Accessibility links

Болат Әбілев «қайта келемін» деп кетті


Оппозиционер, «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілев саясаттан кететінін мәлімдеді. Азаттық тілшісімен әңгімелескен Әбілев сатқындық пен өкініш, саясаттағы жетістіктері жайлы айтты.

Бизнес пен оппозицияға жиырма шақты жылын арнаған адам саясаттан неліктен кетпекші? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеген біз Болат Әбілевтің Алматыдағы кеңсесіне аттандық. Ол журналистерді әдеттегідей галстуксыз, ашық түсті жейде және джинсы шалбар киген күйі қарсы алды.

Азаттық: Әбілев мырза, бүгін саясаттан кететініңіз жайлы мәлімдеме жасадыңыз. Себебі не?

Болат Әбілев: Уақытша кетіп бара жатқанымды бірден айтайын. Яғни біраз жыл өткесін жағдайды жаңа көзқарас, түсіністікпен саралай алатындай болып, жаңа күшпен міндетті түрде қайтып ораламын. Мен «қош бол» деп емес, «көріскенше» деп кетіп барамын.

Аялдап, жағдайды талдап, жан-жағымды барлап алғым келгендіктен осындай шешім қабылдадым. Мен үшін өмір кезеңдерін он жылдық, бес жылдықтармен өлшеу әрдайым маңызды болатын. Мемлекет басшыларын, үкіметті, парламентті бес жылға, екі мерзімге текке сайламайды ғой. Бизнесте он жыл қарқынды жұмыс істедім. Он жылымды саясатта өткіздім. Ойлағанымның іске асқаны бар, аспағаны бар. Бірақ мен алға жылжығым келеді.
Қазақстан 1980-1990 жылдары, тәуелсіздік алған соң қандай болды, біз қандай болдық, нені армандадық деген ойлар жайында кітап жазу, фильм түсіру көптен ойымда жүрген идея еді.

Қазақстан 1980-1990 жылдары, тәуелсіздік алған соң қандай болды, біз қандай болдық, нені армандадық деген ойлар жайында кітап жазу, фильм түсіру көптен ойымда жүрген идея еді. Сюжетін жазуды үнемі кейінге қалдырып келдім. 2001 жылы Мәскеуде Тимур Бекмамбетов және Бақыт Қилыбаевпен кездестім. Үшеуміз қонақ үйде біраз отырып, көп әңгімелестік. Оларға 1990 жылдардың хикаяларын айтып бердім. Олар «мұны кино етіп түсіру керек» десті. Бірақ саясат килігіп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы», «Ақ жолдың» шаруаларымен жүріп, бәрі кейінге қала берді. Қазір шығармашылықпен айналыссам, жоспарларымды іске асырсам деген ниетім мен тілегім бар.

Азаттық: «Іске асқаны бар, аспағаны бар» дедіңіз. Сіздіңше, саясатта неге жеттіңіз? Қандай сәтсіздіктерге тап болдыңыз?

Болат Әбілев: Жағдайды да, елді де өзгерте алатынымызды көрсете алдық. Президент пен парламент сайлауына қатыстық. Құдды, соңғы шайқасқа шыққандай күрестік, жеңістен үміттендік. Ондаған, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған адам бізге дауыс берді. Адамдарды иландыра білдік, олар бізге сенді. Бұл – біздің жетістігіміз. Дауыстарды санап, хаттамаларды қарағанымызда 50-80 пайыз жеңгенімізге көз жеткіздік.

Назарбаев «80-90 пайыз дауыс алдым» дегенде сенбеңіздер – өтірік. Барлық бюллетеньді заң бойынша текке өртеп жібермейді ғой. Өйткені ертең билік Болат Әбілев. Алматы, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Болат Әбілев. Алматы, 19 қыркүйек 2013 жыл.

ауысып, бәрін қайта санағанда мемлекет басшысы мен парламенттің 20 жыл заңсыз жұмыс істегені ашылады. Түпкі мақсатқа жетпедік, парламентке кірмедік. Бірақ өзім, достарым, әріптестерім бағдарламамызды халыққа түсіндірдік. Коррупциямен күрес туралы, биліктің ауыспалы екенін, сөз еркіндігі жайында айттық. Ең бастысы – бізді тыңдар халық болды.

Барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауды талап еттік. Бірақ олар ауыл әкімдерінің жанама сайлауын өткізді. Бұл да – біздің жұмысымыздың нәтижесі.

Көптеген акция, жиындар өткіздік, жаңаөзендіктерге қолдау көрсеттік. Жеті ай тұрған мұнайшыларға бірде бір депутат, қоғам қайраткері, президенттің өзі барған жоқ. Мұнайшыларды біз қолдадық. Олар жуырда осында келіп кетті, осы кеңседе отырып әңгімелестік, жұрт сол кезді естеріне алып, алғыстарын айтты. Ең маңыздысы – адамдардың сенім артып, қолдағаны.

Азаттық: Сыртыңыздан «оппозицияға Ақорда жіберген адам» дейтіні сіз үшін жаңалық емес болар?

Болат Әбілев: Қызғаныштан айтылған бос сөздер. Өз еркім өзімдегі адаммын. Ақорданың Болат Әбілевке ешқашан ықпалы жүрген емес. Президентпен кездескенде де мына сіздерге айтқанымды – «әділ сайлау, азат баспасөз керек» дегенді бетіне айтатынмын.
Алғаш депутаттыққа таласып, сайлауға түскенімде президентке, оның бағдарламасына сендім. Парламентке өттім.

Алғаш депутаттыққа таласып, сайлауға түскенімде президентке, оның бағдарламасына сендім. Парламентке өттім. Депутат болған кезде қандай мәселелерді көтергенімді қарасаңыз, өздеріңіз де түсінесіздер. Табысты заңдастыру туралы заңға қарсы болдым. Үкіметтен мұнай компанияларымен жасалған келісімдердің шарттарын көрсетуін талап етіп, премьер-министр Тоқаевты сотқа бердім. Ел астанасы Ақмолаға көшкеннен кейін гектар-гектар жерлер мен санаторийлар 10 миллион долларға сатылып кеткен соң, Алматыда қалған мемлекеттік меншіктің қайда кеткенін анықтауды сұрап президентке хат жаздым.

Азаттық: Болат Әбілев кеткен соң оппозиция қандай болады?

Болат Әбілев: Кезінде жұрт «Ленин мен Сталин (өзімді олармен салыстырмаймын) кетсе, күніміз қараң» деп ойлады. Сталин өлгенде әке-шешем жылаған. Брежневті, менің сүйікті тұлғам Димаш Ахметұлы Қонаевты мәңгі отыратын шығар деп ойладық. Назарбаев та кетеді. Горбачев та, Ельцин де кетті ғой.
Егер Назарбаев кетсе, халық кең тыныстап, өзгерістер жасалып, клан не жүзге бөліну деген болмайтын шығар.

20 жылдан артық билеген Назарбаев кетсе, бір жамандық болады деп ойлау – жаңсақтық. Егер Назарбаев кетсе, халық кең тыныстап, өзгерістер жасалып, клан, не жүзге бөліну деген болмайтын шығар. Сайлау әділ өтіп, сөз еркіндігі орнайды. Ондаған, жүздеген мың адам тәуелсіздік алып, бизнесін ашады, ешқандай тамыр-таныссыз мемлекеттік қызметкер болады. Сондықтан Әбілев оппозицияда мәңгі отыруы тиіс деп ойлауға болмайды.

Азаттық: Шығармашылықпен айналысам дедіңіз. Саясат пен шығармашылықты қатар алып жүруге болмас па еді? Бірі біріне кедергі ме?

Болат Әбілев: Қатты кедергі болады. 1990 жылдары бизнеспен айналысып жүріп, акциялар өткізетінмін, «Қайрат» футбол клубының жетекшісі болдым. Демеуші болып қана трибунада отырып жүлде таратуды жаным сүймейтін. Түрлі жиындарға барып, жаттығуларға қатысу керек болатын. Оның бәріне уақыт жетпей, ақыры чемпион бола алмадық.
Әрі футбол ойнап, әрі бизнеспен айналысуға болмайды. Біздің елде бір адам ғана солай істей алады.

Әрі футбол ойнап, әрі бизнеспен айналысуға болмайды. Біздің елде бір адам ғана – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана солай істей алады.

Шығармашылықпен айналысқым келгендіктен саясаттан уақытша кетуге тиіспін. Бір кездері «31 арнада» «Собственное мнение» бағдарламасын жүргізгенмін. Телевидениемен айналысайын деген ойым жоқ болатын. Бірақ «Таң» арнасын, газеттерді жауып жатқанда «Мен неге үндемеймін?» деген ой келді. Команда жинап, жұмыс істеуге мүмкіндігім болды. Хабарды түсіруге орын бермейтін. Суық табанымызды қарыса да, «Рамсторға» келіп түсіріп жүрдік. Бір шаруадан екіншісіне жүгіру өте қиын.

Азаттық: Жоспарыңызда қандай жобалар бар? Толығырақ айтып берсеңіз.

Болат Әбілев: Олар жайында айтуға әлі ертерек. Киножобалар, тележобалар, мүмкін, деректі фильмдер болатын шығар.

Азаттық: Елдегі телеарналардың көбі монополияның қолында, мемлекеттің бақылауында. Телеэфирге шығуға мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба? Әлде саяси тақырыпты айналып өтесіз бе?

Болат Әбілев: Менің түсіргендерімді көрсетпейтін де шығар. Бірақ «Хабар» көрсетпейді деп уайымдамаймын. Маған бәрібір. Телеарнадан басқа интернет, YouTube бар емес пе.

Азаттық: Интернет бар дейсіз. Блогер болып бастап, саясаткерге айналған Алексей Навальный сияқты боласыз ба?

Болат Әбілев: Онымен таныспын. Ол коррупционерлерді жекелеп сынайды, өзінің қоры бар. Менің бағытым – теле және көркем жобалар. Тақырыбы мәдениет, саясат, тарихқа қатысты болады. Телеарналар қызығып жатса, көрсетуіне болады.

Жаратылысымнан оптимист адаммын. Кез келген проблеманы уайым етпей, ойланып, шешімін табамын да, жауып тастаймын. Дұрыс қадам жасадым деп ойлаймын. Алда талай іс бар, оның да жемісін көре жатармыз. Армандаған ісіммен айналысамын.

Азаттық: Сұхбат бергеніңізге рахмет.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Болат Әбілевтің саясаттағы күндері

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG