Accessibility links

«Арменияда дауыс бергендер түгелдей Назарбаевты қолдады»


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп жатқан сәті. Aстана, 26 сәуір 2015.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп жатқан сәті. Aстана, 26 сәуір 2015.

Қазақстанның Армениядағы уақытша сенімді өкілі Қанат Хасенов Азаттыққа елшілікте өткен дауыс беру нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев 100 пайыз дауыс жиғанын хабарлады.

Азаттық: – Қанат мырза, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына Армениядағы Қазақстан елшілігіндегі сайлау учаскесінде қанша адам дауыс берді және оның нәтижесі қандай?

Қанат Хасенов: – Еревандағы 225-сайлау учаскесінде дауыс берген 68 адамның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдады.

Азаттық: – Қазақ елшілігінің Арменияда жұмыс істеп жатқанына сегіз жыл болыпты. Екі ел арасындағы қарым-қатынас қандай дәрежеде?

Қанат Хасенов: – Мемлекеттер арасында экономикалық байланыстар орнатылған. Мамырдың 23-і күні Қазақстан инвестициялар және даму министрлігінің «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» акционелік қоғамының ауыл шаруашылығы және металлургия саласы өкілдерінен тұратын үлкен делегациясы келмекші.

Армения сауда палатасымен бірлесе отырып жаңа бағыттағы байланыстарды жоспарлап жатырмыз.

Мәдени-гуманитарлық бағыттағы қарым-қатынасымыз да жақсы дамыған. 2010 жылы Ереван мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен мәдениеті курсы жұмысын бастаған. Осы университет аспиранты Шушан Хачатарян сол курстың көмегімен қазақ тілін үйреніп, Астанада Мұхтар Әуезов шығармаларынан ғылыми еңбек қорғауға дайындалып жатыр.

Біздің елден жиырмадай студент Славян, Ереван мемлекеттік университеттерінде, медицина, техникалық жоғары оқу орындарында оқиды. Қазақстанның Шучинск және Арменияның Джермук қалалары арасында 2013 жылы бауырлас қалалар туралы келісім-шарт жасалған. Олар тығыз байланыста, өзара жобалары бар.

Азаттық: – Жаңағы сіз айтқан қазақ тілі курсы қазір жұмыс істеп тұр ма? Қазақ тіліне деген қызығушылық бар ма?

Қанат Хасенов: – Ол курс жұмысы қазір тоқтап тұр. 2013 жылы соңғы рет Астанадағы Еуразия университетінің аспиранты бір семестр оқу сабақтарын өткізген еді. Бірақ, біздің елшілік қызметкерлері мұндағы жергілікті студенттермен кездесіп, оларға қазақ елі туралы семинарлар өткізіп тұрамыз.

Азаттық: – Сіздермен кездесуде армян жастары Қазақстан жайында не айтады?

Қазақстанның Армениядағы уақытша сенімді өкілі Қанат Хасенов. Ереван, 26 сәуір 2015 жыл.
Қазақстанның Армениядағы уақытша сенімді өкілі Қанат Хасенов. Ереван, 26 сәуір 2015 жыл.

Қанат Хасенов: – Оларға Қазақстан туралы айтқанымызда «білеміз, бесбармақ, Астана – жаңа қала» деп айтады. Жергілікті телеарна Қазақстанға барып біздің ел жайлы хабар түсіріп, мұндағы көрерменге таныстырған.

Азаттық: – Қазақстан мен Арменияның өзара тауар алмасуы қандай деңгейде? Қандай тауарлар жеткізеді?

Қанат Хасенов: – Қазақстаннан Арменияға көбінесе бидай, ұн әкелінеді. Бұл жақтан Қазақстанға тас кесетін станоктар жіберіледі. Арменияға Қазақстан тауарлары қымбаттау болып келеді. Себебі, Арменияға біздің тауарлар Иран және Грузия (Батуми) арқылы жеткізіледі.

Азаттық: – Іскерлік әріптестіктің дамуы қалай?

Қанат Хасенов: – Арменияда БТА банк филиалында қазақстандықтар жұмыс істейді. Қапан металлургия комбинатында арнайы шақырылған инженерлер бар. Үлкен бизнес әріптестік жоқ. Бірақ, қазақстандық армяндар бірлесіп құрған 20 шақты бірлескен кәсіпорын бар. Қазақстандағы мұндай кәсіпорындар саны – 60.

Азаттық: – Сәуірдің 24-і күні армян халқы 1915 жылы Осман империясы кезінде болған қырғынның 100 жылдығын атап өтті. Осы атаулы күн қарсаңында Азаттық радиосының Армян қызметіне сұхбат берген Арменияның бұрынғы сыртқы істері министрі Александр Арзуманян «Еуразия [экономикалық] одағына мүше бауырлас елдердің армян

Армяндардың түріктер қолынан қаза тапқандарды еске алу рәсімі. Джермук. 24 сәуір 2015.
Армяндардың түріктер қолынан қаза тапқандарды еске алу рәсімі. Джермук. 24 сәуір 2015.

халқының қайғысын бөліскенін қалайтынын» айтқан еді. «Мәселен, 24 сәуірдегі еске алу рәсіміне не Назарбаев, не Лукашенко келмейді. Ал біз Меркель келмеді деп ренжиміз. Біз Меркельмен емес, Назарбаевпен бірге бір одақтамыз ғой, ендеше Меркельден гөрі Назарбаевқа ренжуіміз керек» деген еді. Цицернакабердегі (Ереван) еске алу рәсіміне қатысқан Ресей президенті Владими Путин дауға айналып отырған «геноцид» терминін тағы қолданды. Ол соның алдында Мәскеудегі «Мир без геноцида» еске алу кешіне жолдауында бұл датаның «армян халқының геноциді ретінде адамзат тарихындағы қайғылы дата ретінде қала беретінін» айтқан. Қазақстан ешқандай пікір білдірмеді ғой?

Қанат Хасенов: – Ол сұхбат туралы естімеппін. Мен еске алу рәсіміне Қазақстан өкілі ретінде ғана қатыстым. Біздің өз ресми ұстанымымыз бар. Қазақстан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі миллиондаған құрбандарды ұмытпай, азамен еске алады және болашақта ондай қайғы-қасіреттің қайталанбағанын қалайды. Қазақстан армян және түрік халықтары арасында өзара сенімге негізделген диалог орнауына әрқашан мүдделі.

Азаттық: – Сұхбатыңыз үшін рақмет.

XS
SM
MD
LG