Accessibility links

«Ресей Каспийдегі әскери басымдығын сақтамақ»


Ресей перемьер-министрі Дмитрий Медведев Астраханьда Каспий теңізіндегі ресейлік кеме бейнеленген суреттің алдында тұр.
Ресей перемьер-министрі Дмитрий Медведев Астраханьда Каспий теңізіндегі ресейлік кеме бейнеленген суреттің алдында тұр.

Қыркүйектің 18-і күні Ақтау қаласында «Каспийдегі халықаралық әріптестіктің әскери-саяси аспектілері» атты IV халықаралық конфренция өтті. Азаттық тілшісі Әзербайжан сарапшысынан сұхбат алды.

Конференцияға келген шетелдік сарапшылардың бірі Ровшан Ибрагимов - Әзербайжан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының сыртқы саясатты сараптау бөлімінің меңгерушісі.

Ол Азаттыққа Каспий теңізін жағалаудағы бес мемлекеттің (Ресей, Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзербайжан) неге бөлісе алмай жатқаны, Батыспен араздасып қалған Ресейдің Каспийдегі әскери саясаты, бұл аймақтағы Иранның мүдделері және басқа ірі мемлекеттердің ықпалы жайында айтты.

Ровшан Ибрагимов, Әзербайжан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының сыртқы саясатты сараптау бөлімінің меңгерушісі. Ақтау. 18 қыркүйек, 2014 жыл.
Ровшан Ибрагимов, Әзербайжан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының сыртқы саясатты сараптау бөлімінің меңгерушісі. Ақтау. 18 қыркүйек, 2014 жыл.

Азаттық: - Ровшан мырза, Украинадағы оқиғалардан соң Ресей Каспий аймағындағы әскери әлеуетін арттыруға тырысуы мүмкін бе? Каспий аймағы елдерінің ішінде қарулану жағынан белсенді әрекет етіп отырғаны бар ма?

Ровшан Ибрагимов: - Украинадағы жағдайды Ресейдің қарулы күштеріндегі өзгерістермен байланыстырудың қажеті жоқ. Өйткені Ресей армиясын күшейтуді оған дейін бастаған. Каспий аймағындағы бес мемлекеттің барлығы 2012-2013 жылдары қарулы күштерін жаңарта бастаған болатын. Сондықтан оны тек карантиндік (сақтық) әрекеті деп түсінуге болады. Себебі Каспий маңы елдері үшін ортақ қауіп жеткілікті. Мәселен, халықаралық терроризм, браконьерлік, заңсыз балық аулау. Сол себепті де Каспий аймағындағы елдерге қауіпсіздік тұрғысынан аса қатты алаңдауға себеп жоқ. Ресей Каспий теңізіндегі әскери күштері ресурсын жаңартуды тарихи қалыптасып қалған басымдығын сақтау үшін жасап жатыр. Флотын қосымша арсеналдар, жаңа катерлермен жабдықтау жоспары бар. Бұған мысал ретінде Дағыстанда тұрған зымыран қондырғылары бар көп функциялы қуатты кемелерін айтуға болады. Дегенмен ірі капитал салып, ерекше күш жұмсап, Каспийдегі әскери әлеуетін арттырып отыр деп айтуға келмейді. Ресейдің мұндағы флоты - негізінен кеңестік дәуірден қалған құрылым, көптеген кемелеріне 40-50 жыл болған.

Махачкалада тұрған ресейлік әскери кемелер.
Махачкалада тұрған ресейлік әскери кемелер.

Азаттық: - Иранның Каспий теңізін бөлісуге қатысты ерекше позициясы бұл аймақтағы геосаяси ахуалды шиеленістіруі мүмкін бе?

Ровшан Ибрагимов: - Жоқ әрине. Себебі Каспий аймағы елдерінің ешқайсысы Иранмен әскери конфронтацияға барып отырған жоқ. Иран үшін Каспий теңізінің мәртебесінің анықталуы маңызды емес. Өйткені Каспий Иран үшін барлық жағынан: мейлі балық шаруашылығы болсын, тасымал болсын, энергетикалық ресурстарды игеру жағынан болсын приоритет болып саналмайды. Каспий теңізі Иранға ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан, яғни үшінші бір елдердің Каспий аймағына еніп кетпеуі үшін ғана маңызды. Мәселен, Каспий теңізін жағадағы бес мемлекет нақты шекара сызып бөліп алса, әр мемлекет өз шекарасы аумағына Батыс елдерінің әскери күштерін кіргізуге құқылы болады.

Азаттық: - «Үшінші елдер» дегеніңізді кеңірек түсіндіріп кетсеңіз.

Ровшан Ибрагимов: - Ресей мен Иран үшін ол әуелі АҚШ, содан кейін Батыс елдері. Бұған соңғы кезде Каспийдегі энергетикалық ресурстарға қатысты ықпалын өсіре түсуге тырысып отырған Қытайды да қосуға болады.

Астраханьда тұрған ирандық соғыс кемелері
Астраханьда тұрған ирандық соғыс кемелері

Азаттық: - Анкара мен Баку арасындағы қатынастарды әскери-саяси одақ ретінде сипаттауға бола ма? Қазақстан мен Түркіменстанның бұл одаққа қатысты позициясына баға берсеңіз.

Ровшан Ибрагимов: - Әскери-саяси одақ дегеннен гөрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік деген жөн шығар. Өйткені Түркияның НАТО альянсы алдындағы халықаралық міндеттері бар екенін, әскери тұрғыда әлдебір дербес саясат жүргізе алмайтынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Түркия мен Әзербайжан қатынастары білім беру, әскери өндіріс, бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу сияқты салалар бойынша әріптестікке ғана негізделген. Ал Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ОДКБ) мүше. НАТО мен ОДКБ бір-бірімен бәсекелес альянстар. Түркіменстан әу бастан бейтарап екенін жариялаған. Сондықтан бұл мемлекеттер арасында әлдебір әскери одақтың болуы мүмкін емес.

Азаттық: - Мұнай өндірісінің Каспий аймағындағы геосаясатқа әсері бар ма?

Ровшан Ибрагимов: - Әрине бар. Әзербайжан қазір әлдеқайда тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бұл салада Қазақстанның да қалай әрекет етіп жатқанын көріп отырмыз – Астана көршілерінің территориясын дүниежүзілік рынокқа шығу үшін пайдалануға мәжбүр болып отыр.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Каспий жағасындағы кеме жөндеу зауытын ашуға келе жатыр.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Каспий жағасындағы кеме жөндеу зауытын ашуға келе жатыр.

Азаттық: - Аймақтан тыс мемлекеттердің ықпалы туралы не айтасыз?

Ровшан Ибрагимов: - Ол әзірге тек экономикалық тұрғыда байқалып отыр, яғни Каспийдің табиғи ресурстарын пайдалану жөніндегі консорциумдар құру, энергетикалық өнімдерді дүниежүзілік рынокқа тасымалдау бағытындағы бірлескен жобалар бар. Әзербайжан, Түркіменстан мен Қазақстан тәуелсіздік алғалы осы контекстен бөлек әрекетке барған емес.

Азаттық: - Санкциялардың Ресей экономикасына ықпалы туралы не ойлайсыз? Конфренцияға келген ресейлік сарапшылар санкциялардың мұнайгаз секторына әсері жоқ екенін айтты.

Ровшан Ибрагимов: - Олардың айтып отырған уәжі - «Ресейдің өз технологиясы өзіне жетеді, Батыстың қаржылық, техникалық қолдауына зәру емес». Егер санкцияға талдау жасап қарасақ, мұнай саласына әсері қатты байқалмайды. Ол – Арктика сияқты геофизикалық жағынан әлдеқайда күрделі кеніштерді игеруге қаржылық-техникалық көмекті шектеу тәрізді болашақтағы әрекеттерге, яғни Ресейдің мұнай өндірісіне қатысты алдағы 5-10 жылға жасаған жоспарларына салынған санкция. Ресейдің мұнай өндіру саласы 5-10 жылдан кейін қандай болады? Бұл санкция - осы сауалға жауап. Өйткені қазіргі игеріліп жатқан қабаттар мәңгілік емес, жаңа кеніштер іздеуге тура келеді.

Азаттық: - Cұхбат бергеніңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG