Accessibility links

«Cириядағы ұлымды қайтара алмай келдім»


"Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. 21 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. 21 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сирияда жүрген баласын іздеп барған анасы «ислам мемлекетін құрамын» деген ұлының Қазақстанға оралуға көнбегенін айтады. Ол жігіттің елде қалған жұбайы ажырасуға арыз берген.

Былтыр қазан айында YouTube желісінде «Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшылар» видеосы жарияланғаннан кейін Сирияға кеткен балаларын іздеуші ата-аналар көбейе бастады. Соңғы айда Ирак пен Сирияның біраз территориясын басып алған, қазір Кобани қаласын шабуылдап жатқан «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында жүр делінетін қазақстандықтарды іздеушілердің бірі – Жезқазған қаласының тұрғыны Құралай Нұрмағамбетова.

– 26 жастағы ұлым Бағлан Салықовты іздеп, Түркия арқылы Сирияға барып, қазанның 28-інде Қазақстанға оралдым, – деді жасы 60-тағы Құралай Нұрмағамбетов Азатттыққа.

«ҚАЙДА ТҰРАТЫНЫН БІЛМЕЙМІН»

Құралай Нұрмағамбетова биыл тамызда екі баласы мен әйелін тастап Сирияға кетіп қалған ұлы Бағланды іздеуіне «Кеңгір ауылының тұрғыны Мұхамбетқали Дәніханов Иракқа кеткен ұлын көріп қайтты» деген хабар қозғау салғанын айтады.

– Мұхамбетқали Дәніхановтан мені Сириядағы балама ертіп апаруды сұрадым. Бізге Кеңгір ауылының тағы екі адамы қосылып, төртеуіміз Түркияға жеттік. Бірақ шекарадан өте алмайтын болған соң ол үшеуі 10 күндей жатып Қазақстанға қайтты. Әрі біреуінің баласы хабарласып, «әуре болмаңдар, бәрібір қайтпаймын» деген екен, – дейді ол.

"Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. 21 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. 21 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Құралай Нұрмағамбетованың сөзінше, Стамбулда жалғыз қалған оған бірер күннен кейін Сирияға кеткен балаларын іздеп шыққан кеңгірлік басқа екі адам қосылып, үшеуі Сирияға беттеген. Өзін «мал шаруашылығында жұмыс істейтін қарапайым әйелмін» деп таныстырған Құралай Нұрмағамбетова Сирия аумағына қандай жолдармен жеткенін толық білмейтінін айтады.

– Стамбулдан әрі қарай 16 сағаттай жүрдік. Шекараға дейін таксимен бардық. Сол жерден балаларымыз автобуспен алып кетті. Қай қалада тұрып жатқанын да білмеймін, балам да ештеңе айтқан жоқ. Сирияда әйтеуір, – дейді ол.

Баласының Сириядағы қонысы мен тұрмыс салты туралы егжей-тегжейлі баяндағысы келмеген тұрғын:

– Тұрмыстары жаман емес. Соғыс болып жатқанын көрмедім. Баламның жанында екі-ақ күн болдым. Мұхамбетқали Дәніхановтың баласы Ержан Дәніхановтың үйінде жаттық. Ол жақта Кеңгір ауылының тағы бірнеше жігіті жүргенін көрдім, – деп қысқа қайырды.

Жүзбе-жүз сөйлессем, елге қайтатын шығар деген үмітім ақталмады. Екі баласы мен мүгедек бауырын айтқаныма да иілмеді.

Құралай Нұрмағамбетова Бағлан балаларының үлкені екенін, оның Жезқазғандағы «Қазақмыс» компаниясының шахтасында жұмыс істей жүріп қант диабетімен ауыратын інісінің отбасына да қарайласқанын есіне алды.

– Жүзбе-жүз сөйлессем, елге қайтатын шығар деген үмітім ақталмады. Балам «елге барып сотталғанша осы жақта ислам мемлекетін құрып, мұсылман бауырларымызға көмектескеніміз артық» деді. Екі баласы мен мүгедек бауырын айтқаныма да иілмеді, – дейді ол.

Баласының «бұрын өз бетімен намазын оқып жүргенін» айтқан анасы «оның Сирияға қалай кетіп қалғанына таңырқаймын» дейді.

«ЕКІ БАЛАНЫ МАҒАН АМАНАТТАДЫ»

Бағлан Салықовтың Сирияға қалай кеткенін оның зайыбы Жәзира Жұмабекова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) да білмейтінін айтады.

– Биыл тамыздың 3-інде екінші балама босанғанмын. Ал тамыздың 27-сінде Бағлан Кеңгір ауылының тұрғыны Жанатпен бірге көлік сатып алуға Астанаға кеткен. Екі күннен кейін үйге ҰҚК қызметкерлері келіп, Бағланның Түркия арқылы Сирияға кеткенін хабарлады. Бірнеше күннен кейін Бағланның өзі телефон шалып, Иракта жаттығуда жүргенін айтты, – дейді 22 жастағы Жәзира Жұмабекова Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Ол Бағлан Салықовпен 2012 жылы, өзі Қарағанды политехникалық колледжін бітіре сала тұрмыс құрғанын, ол кезде екеуінің де «Әбу Ханифа мазхабы бойынша намаз оқып жүргендерін» айтты.

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы. 29 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы. 29 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Бірақ бір жылдан кейін Бағланның сыртқы бет-бейнесі мен діни көзқарастарында өзгешеліктер пайда бола бастады. Кеңгір ауылында тұратын Жанат деген досының үйіне жұмыстан қайтарда әртүрлі себеппен жиі барып жүрді. Түрлі сылтау айтатын. Өзім де намаз оқимын, хиджаб киген соң аса мән бермедім. Дін соңына түсетіндей уақытым да жоқ еді, – дейді Жәзира Жұмабекова.

Күйеуі Сирияға кеткен соң балаларын алып, Қарағанды қаласында тұратын әке-шешесінің үйіне келген келіншек қазір жұмыссыз. Ол ерімен «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы сирек сөйлескен кездерінде Бағланың Сирияға шақырып жүргенін, бірақ өзінің одан бас тартқанын айтады.

Ол өз жолын таңдады, мен де өз жолымды таңдауым керек.

– Таяуда онымен ажырастыру жөнінде сотқа арыз түсірдім. Ол өз жолын таңдады, мен де өз жолымды таңдауым керек. Бұл жөнінде шет жағасын өзіне де айттым, екі баланы маған аманаттады, – дейді Жәзира Жұмабекова.

«Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшылар» туралы мәлімет 2013 жылы қазанда YouTube-те жарияланған бір видеодан соң тарай бастаған. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер барысында видеодағы кейбір адамдардың аты-жөнін анықтап, олардың Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында және Кеңгір ауылында тұратын туыстарымен тілдесіп қайтқан. Сирияға кеткен жақындары «алданып, біреулердің арбауына түсіп қалғанын» айтқан тұрғындар Қазақстан билігінен туыстарын «аман-есен елге қайтаруды» сұрап өтініш жазған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың «Сирияға барған жиһадшылар» туралы сауалына «бейнежазбадағы адамдарды анықтау және олардың шетелге шығу себептерін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын» айтып жауап берген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG