Accessibility links

«Ақорда қазақ диаспораларына самарқау»


Қалия есімді келіншек Шыңжаңдағы "қоныстандыру" бағдарламасы бойынша қалаға көшіп келген. Қытай, қыркүйек айы 2012 жыл. (Скриншот CCTV - телеарнасынан алынған).

Қалия есімді келіншек Шыңжаңдағы "қоныстандыру" бағдарламасы бойынша қалаға көшіп келген. Қытай, қыркүйек айы 2012 жыл. (Скриншот CCTV - телеарнасынан алынған).

Қазақстан президенті Қытайға барған тұста белсенді оралман «Ақорданың қазақ диаспораларының әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне самарқау» екенін айтады.

Республикалық «Жебеу» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры, 1990 жылдардың басында Қытайдан тарихи атажұртына қоныс аударған белсенді, оралмандар мен қазақ диаспораларының мәселесін қозғаушы Рахым Айыпұлы Азаттыққа берген сұхбатында Шыңжаңдағы ірі қазақ диаспорасының мұң-мұқтаждығы Астананың назарынан тыс қалып жататынын айтты.

Азаттық: – Бірқатар мемлекеттер сырттағы этникалық диаспоралардың тұрмыс-тіршілігін, саяси, әлеуметтік-экономикалық құқықтарының сақталуын үздіксіз қадағалап, тіпті күнделікті кешкі тележаңалықтардың бір бөлігін соларға арнап отырады. Үндістанның Оңтүстік Африка мен Фиджидегі оқиғаларды бақылап отыруы, Түркияның Кипр мен Балқан елдеріндегі жағдайға елеңдеуі, іргеміздегі Ресейдің "жақын шетелдегі" "отандастарын" үнемі сөз етуі – сондай мысалдардың бір парасы. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстанның сыртқы саясатында Қытайдағы ірі қазақ диаспорасының орны қандай деп ойлайсыз?

Рахым Айыпұлы: – Қазақстан үкіметінің Қытайдағы қазақ диаспорасының өміріне тікелей араласып жатқанын, болмаса ерекше бір мән беріп, Қытай үкіметіне белгілі бір талап қойғанын естімеппін. Ал көші-қон мәселесіне байланысты сонау 1990 жылдардың басында, кейін 2000 жылдардың басында бірер мәрте Пекиннің алдында мәселе көтергені бар. Бірақ Қытай қазақтарының өздері мекен етіп отырған жердегі орны, мысалы қазақ мектептерінің жабылуы секілді нәрселерге араласып, араша түсуі жоққа тән.

Азаттық: – Жуырда Шыңжаңдағы көшпенді қазақтардың жайылымдары мен жайлау орындары мемлекет мұқтаждығы үшін тартып алынды деген хабар Рақым Айыпұлы. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.

Рақым Айыпұлы. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.

тарады. Қытайдағы және Қазақстандағы бірқатар белсенділер бұл мәселеге қатысты интернетте наразылық білдірді. Бұл жайында хабарыңыз бар ма?

Рахым Айыпұлы: – Бар. Бұл жағдайды тұрақты түрде бақылап отырам. Бұл соңғы 20 жылда Шыңжаңда үздіксіз болып жатқан жайт. Әрине, мұның ішінде мемлекеттік құрылыс салу жобалары да бар. Өйткені Қытайдың батыс өңірді игеруіне байланысты мемлекеттік құрылыстар қарқынды түрде дамыды ғой. Жол, көпір салу, өзендерді бөгеп, электр қуатын алу секілді жобалар көбейді. Бірақ бұлардың басым бөлігі мемлекет мүддесі үшін істелгендіктен өтемақы төленеді. Бірақ бұл жобалар жергілікті тұрғындардың мүддесімен қақтығыстырмай қоймайды.

Азаттық: – Дәл осы мәселеге қатысты Қазақстан қандай да бір сұрау салды ма?

Рахым Айыпұлы: – Сұрау сала қоймас-ау. Мен ондай дипломатиялық белсенділік күткен жоқпын.

Азаттық: – Неге?
«Ресейдегі қазақтар үшін Қазақстан Ресейге сұрау салыпты» дегенді естіген жоқпын.


Рахым Айыпұлы: – Сіз мына мәселеге көбірек мән бергеніңіз дұрыс болар. Қытай тұрмақ, Қазақстан өзі тығыз саяси-экономикалық одақ құрып жатқан Ресейдің алдында қазақ диаспорасының құқығын қорғауды алайықшы. Мәселен, Ресейде миллионға жуық қандастарымыз бар. Қазақ мектебі мен басылымдары ілуде біреу ғана. Ал Қазақстанда бір орыс мектебі жабылып қалса, Ресей шу ете түседі. Қазақстан оған міндетті түрде жауап бере бастайды. Ал Ресейдегі қазақтар үшін «Қазақстан Ресейге сұрау салыпты» дегенді естіген жоқпын. Бұл жерден шығатын қорытынды – Қазақстанның сырттағы қазақ диаспорасына деген саяси-дипломатиялық белсенділігі тым төмен.

Азаттық: – Шыңжаңдағы қазақ малшы-диқандарының жер дауына қатысты кейбір белсенді азаматтар: «Бұл – Қытайдың ішкі мәселесі. Мемлекеттік деңгейде көтеруге келмейді. Алматыдағы «Шаңырақ», «Бақай» оқиғаларының қасында Қытайдағы қазақтардың көрген зәбірі айтуға татымайды» деген пікір айтып жатыр.

Рахым Айыпұлы: – Егер Шыңжаңдағы жер игеру саясаты қазаққа ғана қарсы бағытталып отырса, ол – бөлек әңгіме. Бірақ мемлекеттік қажеттілікке байланысты жерлерді басып алу Қытайдың өз ішінде де туып жатыр. Сондықтан бұл тек бір ғана қазақ диаспорасының басындағы мәселе деп қарамаймын.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездесіп тұр. Шанхай, 19 мамыр 2014 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездесіп тұр. Шанхай, 19 мамыр 2014 жыл


Азаттық: – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы апта ресми сапармен Қытайға барды. Назарбаевтың сапарлары кезінде Қытайдағы қазақ диаспорасының мәселелері лайықты деңгейде көтеріліп жүр ме?

Рахым Айыпұлы: – Ресми түрде бірде бір рет көтерілген емес. Ал бейресми түрде үш рет көтерілгені бар, оны сөз басында атап өттім. Қытайдағы қазақ диаспорасының тағдырына, әсіресе, көші-қон мәселесіне келетін болсақ, қазақ-қытай шекарасының екі жағында жүздеген мың бөлініп-жарылған отбасы тұрамыз. Білген адамға бөлініп-жарылған отбасылардың қайта қосылуына кепілдік беретін Женева конвенциясы секілді халықаралық заңдар бар. Бұл конвенцияға екі ел де (Қазақстан мен Қытай – ред.) қосылған. Соңғы 20 шақты жыл көлемінде Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаңында қалған бөлініп-жарылған қазақ отбасыларының қайта қосылуы жөнінде мәселенің бір де бір рет көтерілмеуі – Қытайдағы қазақ диаспорасының тарихи атажұртындағы елге қайта қосылу талабына Ақорданың сыртқы саясатының қаншалықты самарқау болып тұрғанын аңғартады.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG