Accessibility links

Винокуров: Енді чемпиондарды дайындағым келеді


Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Александр Винокуровқа полиция подполковингі шенін берді. 23 тамыз. 2012 жыл. Петропавл. Сурет спортшының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Александр Винокуровқа полиция подполковингі шенін берді. 23 тамыз. 2012 жыл. Петропавл. Сурет спортшының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Азаттыққа сұхбат берді. Чемпион АҚШ антидопинг агенттігінің велошабандоз Армстронгтың «Тур де Франстағы» жеті жеңісін жойғанына қатысты пікірін де білдірді.

«Енді Қазақстанда велоспортты дамыту үшін жұмыс істеймін. Жас, талантты спортшылар бар. Осыдан екі жыл бұрын «Астана-2» командасын құрған едік. Оның құрамында Арман Камышев, Алексей Луценко, Мақсат Аязбаев, Нұрболат Құлымбетов, Руслан Тілеубаев сияқты азаматтар бар. Олардан көп үміт күтемін. Менің ізімді басып, алдағы жарыстарда жүлде алуға күштері жетеді» деп бастады әңгімесін олимпиада чемпионы.

- Биылғы маусымды қорытындыласақ...

- Мамырда Максим Иглинский «Льеж-Бастон-Льеж» веложарысында жеңіске жетті. Түркия турында жас велошабандоз Александр Дьяченко жалпы есепте 2-орын алды. «Астана» командалық сында топ жарды. Жалпы, жыл басында олимпиадаға төрт жолдама алсақ деп ойлағанбыз. Бірақ мақсат орындалмады. Дегенмен оған өкінбейміз. Бастысы - олимпиада алтыны Қазақстанға бұйырды. Енді қыркүйектің 19-ы мен 25-і аралығында Голландияда әлем чемпионаты өтеді. Сол жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады. Асан Базаев пен Максим Иглинский бұл біріншілікке қатысатындардың қатарында бар. Жақсы нәтиже күтеміз.

- Сіз спорттық карьераңызда бірқатар жеңіске жеттіңіз және біраз қиындықты да көрдіңіз. Спорттағы жолыңызды еске түсірсеңіз...

- Былтыр «Тур де Франс» көпкүндігінде қатты жығылып, жарақат алдым. Балдақпен жүріп, бірнеше операцияны басымнан өткердім. Тіпті мені қатардан сызып тастағандар да көп болды. Бірақ өзіме сеніп, олимпиада ойындарын ұтып алдым. Лондон олимпиадасы менің есімде мәңгі қалады. 200 астам шабандоз 200 шақырымдық жарыста жүлде үшін таластық. Жарысты жарты миллион адам тамашалады. Ағылшындар «Тур де Франста» жеңіске жеткен Брэдли Уиггинс пен сол жарыста екінші орын алған Кристофер Фроомды алтын медаль алады деп ойлады. Маған Лондон жарысында командаласым Асан Базаев үлкен көмек көрсетті. Бұл жеңіс екеумізге ортақ.
Александр Винокуровтың 200 шақырымдық жарыста бірінші келіп, Лондон олимпиадасының чемпионы атанған сәті. Ұлыбритания, 28 шілде 2012 жыл.

Александр Винокуровтың 200 шақырымдық жарыста бірінші келіп, Лондон олимпиадасының чемпионы атанған сәті. Ұлыбритания, 28 шілде 2012 жыл.


2007 жылы допинг дауына іліктім. Соның кесірінен Пекиндегі олимпиадаға қатыса алмай қалдым. Допинг шектеуі бітті. Екі жыл жарыстарға қатыспасам да, жаттығудан жалықпадым. Көп мамандар мен қарсыластарым «Винокуров психологиялық тұрғыдан қажыды, енді велоспортқа оралмайды» деп болжады. Бірақ міне сол қиындықтың барлығы артта қалды. Кейде жан досым Андрей Кивилевтың қазасын ойласам, көзіме жас толады (Қазақстандық шабандоз Кивилев 2003 жылы «Париж-Ницца» жарысы кезінде құлап, қайтыс болған еді – авт). Кей кезде жанкүйерлердің үмітін ақтай алмаған кездерім де болды. 2004 жылы Афина олимпиадасында менен жұрт жүлде күтті. Бірақ үздік ондыққа да ене алмай қалдым. Азия ойындарының алтыны да бұйырмады. Дегенмен барлық сәтсіздіктерімді Лондонның алтыны ұмыттырды.

- Қазақстандық жоба - «Астана» командасында қазақстандық шабандоздардың санын көбейту ойда бар ма?

- «Астана» - әлемдік жоба. Және бұл команданы шетелдік шабандоздарсыз елестету мүмкін емес. Алдағы уақытта қазақстандық және шетелдік спортшылардың санын тең ұстаймыз. Негізі, Қазақстан велоспортшыларын енді Рио де Жанейродағы олимпиадаға дайындаймыз. Олимпиада ойындарынан жүлде алуды дәстүрге айналдырсақ дейміз.
Александр Винокуров алтын медалін тістеп, олимпиаданың жеңіс тұғырында тұр. Ұлыбритания, Лондон, 28 шілде 2012 жыл.

Александр Винокуров алтын медалін тістеп, олимпиаданың жеңіс тұғырында тұр. Ұлыбритания, Лондон, 28 шілде 2012 жыл.


- «Астана» командасы биылғы әлемдік «Джиро де Италия», «Тур де Франс» көпкүндіктерінде жақсы нәтиже көрсете алған жоқ. Келер жылы осы олқылықтың орнын толтыра аламыз ба?

- Оныңыз рас. Алайда былтырғы жылмен салыстырғанда команданың нәтижесі жақсарып қалды. Биыл бұл ірі жарыстарда команда мүшелері жүлделі орынға іліге алмаса да, алға қойған мақсаттардың біразын орындады. Мәселен, «Астана» мүшелері «Джиро де Италияда» екі кезеңде жеңіске жетсе, «Тур де Франста» команда көшбасшысы Янец Брайкович алғашқы ондыққа енді. Жаңа маусымда командаға әлемдегі мықты спортшылар келеді. Қазір италиялық Винченцо Нибали (2010 жылғы «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы) командамен келісім шарт жасасты.
200 астам шабандоз 200 шақырымға жарыстық. Жарты миллион адам тамашалады. Ағылшындар «Тур де Франсты» ұтқан Брэдли Уиггинс пен сонда екінші орын алған Кристофер Фроомды алтын алады деп ойлады.


- Олимпиада ойындарынан кейін чемпиондарға деген халықтың құрметі ерекше. Сізге жақында Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі полиция подволковнигі шенін берді. Және Астанадағы Гумилов атындағы Еуразия университетіне магистратураға түстіңіз...

- Иә, халықтың құрметіне рахмет. Енді бапкерлікпен айналысамын. Спортшы ретінде олимпиада алтынын алдым. Алдағы уақытта бапкер ретінде олимпиадада жеңіске жетсем деймін.

- АҚШ антидопинг агенттігі белгілі велошабандоз Лэнс Армстронгтың «Тур де Франстағы» жеті бірдей жеңісін жойды. Армстронгты «допинг қолданып, өзге спортшылардың да рұқсат етілмеген дәріні қолдануына себеп болған» деп айыптап отыр. Сіздің бұл жағдайға қатысты пікіріңіз қандай?

- Бұл - велоспортқа өте үлкен соққы. Және «Тур де Франстың» имиджіне де кері әсерін тигізетін жағдай. Әрине, өкінішті... Велоспорт допингтің кесірінен үлкен зардап шегуде. Армстронгтың жеті жыл төккен тері далаға кетті. Оның қазіргі жағдайын жақсы түсінем. Бірақ ол бәрі бір әлем жанкүйерлерінің алдында батыр болып қалмақ.
"Тур де Франс" веложарысының жеті дүркін чемпионы Лэнс Армстронг. Оңтүстік Африка, Кейптаун, 14 наурыз 2010 жыл.

"Тур де Франс" веложарысының жеті дүркін чемпионы Лэнс Армстронг. Оңтүстік Африка, Кейптаун, 14 наурыз 2010 жыл.


- 2005 жылы «Тур де Франс» көпкүндігінде Армстронг бірінші, Сіз үшінші орын алдыңыз. Енді Армстронгтың барлық жеңістері жойылса, Сіз үшінші орыннан екінші орынға көтерілесіз...

- Үшінші орыннан екінші орынға көтерілу мен үшін маңызды емес... Винокуров «Тур де Франс» жарысының үшінші орын иегері болып қала береді.

Сұхбат соңында олимпиада чемпионы 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап «Астана» командасындағы жаңа қызметіне кірісетінін мәлімдеді. Бірақ Винокуровтың бұл командадағы ресми қызметі әзірге белгісіз. Ақпараттар бойынша, ол «Астана» командасының бас менеджері болуы мүмкін деген болжамдар бар.

Азаттық тілшісінің Винокуровпен өткізген сұхбатының шағын үзіндісін мына жерден көре аласыз:

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG