Accessibility links

«Бапкерлері боксшымызды өлтіріп алма деп ақша берген»


Кәсіпқой бокстан IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Василий Жиров (оң жақта) пен Дейл Браунның жекпе-жегі. АҚШ, 18 қазан 1999 жыл.

Кәсіпқой бокстан IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Василий Жиров (оң жақта) пен Дейл Браунның жекпе-жегі. АҚШ, 18 қазан 1999 жыл.

Боксшы Василий Жиров суық спортзалда өткізген жаттығулары, дәнекерлеуші болып жұмыс істегені және 1990 жылдары «отырып шыққандар», «іскерлер» және «спортшылар» деп бөлінген туған қаласы Балқаш жайлы әңгімелеп берді.

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Азаттық «Тәуелсіз адамдар» жобасын жалғастырады. Бұл – 1990 жылдардың басынан қазіргі күнге дейін қоғамдық пікір тудыруға моральдық түрткі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, артист сынды танымал адамдармен және белгілі медиатұлғалармен сұхбат. Жоба кейіпкерлері жаңа елде өзі және мамандығы бойынша қандай мақсат қойғанын және ол мақсаттарынан 2016 жылға қарай қандай нәтиже шыққанын айтып береді.

Жобаның үшінші сериясында бокстан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионы әрі алғашқы кәсіпқой боксшы Василий Жиров спортта өткен жастық шағы мен 1990 жылдардағы Балқаштан 2016 жылы Америкаға әкелген оқиғалар жайлы әңгімелеп берді.

«БАПКЕРІМ ҚЫЗДЫРАТЫН ШАММЕН ЖҮРЕТІН»

Петр Троценко: - Совет одағы ыдыраған сәт есіңізде ме, сіз мұны қалай қабылдадыңыз?

Василий Жиров: -​ Ол кезде мен СССР құрамасында болатынмын, сондықтан мен үшін бұл есеңгіреткен жағдай болды. Еуропа чемпионы атанып, турнирден елге қайтып келе жатқан едім. Жолда бізге «енді Совет одағы жоқ, бәрің өз республикаларыңа тарайсыңдар» деп хабарлады. Мәскеуге келген бетте «осында қал» деген ұсыныстар түсе бастады. Сәл ойландым да, «жоқ, жігіттер, рахмет, маған керегі бұл емес» деп елге, Қазақстанға қайттым. Ол кезде жасым 18-де болатын.

Петр Троценко: -​ Адамның өздігінен шешім қабылдауына ертерек жас екен.

Василий Жиров: -​ Негізі, бала кезімнен өздігімнен әрекет етуге үйренгенмін, шешімді де тез қабылдайтынмын. Бірақ әлгі ұсыныстары онша тиімді емес еді. Сондықтан «келіспеймін» дедім.

Балқаш қаласының көрінісі. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.

Балқаш қаласының көрінісі. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.

Петр Троценко: - Сіз ол кезде Балқашта тұрдыңыз. Ол жылдары жаттығу қиын болды ма? Қиын-қыстау заман келгені сезілді бе?

Василий Жиров: - Иә, ауыр болды, ақшадан тарықтық, ал мен жаттығып жүрген зал қыста мұз болып қатып қалатын, өйткені демеушіміз болмады. Бапкерім Александр Иванович Апачинский қатып қалған құбырлардың мұзын қыздыратын шаммен ерітіп жүретін. Бұл өміріміздегі қиын сәттер болды. Александр Иванович бізді жарысқа апаруға, жолға, жаттығуларға үнемі ақша іздейтін де жүретін.

Петр Троценко: - Ол заманда Балқашта қылмыс жиі болушы ма еді?

Василий Жиров: - Әрине, болды. Ол қазір де бар. Бірақ мен оған ілігіп кетпедім, бапкерім Александр Иванович тиісті адамдарды білетін, оларға [маған тиісуге болмайды] деп бірден ескертіп қойған.

Петр Троценко: - Өзге жігіттердің арасында бокстан қылмыс әлеміне бет бұрып кеткендер көп пе?

Василий Жиров: -​ Ондайлар көп, тіпті көп болды. Жылына 100-150 адам келетін, ал жыл аяғына қарай 1-2 адам ғана қалатын. Адамның көптігі соншалық, залда тұратын орын қалмайтын. Бірақ әр жаттығу сайын адам қарасы азая беретін.

БАЛҚАШТЫҢ ҮШ КАСТАСЫ

Петр Троценко: - Балқашта 1990 жылдары араласқан боксшы достарыңыз қалды ма? Олардың тағдыры не болды?

Василий Жиров: - Боксшы достарым қалған, әлі күнге дейін Балқашта тұрады, араласып тұрамыз. Әрқайсысы тіршілігін жасап жүр, құдайға шүкір, бәрі жақсы. Достарымды ұмытпаймын, сондықтан әлі күнге араласамыз.

Петр Троценко: - Қарағандылық таныс боксшылар жастық шағын еске алғанда 1990 жылдары қала тұрғындары «спортшылар» мен «ашық ауыздар» деп қана бөлінетін деп айтып отыратын. Ал Балқашта бұл жағы қалай еді?

Қала іргесінде түрме болған, сондықтан «отырып шыққандар», «спортшылар» және «іскерлер» деген топтар болды.

Василий Жиров (ойланып): - Қала іргесінде түрме болған, сондықтан «отырып шыққандар», «спортшылар» және «іскерлер» деген топтар болды.

Петр Троценко: - Демек, үш каста болды ғой.

Василий Жиров: - Иә, үш топ, мүмкін бұдан көбірек болған шығар, бірақ негізгілері осы үшеуі. Әркім шамасына қарай осы үш топтың біріне кіруге тырысатын. Бірақ спортшы болған соң мен тек спортқа көңіл бөлдім. Қалғанына қызықпадым.

Петр Троценко: - Балқаш 1990 жылдардан бері көп өзгерді ме?

Василий Жиров: - Сырт келбеті қатты өзгеріп кетіпті. Қалаға көбірек көңіл бөліне бастаған, жолдарды жөндеп, үйлердің сыртын бояп қойыпты. Бұрын кетіп бара жатқанда қаланың сұрқай түрін көріп көңілім құлазитын. Жағажай да тазарып қалыпты, оны біреу жекешелендіріп алыпты, мейлі ғой, әйтеуір жұрттың қаланың тазалығы мен келбетін жөндеуге кіріскеніне қуанасың.

Петр Троценко: - Әуесқой бокспен айналысып жүрген кезде әлемді біраз жерін аралап үлгердіңіз. Қазақстанға оралған кезде мәдени шок болған жоқ па?

Василий Жиров: - Совет одағы құрамасында жүргенде Греция, Италияға барғанмын, өзге өмірдің дәмін сол кезде татып көргенмін. Сондықтан ондай шок болған жоқ. Әркімнің туған жері өзіне екенін түсінемін ғой. Сондықтан мұндайға байыппен қараған шығармын.

Петр Троценко: - Демек, Қазақстанда өзіңізді барынша жайлы сезіндіңіз?

Василий Жиров: - Ол кезде иә.

БОКСШЫ ӘРІ ДӘНЕКЕРЛЕУШІ

Петр Троценко: -​ Күнкөріс ақшаны бокстан бөлек тағы немен таптыңыз?

Василий Жиров: - Ол кезде оқып жүрдім, дәнекерлеуші болдым, металлургиялық зауытта қосымша жұмыс істедім, түрлі тапсырыстарды орындайтынбыз.

Балқаш көлі жағасынан қарағандағы Балқаш мыс қорыту зауыты. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.

Балқаш көлі жағасынан қарағандағы Балқаш мыс қорыту зауыты. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.

Петр Троценко: -​ Тапқаныңыз өмір сүруге жетуші ме еді?

Василий Жиров: - Табысым анама да қарайласып, өзіме де жететіндей жақсы болатын.

Петр Троценко: - Ал бокстың көмегімен неге ақша таппадыңыз?

Василий Жиров: -​ Мен кәсіпқой емес, әуесқой боксшы болдым ғой. Ашығып қалмас үшін бізге купон беретін. Александр Иванович жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар бабында болу үшін тыным таппай жүгіріп, бүкіл мүмкіндікті жасайтын . Әлгі купондарын, кейде ақша беріп тұрды.

Петр Троценко: -​ Әуесқой бокста аяқтан шалатын әлдебір кедергілер болған жоқ па? Мысалы, спортшы дарынды, жаттығуға деген құлшынысы да зор, бірақ соған қарамастан, әлем чемпионатына қатысу үшін әлдебір амал іздеп, әкімшілік ресурстарға жүгінуге тура келген жағдайлар болды ма?

Василий Жиров: - Бұл жайлы көп айтқым келмейді, бірақ мен күшімді рингте, ал Александр Иванович ринг сыртында дәлелдегенін білемін.

Петр Троценко: -​ Яғни бапкеріңіз сізді жаттықтырып, жарысқа жіберуге ақша табудан бөлек шаруалармен де айналысқан ғой...

Василий Жиров: -​ Иә, маған ол кісінің көмегі көп тиді. Мысалы, Совет одағы құрамасында жүрген кезде мені кейде жарысқа жібергілері келмейтін, өйткені мен бәрін жеңіп, СССР-де нөмірі бірінші боксшы болдым. Сағымды сындыру үшін ауыр салмақтағылармен әдейі шығаратын, бірақ әлгілерді де құлататынмын.

Петр Троценко: -​ Ол кезде қай салмақ дәрежесінде бокстастыңыз?

Сағымды сындыру үшін ауыр салмақтағылармен әдейі шығаратын, бірақ әлгілерді де құлататынмын.

Василий Жиров: - 75 [килограмға] дейінгі салмақта рингке шығатынмын. Бірақ маған қарсы салмағы менен ауыр - 81-91 килограмдық жігіттерді шығаратын. Александр Иванович «іріктеуден өту үшін бәрін жеңуге тиіссің» дейтін. Шынымды айтсам, спарринг жаттығуларда менімен рингке шыққысы келмей, кейбіреулер қашатын. Әлгі сынақтардың бәрінен өтуге күшім де, айлам да, шапшаңдығым да жететін.

Бокстан СССР жастар құрамасының мүшелері (солдан оңға): Сергей Щербаков, Сергей Кутепов, Василий Жиров, Алексей Моор. Василий Жировтың жеке мұратағындағы сурет.

Бокстан СССР жастар құрамасының мүшелері (солдан оңға): Сергей Щербаков, Сергей Кутепов, Василий Жиров, Алексей Моор. Василий Жировтың жеке мұратағындағы сурет.

Петр Троценко: -​ Қазақстан құрамасында да солай болды ма?

Василий Жиров: -​ Ол жақтың өз қиындықтары болды, бірақ біз тіл тауып кететінбіз. Негізі, бұл табиғи процесс, өйткені жұрттың бәрі өз адамын шығарғысы, лидер болғысы келеді. Бірақ мұны рингте дәлелдейтінбіз, ал кім жеңсе, жекпе-жекке сол баратын.

МАҚСАТ – АЛТЫН АЛУ

Петр Троценко: -​ Берлинде өткен әлем чемпионатынан кейінгі жылы (1995 жылы әлем біріншілігінде Василий Жиров қола медаль алған. - Азаттық) Атланта олимпиадасы өтті. Оған дайындығыңыз қандай болды?

Василий Жиров: -​ Ол жаққа олимпиада чемпионы болам деген құлшыныспен кеттім. «А» класында 18 халықаралық турнир болып, 18 турнирдің бәрінде жеңдім. Ол жаққа алтын медаль алу үшін ғана барамын дедім.

Петр Троценко: -​ Сізге Уэл Баркер кубогын ақтық жекпе-жекке дейін беріп тастады емес пе? (олимпиаданың техникасы ең үздік боксшысына беріледі. - Азаттық).

Алғашқы жекпе-жекте қолымды сындырып алдым, бірақ аспирин де, анальгин де ішуге болмайтындықтан, мұз бастым.

Василий Жиров: -​ Иә, солай болды. Бірақ менімен әлемнің ең мықты боксшылары шықты, олардан басымдылығымды дәлелдеуге тура келді. Боксшылардың техникасы ғана емес, күші,төзімділігі, жеңіске деген құлшынысы та бағаланды. Алғашқы жекпе-жек үстінде қолымды сындырып алдым, бірақ аспирин де, анальгин де ішуге болмайтындықтан, мұз бастым. Ал рингке сынған қолмен шықтым. Ол кезде оң қолымның сүйегін сындырып алғанмын. Бапкерім «жұдырығыңды түйе аласың ба?» деп сұрайды. Мен «иә, жұма аламын, толық болмаса да, қыса аламын» дедім. Ол «жарайды, онда бар» деді.

Петр Троценко: - Олимпиададан кейін қандай ұсыныстар түсті? Мысалы, Серік Сапиевке мемлекеттік қызмет ұсынды ғой, сол сияқты сізге де Қазақстанда спортты дамытумен айналысуды ұсынған жоқ па?

Василий Жиров: - Ондай ұсыныстар болған жоқ. Негізі, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атану үлкен арманым болды. Ол кезде әлі жас болатынмын, алға өзге жолмен жылжу керек болды.

Петр Троценко: -​ Кәсіпқой боксқа қалай бардыңыз?

Василий Жиров: - Олимпиада кезінде промоутерлер жолығып, ұсыныстар жасаған болатын. Александр Ивановичпен сөйлесіп едім, ол кісі: «Кәсіпқой бокстың Меккесі қайда білесің бе? Америкада. Америкаға кетесің» деді.

ШЕТ ЖЕРДЕ

Петр Троценко: -​ АҚШ-қа барған кезде жаңа өмірге бейімделу қиын болған жоқ па?

Василий Жиров: - Қиын болды. Бәрінен бұрын тіл білу керек екен. Тура алтын тордағы тотықұс сияқты болдым, ештеңеден тарықтырмады - ақша беріп тұрды, тамақ тоқ, бірақ біреумен әңгімелесіп, сөйлесудің жөні бөлек екен. Сөйлесетін ортаң болмаса, күнің қараң екен.

Василий Жиров. Боксшының жеке мұрағатындағы сурет.

Василий Жиров. Боксшының жеке мұрағатындағы сурет.

Петр Троценко: -​ Ол кезде ағылшын тілін білген жоқсыз ба?

Василий Жиров: -​ Мектеп бағдарламасы деңгейінде ғана білдім. Бірақ ағылшындар мен америкалықтардың тілдері екі бөлек екен. Бір-біріне ұқсамайды. Шынымды айтсам, тілді қайтадан үйренуге тура келді. Мен түгілі, мектепті алтын медальмен бітіріп, Америкаға келген інімнің өзі америкалықтардың сөздерін түсінбейтін. Ал Лондонға жекпе-жекке барған кезде кей ағылшындармен сөйлескенде «мыналар не деп тұр, өзі» деп ойлайтынмын.

Петр Троценко: - Кәсіпқой бокста сізге біржақты көзқарас болған жоқ па?

Василий Жиров: - Залға келіп, жаттыға бастағанымда жұрт маған Иван Драго («Рокки» фильмінің кейіпкері. - Азаттық) тәрізді үдірейіп қарайтын. Бірақ қолымнан не келетінін көрген кезде, олар қорқа бастайтын, жай жүрмей, оларды рингтен тықсыру үшін келгенімді түсінген.

Петр Троценко: -​ Сұхбаттарыңыздың бірінде кәсіпқой рингке шыққан кезде боксшылардың көбі сізді онша бағаламады деген едіңіз.

Василий Жиров: - Иә, ондайлар болды, бірақ 1-2 раундтан кейін боксшылар мені жеңу оңай емес екенін түсініп, рингтің қай бұрышына тығыларын білмей жанұшыратын.

Петр Троценко: -​ Кәсіпқой бокста келісіп алу сияқты жағдайлар болды ма? Мысалы, сізге жолығып «бесінші раундта құласаң, осынша ақша береміз» деп мәміле жасауға тырысқандар болды ма?

Василий Жиров: -​ Кәсіпқой бокста, құдайға шүкір, ондай ештеңе болған жоқ. Бірақ әуесқой бокста немістер жолығып, «боксшымызды өлтіріп қойма» деп ақша берген.

Петр Троценко: -​ Әлгі ақшаны алдыңыз ба?

Василий Жиров: -​ Әрине, алдым. Менімен жекпе-жекке шығуы тиіс неміс боксшысының менің деңгейім одан көп жоғары екенін білетін бапкерлері келіп, «өтінеміз, өлтіріп қоймашы, саған жеңсең болды емес пе, жеңетініңді онсыз да білеміз» деп өтінді. Сондықтан онша соққы берген жоқпын. Қанша ақша бергені, шынымды айтсам, қазір есімде жоқ. Еуропа мен әлемде ол кезде менен көбі қорқатын, адамды аты-жөнін ұмытатындай етіп ұрып тастайтынымды білетін.

ИТ ҚАУЫП АЛҒАНЫ БАР

Петр Троценко: -​ Енді 1990 жылдардағы Балқашқа оралсақ... Бокстағы тәсілдеріңізді көшеде қолдануға тура келген кездер болды ма?

Енді бір жігіттердің «Мен Жировпын, қане, төбелесейік!»деп біреуді ұрып тастағанын естігенмін.

Василий Жиров: - Қалай айтсам екен... Кейбіреулерді ұрмай орнына қоятын кездер болған. Адамға кімге тап болғанын түсіндіру үшін бір жұдырығым да жететін. Бірақ мұндай жағдай жиі болмайтын, өйткені шағын қалада жұрт гулеп кетеді. Әйтеуір мен туралы көп қауесет тарағанын білемін. Жұрт дүкенде тамаққа кезекте тұрса, бір жігіт келіп, кезектің алдына тұра қалыпты. Жұрт наразы бола бастаған екен, ол «Мен Василий Жировпын, қане, кім қарсы, шықсын» депті. Бұлайша «танымал» болуы ұнады деп айта алмаймын. Енді бір жігіттердің «Мен Жировпын, қане, төбелесейік!»деп біреуді ұрып тастағанын естігенмін...

Петр Троценко: - Бұл да даңқтың бір түрі емес пе?

Василий Жиров: - Бірақ ондай даңққа бөленуді қаламас едім. Шынымды айтсам, ақымақтықпен немесе мас болып өздері соқтықпаса, ешкімді есінен тандырып ұрған емеспін. Бірден орнына қоятынмын. Олар кім екенімді бірден сезіп, жөніне кететін.

Петр Троценко: -​ Жұдырықпен шықса жақсы, ал егер біз немесе өзге бірдеңе алып шықса ше?

Василий Жиров: - Одан қорықпаймын. Александр Иванович мына өмірде қалай тірі қалуға үйретіп тастаған. Бірде ит қауып алып, дәрігерге барып тіктіруге тура келген. Өмірдің қатал мектебінен өткен адаммын.

Петр Троценко: -​ Қазақстанда емес, Америкада қалғаныңыз дұрыс болғанын қашан түсіндіңіз?

Василий Жиров: -​ Әзірше осында – Америкадамын. Ал ертең не болады білмеймін. Бұл жақты тұрақтап қалатын ел ретінде қарастырмаймын. Мүмкін, кезі келгенде Қазақстанға қайта кетермін. Біраз ойларым бар, соның бірі елге қайта кетсем бе деген ой.

Петр Троценко: -​ Азаматтығыңыз қазір қай елдікі?

Василий Жиров: - Менде Американың да, Қазақстанның да азаматтығы бар. Бірақ Қазақстанда екі азаматтық алуға рұқсат етпейді, сондықтан оны қайта алуым керек. Мемлекеттік деңгейде тез шешілетін шығар. Бұл мәселе жайында сөйлесіп қойғанмын.

«ҚАЗАҚСТАННАН ҰСЫНЫС ТҮСКЕН ЖОҚ»

Петр Троценко: -​ Кәсіпқой бокста жүргенде Қазақстаннан әлдебір ұсыныстар түсті ме?

Василий Жиров: - Жоқ, Қазақстаннан ондай ештеңе түскен жоқ. Алматыда үлкен [спорттық] клуб ашайық деген бір кісі болған. Талай клубтарды, жаттығу кешендерін көріп жүрмін ғой, сондықтан өз клубымды ашқым келеді. Жұрт жай жаттығып қана қоймай, тынығып, тіпті тамақтана алатын клуб ашқым келеді. Жобасын көрсетіп едім әлгі адам «шамам келмейді» деді. Бірақ әлгі жоба ондай үлкен емес еді. Бұған қоса, адамдарға деген қарым-қатынас та маңызды, залда ол жоғары деңгейде болуы тиіс. Мен мұны Америкада үйрендім, мұнда клиентті қалай құрметтейтінін көрдім. Әрине, мұндай іске ақша керек, бірақ рахаттанып жаттықса залға қуана-қуана келер еді. Бұл бизнес, бірақ мимен ойлайтын бизнес қой.

Петр Троценко: - 1990 жылдарға қайта оралғыңыз келер ме еді? Ондай тілегіңізге не себеп болар еді?

Василий Жиров: -​ Өткенді қайта әкелуге күшім де жетпейді әрі оны қаламаймын да, өйткені бұл менің рухани дамуымды тежейді. Сондықтан өткенге салауат айтып шығарып салу керек. Алға жылу керек.

Петр Троценко: -​ Олай болса, сұрақты сәл басқаша қояйын. 1990 жылдары бәрінен көп ұнаған не еді? Ол заманнан есіңізде ұмытылмастай болып не қалды?

Василий Жиров: -​ Адами, қарапайым қарым-қатынас ұнайтын. Ұлтына, мәртебесіне қарамастан, адамдар бір-біріне жуық болатын, бір-бірін жақсы түсінетін, мейірімді болған. Бізде [қазақстандықтарда] осы қасиет қалса жақсы болар еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG