Accessibility links

«Оралмандар туралы теріс түсінік тарап барады»


Оралман. Сәбиттің карикатурасы. Алматы, 3 тамыз 2012 жыл.

Оралман. Сәбиттің карикатурасы. Алматы, 3 тамыз 2012 жыл.

Оралмандар мәселесі әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына өткесін, оралман мәртебесін беру туралы ереже қайта бекітілді. Азаттық бұл өзгеріс туралы оралмандар белсендісімен сұхбаттасты.

2007 жылдан бері Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының құзырына берілген оралмандар мәселесі биыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қармағына қайтарылып, «көші-қон комитеті қайта құрылды. Бұл өзгерістің оралмандар мәселесін шешуге ықпал ету ықтималдығы туралы Азаттық оралмандардың құқығын қорғаушы «Асар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Бодауханмен сұхбаттасты.

Азаттық: – Тамыздың 22-сі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «оралман мәртебесін беру туралы ережені бекіту туралы бұйрыққа» қол қойды. 2007 жылдан бері Ішкі істер министрлігіне қарап келген «Оралмандар» мәселесі биыл еңбек мининстрлігінің қарамағына өткені белгілі. Оралмандардың бұдан ұтары не, неден ұтылмақ?

Қайрат Бодаухан: – Бұл жолы оралмандардың ұтылғанынан ұтқаны көп болатын шығар. Себебі көші-қон жайы мен шеттегі қазақтың Қазақстанға келуі көп жағынан әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылады ғой. Қордаланған әлеуметтік мәселені шешу құзіретін әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына бергені дұрыс. Ал ішкі істер министрлігінің шешетін нәрсесі - тіркеуге алу, құжаттандыру. Ол онсыз да заңмен реттелетін нәрсе. Бұған дейін солай реттеліп келген.
Қайрат Бодаухан, "Асар" қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қайрат Бодаухан, "Асар" қоғамдық бірлестігінің төрағасы.


Азаттық: – Жалпы «оралман» мәртебесін алған жандардың нақты статистикасы бар ма?

Қайрат Бодаухан: – Нақты статистика жоқ. Мысалы өткен жылы 875 мың деген есеп келген. Бірақ Ішкі істер министрлігінен түскен ақпарат бір бөлек, көші-қон комитетінен түсетін ақпарат бір бөлек. Сосын статистика агенттігінен түсетін ақпарат және бөлек. Яғни шеттен келген ағайындарды есепке алу, оларды қадағалау әлі бір жүйеге келген жоқ. Мәселен ТМД елдерінен келген азаматтар көбіне көші-қон полициясына бармайды. Есебін тауып «ықтияр хаттарын» алып немесе азаматтық алып кете береді. Сондықтан да көші-қон полициясы олардың қаншасының келіп, қаншасының кетіп қалғанын көп біле бермейді, нақты мәліметтері де жоқ.

Азаттық: – «Ықтияр хат» деп жатырсыз ғой. Қазір «оралман» мәртебесін алудан гөрі «ықтияр хат» алып Қазақстанда уақытша мекендеуді дұрыс санайтындар көбейіп келе жатқаны айтылып жүр. Мұның себебі неде?

Қайрат Бодаухан: – Бұл бұрыннан қалыптасқан, «квота» жүйесінен пайда болған мәселе. Себебі көшіп келген азамат квотамен қатар азаматтыққа да құжаттар тапсырады. Сол екі аралықта квотаңыздан азаматтық бұрын кеп қойса, квота берілмейді. Сондықтан квота алу үшін сырттан келген ағайындардың басым бөлігі әуелі азаматтық емес «ықтияр хат» алуға құжат өткізеді.
Қытай мен Ресейден көшіп келген азаматтардың зейнетақысы Қазақстанның зейнетақысынан көп.

Екінші мәселе, Қытай мен Ресейден көшіп келген азаматтардың зейнетақысы Қазақстанның зейнетақысынан көп. Бірақ Қазақстанда Ресейден келген ағайынның ар жақта қандай зейнетақы алғанына қарамайды, мұнда ең төмеңгі мөлшердегі зейнетақы тағайындай салады. Осындай әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен Ресейде көбірек зейнетақы алып жүрген адамдар ол зейнетақысын жоғалтқысы келмейді. Сондықтан тек «ықтияр хат» ғана алып басқа елдің азаматы боп жүре береді.

Азаттық: – Ал осы айда ережесі қайта бекітілген «оралман» мәртебесін беруге ойыссақ. Бұл соншалықты күрделі мәселе ме? Ол құжат сырттан келген этникалық қазаққа қандай жеңілдік береді?

Қайрат Бодаухан: – Ол соншалықты күрделі мәселе емес. Өйткені «оралман» мәртебесі арқылы беріліп жатқан ешбір әлеуметтік көмек жоқ. Сондықтан кейбір мекемелер оны құжат ретінде қабылдайды, кейбіреулер қабылдамайды. Шеттен көшіп келгенін айғақтайтын бір жапырақ қағаз ғана.

Азаттық: – 2011 жылы қабылданған соңғы «халықтың көші-қоны» туралы заңы бойынша «оралмандар» мәселесін жергілікті жердегі басқару әкімдігі қарайтын болды. Бұл өзгеріс «оралмандар мәселесінің» шешілуіне қаншалықты көмегін тигізе алады?
«Оралман –жемқор», «оралман – жалқау», «оралман – қашқын» деген сияқты теріс түсінік қоғамда басқаша бағыт алып бара жатыр.

Қайрат Бодаухан: – Өткен жылдан бері Қазақстанда жергілікті әкімдіктің рөлін арттыру, оның мәртебесін жоғарылату бағытында жақсы қадамдар жасалып жатыр ғой. Жалпы көшіп келген ағайынға мемлекеттен бірден ештеңе берілмейді. Олардың тағдыры – жергілікті әкімдіктерде. Облыс пен аудан әкімдерінің қолында. Яғни бұл бір жағынан оларды қарап көру үшін жақсы. Бірақ қиыншылық тұсы бар. Өйткені қазір жергілікті әкімдіктер шеттен келген ағайындарды қабылдауға соншалықты құлықты емес. Себебі «Шеттен келіп жатқан қазақ – кім?» деген сұрақ төңірегіндегі саяси-әлеуметтік, демографиялық тұрғыдағы баға берілмегендіктен, жергілікті жердегі түсініктер әрбасқа. Оралмандар туралы сауатты түрде түсінік қалыптастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі жергілікті қазақтар мен этникалық қазақтардың арасына әлеуметтік жік түсіре бастады. «Оралман –жемқор», «оралман – жалқау», «оралман – қашқын» деген сияқты теріс түсінік қоғамда басқаша бағыт алып бара жатыр.

Азаттық: – Көші-қон жүйесін саяси тұрғыдан, әлеуметтік тұрғыдан қалыптастыруда олқылықтар бар екенін айтып отырсыз. Бірақ «оралман» мәселесімен шұғылданатын үкіметтік емес ұйымдар да біршама. Яғни сіздер не істеп жатырсыздар?

Қайрат Бодаухан: – Бұл мәселе үнемі көтеріледі. Павлодарда өткен соңғы форумда да осы мәселені қозғадық. Президенттің атына хат та жаздық. Тіпті керек болса сол квотаны мүлдем тоқтатып тастау туралы да айттық. Өйткені зиянынан басқа пайдасы жоқ. Жергілікті халықта «Оралмандарға бәрін беріп жатыр. Біз осында тұрамыз. Осы мемлекетке еңбегіміз сіңген. Бізге неге бермейді, кетіп қап, қайтып келген оралмандарға бере салды» деген көзқарас та бар. Себебі халықтың бәрі тарихшы емес. Олар тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан ақпараттарға қарайды да, «оралмандар тек алып жатыр» деген түсінікте қалады. Ол өз кезегінде әлеуметтік араздыққа соқтырады. Бұл тіпті ұрпақтан ұрпаққа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан осы бастан ойланғанымыз дұрыс.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет!
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG