Accessibility links

«Қазақ тыңдаушысынан қуат алам»


Ұлжан Байбосынова, жыршы. Алматы, 6 наурыз 2013 жыл.
Ұлжан Байбосынова, жыршы. Алматы, 6 наурыз 2013 жыл.

Жыршы Ұлжан Байбосынова Азаттыққа сұхбат берді. Ол «Жыл бойы қазақтың дәстүрлі музыкасы ойналып тұратын театр салынса" деп армандайды.

- Ұлжан ханым, жақында ғана Үндістанда өнер көрсетіп қайттыңыз. Әуелгі әңгімені осы сапар барысынан бастасақ.

- Раджастанда, Джайпур және Нагор қалаларында сопылық музыка фестивалінің өтіп жатқанына алтыншы жыл. Биылғы фестиваль ақпанның 20-сы мен 27-сі күндері аралығында өтті. Негізгі ұйымдастырушылары – қазіргі тақ мұрагерлері. Бір сөзбен айтсақ, махараджалар. Олардың 1700 жылдардан сақталып келе жатқан ескі сарайларында бірінші рет қазақтың жыры шырқалды деп ойлаймын. Оларда да рага, вокалдық, аспаптық музыка кең тараған. Философиялық ой-өреге құрылған. Бірінші баруым, бірақ аса қорқа қойған жоқпын және қазақ жыры жақсы қабылданды. Екіншіден, жыршылық - тек қазаққа ғана емес, адамзатқа тән өнер. Себебі бұның бастауы көне ғасырда жатыр. Мақамның көнелігі, сол мақаммен бірге өрілетін мәтіннің өзі - тек бір ұлтқа ғана емес, жалпы адамзатқа қарата айтылған өнегелі сөздер. Сондықтан, тыңдарман жан-тәнімен қабылдап жатады.

- Сіз бұған дейін Батыс Еуропаға жиі барып жүрдіңіз. Олардың қазақ тыңдармандарынан қандай айырмашылығы бар?

- Айырмашылық үлкен. Қазақ тыңдармандарының алдында, сахнада шабыт алып, күш жинап отырасың. Ал Еуропа елдерінде тыңдарман сені, керісінше, «жұтып қояды». Жақсы тыңдайды, олардың рухани музыкалық өнерге шөліркеп қалғаны соншалық, сіздің шығарған бүкіл энергияңызды «жұтып», сізге ешнәрсе қайтармайды. Концерттен шыққанда құр сүлдеріңіз қалады. Ал қазақ тыңдаушысы сонымен өскен, сонымен тәрбиеленген, бойында бар және сіз жұмсаған энергияны «ой бәрекелді», «ой пәлі» деген сөздермен қолдап-қолпаштаумен-ақ сол мезетте қайтарып беріп отырады.

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының "Толғауы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:00 0:00
Жүктеп алу

- Шетелдік тыңдарманға қазақтың жыраулық өнерін, жыршылық дәстүрін, оның ішінде әйел жыршылардың орындаушылық шеберлігін таныстырғандардың бірі - өзіңіз. Бір сәт кері шегініп, осыған сәл тоқтала кетсеңіз?

- Азия халықтарының әйел жырауларының дауысы жазылған СD-DVD форматтағы диск 2007 жылы АҚШ-та шыққан. Фильм де түсірілді. Шығармашылық топ АҚШ-тан, Швейцариядан арнайы келіп, Қармақшыда (Қызылорда облысы – ред.), Қорқыттың басында, халықтың ортасында жыр мен жыршыны дәстүрлі қалпында түсіріп, жазып алған еді. Соны үлкен диск етіп шығарды. Диск шыққаннан кейін АҚШ-тың барлық штаттарында тұсаукесері болды. Яғни алдымен фильм көрсетіліп, онан кейін әйел жыраулардың өнері таныстырылды. Қазір бұл диск АҚШ, Еуропа елдерінде танымал. Өкініштісі, Қазақстанға жетпеді. Шығарушылар өзге елдікі болғандықтан, оны мұнда тарату қиынға түсіп отыр.

- Қазақтың суырыпсалма айтыс өнерінде әйел адамдардың көп болғаны белгілі. Бірақ жыршылық салада негізінен ер адамдардың аты аталатын. Ал сіз жиыстырған әйел жыраулардың тарихы қай кезеңнен басталады?

- Расында да жыраулық өнер әу баста ер адамдарға тән болды. Бірақ уақыт өте келе, замандар өте өзінің табиғилығын сақтап қалу үшін осылай жалғасты-ау деп ойлаймын. Сонымен қатар, жыраулық, жыршылық дәстүр - ер адам, әйел адам деп талғамайтын өнер.


- Сіздің орындауыңыздағы жыр термелердің шетелде таралуы бір дискімен шектеліп қалған жоқ. Мәселен «әлемнің жауһар жырлары» деген атпен Германияда шыққан топтамаға Ұлжанның репертуарынан да орын берілді. Сіз айтып отырған кейінгі диск бұл топтамадан өзгерек пе?

- Иә, өзгерек. Көнеден келе жатқан тамақпен айту өнерін сақтаған халықтардың, оның ішінде мынау якут, бурят сияқты көптеген елдердің көнеден келе жатқан сиқырлы үні бар дауыстарын жазды. Онда бүгінгі күнде адамның ағзасына, жұлын жүйкесіне, жан-дүниесіне терең әсер ететін, философиялық мазмұны бар дыбыстар, әуендер жазылған еді.

- Бүгінгі арман-мұратыңыз қандай?

- Францияның - Vilavi, Италияның - Olympic, Лондонның опера-балет театрларында концерт бердім. Сол театрларда концерт беріп жүргенде менің үлкен бір арманым болды. Шіркін-ай, бізде, Қазақстанда дәстүрлі музыканың үні шығып тұратын бір театр салынса деп ойлайтынмын. Қазір осы ойды бүкіл дәстүрлі орындаушылар айтады. Қазақтың дәстүрлі ән-жыр, күй өнеріне арналып қашан театр салынады деп. Бізде опера және балет театры бар, ал дәстүрлі ән-жыр өнеріне театр жоқ. Оған кез-келген уақытта кез-келген адам кіруге мүмкіндігі болса, шетелдіктерге «келсең бізге келіп жаз, келсең бізге келіп тыңда» дейтіндей деңгейге жетсек екен деймін. Керісінше, біз барып олардың алдына қызмет қылмай, олар келіп біздің жырымызды, күйімізді тыңдауға зәру болса. Сондай театрлар тек Астанада, Алматыда ғана емес, облыс орталықтарының бәрінде салынса. Себебі, біздің әр өңірдің дәстүрлі ән мектебі бар ғой. Осы театрлар бір-бірімен араласып-құраласып жатса. Міне, менің арманым - осы.

- Сұхбатыңызға рахмет.
XS
SM
MD
LG