Accessibility links

Қанат Ислам: «Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік аз»


Қанат Исламның Джонатан Батистамен (Доминикан Республикасы) кездесуі. Майами6 7 қараша 2015 жыл.

Қанат Исламның Джонатан Батистамен (Доминикан Республикасы) кездесуі. Майами6 7 қараша 2015 жыл.

Кәсіпқой рингтегі жиырмасыншы кездесуін де жеңіспен аяқтаған қазақ боксшысы Азаттыққа берген сұхбатында биылғы бірнеше сайысы неге өтпей қалғанын да айтты.

АҚШ-та тұратын қазақ боксшысы Қанат Ислам 7 қарашада Майамиде доминикандық Джонатан Батистаны бірінші раундта нокаутпен жеңіп, кәсіпқой рингтегі 20-кездесуін де жеңіспен аяқтады. Ол WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын да қорғап қалды.

Қытайда туған этникалық қазақ Қанат Ислам 2008 жылы Пекин олимпиадасына сол елдің атынан қатысып, қола жүлде иеленген. Ол 2010 жылы Қазақстан азаматтығын алып, «Астана арландары» клубында бокстасқан. Бірақ 2012 жылы Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатысуына байланысты азаматтық-құқықтық дау туған соң кәсіпқой боксқа бет бұрып, АҚШ-қа кеткен.

Спортшы Азаттыққа берген сұхбатында алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Азаттық: – Соңғы кездесуде сізді мексикалық Алексис Камачомен рингке шығады деп хабарланған. Бірақ соңғы сәтте қарсыласыңыз ауысты. Не себеп болды?

Қанат Ислам: – Мексикалық боксшы басында «кездесуге шығамын» деп келісім берген. Бірақ соңғы сәтте жекпе-жектен бас тартты. Шықпаймын дегенді қинай алмайсың. Басқа амал жоқ.

Қанат Ислам мен Фидель Монтеррос Муньоспен кездесуі. Колумбия, 7 тамыз 2014 жыл.

Қанат Ислам мен Фидель Монтеррос Муньоспен кездесуі. Колумбия, 7 тамыз 2014 жыл.

Азаттық: – Жыл басында «биыл бес-алты кездесу өткізуді жоспарлаймын» деп мәлімдеген едіңіз. Бірақ биыл рингке екі рет қана шықтыңыз. Жоспарыңызды орындауға не кедергі болып жатыр?

Қанат Ислам: – Кәсіпқой бокста бәрі боксшы қалағандай бола қоймайды. Жоспардың орындалмауына себеп көп. Мәселен, менің дәрежемдегі қарсыластар табылмады. Кей боксшылар өз талаптарын қойды. Екі жақ – менің проумоутерім мен қарсылас боксшының компаниясы келісе алмаған жайттар да болды. Тамызда бір-екі қарсылас келісім беріп, кейін жекпе-жекке шықпай қойды.

Азаттық: – Көптеген бокс мамандары «Қанат Ислам әлемдік деңгейге шығуы үшін мықты менеджер немесе проумоутерлермен жұмыс істеу керек» деген пікірді жиі айтады. Беделді бокс менеджерлерімен жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?

Қанат Ислам: – Проумоутерімді ауыстырмаймын. Яғни, бұрынғы проумоутерім Нельсон Лопеспен жұмыс істей беремін. Тағы бір жақсы жаңалық – кәсіпқой бокстағы ең беделді Showtime телеарнасының иесі, Америкадағы номері бірінші менеджер саналатын Эл Хэймонмен келісім-шартқа қол қойдым. Алдағы уақытта ол менің кездесулерімді ұйымдастыруға көмектеседі. Ол осыған дейін Мейвезердің менеджері болды. Қазір қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовпен де жұмыс істеп жатыр.

Азаттық: – Әр кездесуіңізден гонорар аласыз ба?

Қанат Ислам (ортада) қарсыласы Реиналдо Эскуивиа (сол жақта) және менеджері Нельсон Мендеспен (оң жақта) бірге. (Сурет Nelsons компаниясының ресми сайтынан алынды).

Қанат Ислам (ортада) қарсыласы Реиналдо Эскуивиа (сол жақта) және менеджері Нельсон Мендеспен (оң жақта) бірге. (Сурет Nelsons компаниясының ресми сайтынан алынды).

Қанат Ислам: – Гонорар туралы айтуға әлі ерте. Соңғы кездесуде Латын Америкасы чемпионы деген атағымды қорғадым. Алдағы кездесулерімде IBF, WBC тұжырымдары бойынша рейтингтік кездесулер өткізсем деген жоспарларым бар.

Азаттық: – Былтыр «Астана» президенттік клубымен араларыңызда келіссөздер болған еді. Одан нәтиже бар ма? Сізге «Астана» клубы алдағы уақытта демеуші бола ма?

Қанат Ислам: – Былтыр «Астана» клубымен келіссөз жүргіздік. Мен өз шарттарымды, олар өз шарттарын айтты. Кейін «дағдарыс, бюджетті қысқартып жатыр» деп, келіссөздер тоқтады.

Азаттық: – 21-кездесуіңізді қашан өткізбексіз?

Қанат Ислам: – Әзірге жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қытайдан, Ресейден ұсыныс бар. Келесі кездесуді Қытайда өткізуім де мүмкін. Бірақ нақты уақыты белгісіз.

Азаттық: – Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік бар ма?

Қанат Ислам: – Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік аз. «Кел, мен жекпе-жегіңді өткізіп берейін» деп шақырып жатқан ешкім жоқ. Өзім барып өткізбеймін ғой. Бізде (Қазақстанда – ред.) кәсіпқой бокс кештерін ұйымдастыру дамымағанын білесіз. Бірақ алдағы уақытта бір кездесу өткізуге мүмкіндік болса екен деймін.

Азаттық: – Жаттығу режиміңіз, алдағы жоспарыңыз қалай?

Қанат Ислам: – Күніне екі уақыт жаттығу жасаймын. Ағылшыншам да жақсарып қалды. Отбасым қазір Алматыда. Жыл соңында Қазақстанға барып қайтатын едім. Биыл елге барып қайту уақыты сәл нақтыланбай тұр. Дәл қазір келесі кездесуімнің өтетін уақытын нақтылап алуым керек. Жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізсем деймін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG