Accessibility links

Мұсағали Дуамбеков: «Сайлауға түсуім туралы Қайрат Сатыбалдымен еш әңгіме болған жоқ»


Мұсағали Дуамбеков, президент сайлауына түсуге үміткер. Астана, 9 ақпан 2011 жыл

Мұсағали Дуамбеков, президент сайлауына түсуге үміткер. Астана, 9 ақпан 2011 жыл

Қазақ тілі емтиханын сәтті түрде тапсырған көпшілікке бейтаныс президенттікке үміткер Мұсағали Дуамбеков лингвистикалық комиссия тіл білу деңгейіне емес, тарихи білімге көбірек шұқшияды деген пікірде.


Мұсағали Дуамбеков Азаттыққа берген сұхбатында Уәлихан Қайсардан кейін Болат Әбіловтің де қазақ тілі емтиханынан өте алатынына сенбейтінін мәлімдеді.

«ОЛ КІСІГЕ ҚАРСЫ ШЫҚПАЙ 2-ОРЫНҒА ШЫҚСАМ»

- Мемлекеттік тіл бойынша емтиханнан шыққан бойда сіз президент сайлауында жеңіске жетуді көздемейтініңізді, президент Назарбаевтың саясатын қолдайтыныңызды мәлімдедіңіз. Сонда сіз үшін қазіргі президентке қарсы сайлауға түсудің қандай маңызы, мағынасы бар?

- Мәселе - ол кісіге қарсы шығу емес қой. Мәселе - сайлауға қатысу. Менің негізгі мақсатым – осы додаға қатысу, экологиялық мәселерді елге жеткізу деп мен сонау бастан айтып жүрмін. Қазақстанда экологиялық мәселелерге дұрыс көңіл бөлініп жатқан жоқ, соны елге жеткізу үшін мінбер есебінде осы сайлауды пайдалану...

Мәселе қарсы шығу немесе шықпауда емес, осы додаға қатысып, кемінде екінші орынға шығуға есеп жасау керек деп ойлаймын.

- Мұсағали мырза, Қазақстанда сіз айтып отырған қоршаған ортаны қорғайтын дербес саяси партия да бар, мысалға бұрынғы «Руханият», қазір өздерін «Жасылдар партиясы» деп атайтын құрылым бар. Оған қоса «Табиғат» атты қозғалыс та бар.

- Бұрын «Руханият» партиясы енді келіп қоршаған ортаны қорғайтын партия бола қоя ма!? Руханият партиясы бұрын руханиятпен, көші-қонмен айналысатын. Қазір келіп барлық жерде, әсіресе мына еуропалықтардың құлағын шулатып, «біз экологиялық партиямыз» деп жүргені тіпті ақылға келмейтін нәрсе.
«Экологиялық таза өнім» деген комитет құрып, 85 кәсіпорынмен жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы осыдан 5 жыл бұрын біз «Менің Қазақстаным» республикалық экологиялық партиясын құрғанбыз. Міне, осы уақыттың ішінде біз әрекет етіп жатырмыз. Енді мына сайлауды пайдаланып, бір жағынан көрініп қалу, екінші жағынан – эколгиялық партияны сайлаудан кейін тіркеуге беріп, әрі қарай саяси шаруалармен айналысу.

«АҚОРДА ҚОЗҒАЛЫСЫ КӨМЕК БЕРГЕН»

- Осы күні «Нұр Отан» партиясының хатшысы болып отырған Қайрат Сатыбалды құраған “Менің Қазақстаным” республикалық экологиялық партиясының төрағасы болдыңыз. Қазір сол партияның тағдыры не болды? Партияның өзі бар ма?

- Партия бар. Оны Қайрат Сатыбалды құрған жоқ, оны құрған - мен. Қайрат Сатыбалды партия құрылатын кезде «Ақорда» деген қозғалысымен бізге көмек берген. Бірақ, оның артынша ол «Асар», тағысын-тағы партиялар бірігетін кезде, «Ақорда» қозғалысын «Нұр-Отан» партиясына алып барып қосқан.

Сондықтан біз осы экологиялық партиямызды өз бетімізше құрып жүрміз. Қайрат Сатыбалдының оған еш қатысы жоқ.

- Қазір Қайрат Сатыбалдымен арадағы қарым-қатынасыңыз жақсы ма?

- Қарым-қатынасымыз жаман емес. Бірақ, осы сайлауға түсу-түспеу жөнінде Қайрат Сатыбалдымен ешқандай әңгіме болған жоқ.

- Сіз кезекті президент сайлауының тағы да кезектен тыс өтуіне қалай қарайсыз?

- Енді кезектен тыс өтуіне өзім додаға қатысып жатқаннан соң дұрыс қараймын.

ИМАНДЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ҮГІТ-НАСИХАТ

- Үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанын жүргізуге бір айға жетпейтін уақыт беріліп отыр. Сіздің сайлаушылар алдында өзіңізді, идеялар мен саяси бағдарламаңызды кеңінен таныстыруға осы уақыт жете ме?

- Әрине уақыт тар. Бүгінде, мысалға, осы уақыт жетеді деп үміткердің ешқайсысы айтпайды. Себебі, бүгінде уақыт өте тар. Бірақ, сайлаудың шарты сондай болған соң, сол шартпен келісіп, додаға түсіп жатырмыз.

- Президент сайлауына түсу үшін, сайлауалды науқанын жүргізуге қыруар қаражат керек. Сіз соншама қаражатты қайдан алмақсыз? Демеушілеріңіз бар ма? Болса олар кімдер? Айта аласыз ба?

- Жалпы саясатпен айналысып жүрген 5 жылдың ішінде талай шаруа істелді. Оның ішінде мына «экологиялық таза өнім» деген комитет құрып, 85 кәсіпорынмен жұмыс істеп жатырмыз.

Олардың барлығы біздің «экологиялық таза өнім» деген таңбамызды пайдаланып, бүгінде жұмыс істеп жатыр. Сол компаниялардың біразы бізге көмек береді ғой деген ойдамыз. Оның ішінде тағы басқа демеушілеріміз бар. Міне, солардың барлығын пайдаланып, сайлауға жақсы деңгейде қатысуға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.

- Сайлауға сіз қандай үндеумен, қандай саяси бағдарламамен шықпақсыз?

- Енді біздің партияның негізгі шаруасы, ұраны «экология – жан саулығы», «экология - тән саулығы», «экология – қоршаған ортаны қорғау». «Жан саулығы» дегеніміз – ол имандылық, «тән саулығы» дегеніміз денсаулық. Оның ішінде, мысалы, ұлттық спорттарды көтеру.

Ал енді қоршаған ортаны қорғау деген біз үшін дайын мәселе, басқаша айтқанда ол менің кәсібім, менің ғылыми бағытым.

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ «ТҮСІНІКСІЗ ШАРТТАРЫ»

- Мұсағали мырза, сізден бір күн бұрын мемлекеттік тілден емтихан тапсырған белгілі оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсар, өзінің емтиханнан құлатылуын «саяси тапсырыс» деп сипаттады. Сіз сондай пікірмен келісесіз бе?

- Бүгін мен де осы емтиханды өз басымнан өткіздім ғой. Емтиханның өткізілу барысына қарасақ, ол қазақ тілін білу, не білмеу емес... Мен басында саяси тақырыптар, мемлекет, республика, халықаралық немесе дүниежүзілік ұйымдар бойынша болады ғой деп ойлап едім.
Тілді білуімізді тексеру үшін алдымен бір нәрсені жазуымыз керек қой. Емтихан тіл деңгейін емес, тарихты білу-білмеу деңгейінде болды.

Ал маған, мысалға, тарихи мәселе келді. Тілді білуімізді тексеру үшін алдымен бір нәрсені жазуымыз керек қой. Емтихан тіл деңгейін емес, тарихты білу-білмеу деңгейінде болды. Сондықтан осы тұрғыдан қараған кезде, лингвистикалық комиссиясының шарттары маған да түсініксіз.

Содан кейін біз, мысалға, қандай тақырып болатынын білмедік. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін, мысалға, сіздерге тест береді. Тестің елу болсын, жүз болсын, тақырыптарын алдын-ала білесіз.

Ал мұнда не болады: тарих па, халықаралық тақырып па, әлде басқа ма? Міне, бұлардың бірін білмей, бүгін лингвистикалық комиссияның алдынан өттік.

Әрине, тілдің деңгейін тексеру форматында мына лингвистикалық комиссияның талаптары келмейтін сияқты.

- Алдағы президент сайлауында сіз сайлаушылардың қанша пайыз дауысын аламын деп үміттенесіз немесе жоспарлап отырсыз?

- Біріншіден, мен дәл қазір оны болжап айта алмаймын. Себебі, жалпы үміткерлердің саны белгісіз. Бүгінде, мысалы, мен жалғыз үміткер болып отырмын. Ал ертең [Болат] Әбілов келе ме, әлде келмей ме...
Қайсар өте алмаған кезде, Әбіловтің келіп қазақ тілін тапсыруына мен, мысалға, сеніп отырған жоқпын.

Ойлап отырғаным: [Уәлихан] Қайсар өте алмаған кезде, Әбіловтің келіп қазақ тілін тапсыруына мен, мысалға, сеніп отырған жоқпын. Меніңше, Әбіловтің орнына тіл білетін әлде Тұяқбай ма, әлде Қосанов па, біреуі шыға ма!?

Меніңше, қазір тактикалық жағынан қарайтын болсақ, әлі талай өзгеріс болуы мүмкін. Сан жағынан да, сапа жағынан да. Сондықтан ресми түрде тіркелген қанша үміткер болады, оның ішіндегі қаншасы мықты болады, қаншамасы нашар болады деген сияқты болжау айтудың өзі артық әңгіме.

- Мұсағали мырза, әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG