: - Дағдарыс болып жатқан Ресеймен жақындасудың ақыры Қазақстанның экономикасы мен қауіпсіздігіне қиындық тудырады деп ойламайсыз ба?

Еуразия Одағы - менің көптен бергі идеяларымның бірі. Мен бұл идеяны тіпті Назарбаевтан да бұрын айтқанмын. Меніңше, Ресей, Қазақстан, Беларусь және басқа республикалар болашақта одақ құрамына кіреді.

Олжас Сүлейменов: - Керісінше, ұлы Ресеймен жақындығымыз кешелі-бүгін орнаған жоқ, ежелден келе жатқан, ғасырларға созылған жақындық. Біз ажырамаймыз. Қазақстанның қауіпсіздігін де осы қамтамасыз етіп отыр. Өйткені Қазақстанның жері үлкен де (екі миллион 700 мың шаршы шақырым), халқы аз – небәрі 17 миллион. Қойнауы пайдалы қазбаға, байлыққа толы жерімізге көз алартатындар көп...

Қазақстан үшін толық тәуелсіздік - үлкен қатер. Ежелден көрші келе жатқан елдермен одақтас болғанымыз жөн.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG