Accessibility links

«Қазақтың мың мақамы жинақталса деймін»


Айгүл Елшібаева, қазақтың дәстүрлі әншісі һәм жыршысы.
Айгүл Елшібаева, қазақтың дәстүрлі әншісі һәм жыршысы.

Жыр-толғауларды жүйелеп зерттеп, нотаға түсіріп, оны кітап етіп шығарған дәстүрлі әнші-жыршы Айгүл Елшібаева Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақтың жыр мақамдары» деп аталатын кітабыңыз жарық көрді. Бұл басылымның ерекшелігі неде?

- «Жыраулық дәстүрдің» мақам-саздары поэзиядағы ақындық дарын, дауыс тембріндегі көмеймен, таңдаймен, көкірек пен көмейді байланыстыра айтудағы орындаушылық ерекшеліктер, аспаптағы қағыстық, құрылымдық, пернелік, аппликатуралық, терминологиялық, әуендік орындаушылық ерекшеліктер, вокалды-аспаптық орындаушылық дәстүрлердің үндестігінен туған.

Жыраулық үш мектеп бар: Батыс Қазақстан, Сыр бойы және Жетісу.

Батысқа Маңғыстау, Жайық және Ақтөбе жыраулық мектептері кіреді. Маңғыстау мектебінің белгілі өкілдері - Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Сүгір, Сәттіғұл, яғни Мұрын жыраумен жалғасқан адайдың жыраулары; Жайық мектебіне Мұрат Мөңкеұлы, Махамбет, Сартай, Өмір Көшекбайұлы, Сартай, Әбуғалидың Құмары жатады; Ақтөбе мектебіне Кердері Әбубәкір, Өтім жырау, Қосым жырау, төртқара Теңізбай жырау, жолшара Қайырмақал, Қалмұрат жыраулар, қырықмылтық Қарасай жырау, жоли Жақсылық, жаманша Әбдімұрат, шөмекей Мұратбай, төртқара Оразбай жырау, табын Ережеп, шөмекей Сүйіндік, Сүйкімбай, Наурызбек, т.б. жыраулар кіреді. Бұлар үшеуі бір мектепті құрағанымен, әр өңірдің домбыра тартысы мен мақамында өзгешеліктер бар.
Наурызбек жыраудың термесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00
Жүктеп алу
Одан беріде Сыр өңіріне – Арал-Қазалы аймағы (Төремұрат, Нұртуған, Жаңаберген, Дәріқұл, Жаппарберді, Нұрмағанбет, Жансүгір жыраулар) және Кете-Шөмен (Қармақшы) мектептері (Омар, Базар жырау, Оңғар жырау, Көшеней, Жиенбай, Сәрсенбай жыраулар) кіреді.

Соңғысы – Жетісу жыр мектебі (Сүйінбай, Жамбыл, Кебекбай, Ноғайбай, Үмбетәлі, Кенен, Қабан жыраулар). Әрине әр мектептің қалыптастырушылары мен дамытушылары бар.

Енді кітап жайында айталық. Осыған дейін қазақта «Мың ән», «Мың күй» бары айтылды. «Ел» продюсерлік орталығының бастамасымен жинақталып, ғылыми тұрғыда жүйеленді.

Осы орайда енді қазақта мақамның да түрі жеткілікті, мемлекеттік қолдау жасалса, арнайы жоба аясында мың түрлі жыр мақамын табуға болады дегенді дәлелдегім келеді. Кітап сол үлкен істің бастамасы. Алғашқы томы десек болады. Сол себепті аталған кітапта әр өңір, әр мектептің жыр мақамдарын нотаға түсіріп, талдап беруге тырыстық. Нақтысы, терме-жырда пайдаланатын домбыра аспабы, әуені, бұл жанрдың одағай сөзден басталатыны, жалпы, жырдың орындалуы, айтылуы, бар болмысын жүйеледік. Бүгінге дейін 50-шақты мақамды нотаға түсірдім, 30-ы кітапқа кірді.

- Сонда осы үшеуімен жыраулық мектеп шектеле ме?

- Бұлардан өзге елдің басқа өңірлерінде де жыраулық мектептер бар. Тек оны түпкілікті зерттеу қажет. Мысалы, Сыр өңіріндегі сырнаймен терме толғау айтатын Нартай ақынды алайық. Оның ерекшелегі сонда, Нартайдың орындаушылығы негізінен Шымкент жаққа, әншілік мектепке келіңкірейді. Себебі оңтүстік өңірде сырнаймен жыр айту кең таралған. Оның үстіне сексенінші жылдары термені зерттеген Қарақұловтың жазбаларында бұл жанрға түсіндірме береді. Онда ежелден қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан терме, жыр-толғау атаулы домбыраның сүйемелімен орындалатыны баяндалады. Кітап құрастыру барысында мен осыны негізге алдым. Жалпы, сырнаймен жыр орындау қайдан бастау алады? Оны кім дамытты? Бұл сауалдар да зерттеуді талап етеді.

Ал Арқада әншілік өнер көбірек насихатталған. Бірақ елдің бұл аймағында терме айту дәстүрі түрлі себеп кесірінен кенжелеп қалған. Әйтпесе мықты термелер Арқада да болған. Мен арысын емес, берісін сөз етіп отырмын. Мысалы, Ақан сері Қорамсаұлының шығармаларын алайық. Көпшілігіміз Ақанды сері болған, сондықтан, тек той-томалақтың ортасында ғана жүрген деп түсінеміз. Анығында олай емес қой. Ол білімді, діндар адам болған. Соның негізінде жүрген жерінде өсиетке толы жыр-терме де айтқан. Мысалы, ол:
Айгүл Елшібаева, қазақтың дәстүрлі әншісі һәм жыршысы. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері
Айгүл Елшібаева, қазақтың дәстүрлі әншісі һәм жыршысы. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

Көк құтан мойнын созып қаз болмайды,
Шөл құмайт, көк шалғында саз болмайды.
Пасықтың пиғылы лас, қараңғылық,
Тұрса да шілде туып, жаз болмайды.

Жиылып қарға-құзғын шулағанмен,
Атылып сол қалпында мәз болмайды.
Жамандар жауда жәрдем бермек түгіл,
Тар жерде басын бақса, аз болмайды.

Әр түрлі, әр адамның қылығы бар,
Пасықтық, ластық мінез тез қалмайды.
Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді,
Жаманнан үлгі аларлық сөз қалмайды, - дейді.

Міне, Ақан серінің осы термесін Наурызбек жыраудың орындауынан таптым.

- Батыс Қазақстандағы жыршылық пен Жетісу мен Арқадағы термешілік бөлек дәстүрлер емес пе?

- Жетісудағы Сұраншы, Саурық батыр туралы жырларды қайда тастаймыз? Жетісуда жыраулық бар, Арқада әншілік мектеп дамыған.

- Терме, жырдың насихаты кем болғанын айттыңыз...

- Әсіресе совет өкіметі кезінде жыршыларды көп қудалаған. Асып, атып, тоз-тоздарын шығарған. Бір ғана Қазалыдан он жырауды итжеккенге айдатқан. Содан кейін балалары домбыра ұстаса, үйіндегілер: «Ойбай, домбырасы құрысын. Ұстама. Бізге домбыра жақпайды» деп қашқақтаған ғой. Оларды әбден мазақ етіп, қорлаған. Мүмкіндігінше, жыраулардың ел алдындағы абырой-беделдеріне нұқсан келтіруге тырысқан.

- Қанша ән-жырды жатқа білесіз?

- Жоқ дегенде жүздей білемін. Негізі одан да көп қой. Тек репертуарымда осынша бар. Ал концертке арналған, үнемі орындап жүрген шығармалардың саны отыздан асып жығылады. Бұл ән-жырлар әр мектептен алынған шығармалар. Дәл осы репертуармен шет елге де шыға беремін. Елдің ішінде зерттеу мақсатында бөліп қарағанымен, сырт жұртта Арқаның, болмаса Сырдың әні деп ешкім бөлмейді. Қазақтың өнері деп қабылдайды. Мысалы, жиырма жасымда Қанапияның әнін айтып, Париждегі концерт залын шулатып жібергенім бар.

please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00
Жүктеп алу

- Кітап жайына тағы бір оралсақ. Бұл еңбекті жазуға не түрткі болды?

- Зерттеуге деген ынтам болды. Ақырында осындай кітап жазып шықтым. Және де жыр-терме орындаушысы болғаннан кейін орындаушылық дәстүрдегі мектептердің интонациялық ерекшеліктерін жақсы білемін. Тек ерінбей осының бәрін қағазға түсіру керек болды. Тек іздену керек. Мен солай еттім.

- Жыр мен терме, я ән айтқанда фонограмма қолданасыз ба?

- Фонограмма қолданып көргенім жоқ. Тек жанды дауыс. Жыр-терме, толғаудың табиғаты жасандылықты көтермейді.

- Әңгімеңізге рахмет.
XS
SM
MD
LG