Accessibility links

«Бізге авиация саласында демократия керек жоқ»


Әуе тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенко.

Әуе тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенко.

Жамбыл облысында «Ан-2» шағын ұшағы апатқа ұшыраған қайғылы оқиғадан кейін кейбір сарапшылар азаматтық авиация саласын қайта құру мәселесін тағы айта бастады.

Қаңтардың 20-сы күні Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған «Ан-2» ұшағы апатқа ұшырады. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды. Алдын ала болжам бойынша, «Олимп Эйр» компаниясына тиесілі, жұрт «Кукурузник» деп атайтын шағын ұшақ тұманда қонған.

Соңғы жылдары Қазақстанда бұдан басқа да талай ұшақ апатқа ұшыраған. Азаттық тілшісінің елдің азаматтық авиация саласындағы қазіргі жағдай туралы сұрағына әуе тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенко жауап берді.

Азаттық: – Қазір ішкі азаматтық әуе тасымалдау нарығындағы жағдай қандай?

Владимир Куропатенко: – Бұл – нарық емес, былық. Әрине, кез келген ұшақты жалдап алып, ұша беруге болады, бірақ бұл жеке меншік ұшағың емес қой. Тіпті жеке меншігің болса да, бірыңғай ережелерге бағынуға тиіссің.

Азаттық: – Нақты қандай жағдайды айтасыз?

Владимир Куропатенко: – Қазір ауа-райын болжау қызметін көлік және коммуникация министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорнына өткізбек. Бірақ бұл – мүлде бөлек сала. Ол әуедегі ұшақтарды ғана басқарады. Ал ауа-райын болжау қызметі ешкімге бағынбайтын тәуелсіз орган болуы тиіс. Адамдардың өмірі ұшақ командирінің қолында. Сондықтан экипаж командиріне қажет деп тапса, «ұшуға мүлде болмайды» деп бұйрық беруі тиіс.

Азаттық: – Сіз бұл салада нені өзгертуді ұсынасыз әрі неден бастау керек?

Владимир Куропатенко: – Қазіргі жағдайда ел президентінің авиация жөніндегі кеңесшісі қызметін енгізу керек сияқты. Оның уақыты жетті. Екіншіден, мемлекет басшысына тікелей бағынатын азаматтық авиация агенттігін құру қажет. 11 қыркүйектегі терактілерден кейін АҚШ және Батыс Еуропа елдері осындай тәртіп енгізген.

Әуежайда тұрған ұшақ. Алматы, 30 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әуежайда тұрған ұшақ. Алматы, 30 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Азаматтық авиация саласына қатысты мәселелерде Қазақстан жиі сілтеме жасайтын «еуропалық ережелер мен стандарттарды» сіз де айтасыз...

Владимир Куропатенко: – Мұны айтқан мен емес. Бұл– үнемі айтылатын бос мылжың. Мұның не екенін, әуе стандарттары дегеннің не екенін сізге шенеуніктердің ешқайсысы айтып бере алмайды. Біз – тәуелсіз елміз. Бүкіл регламент, бүкіл ереже баяғыда жазылып қойған. Совет Одағы кезінде қалыптасқан ережелердің озығын алу керек. Қашанға дейін мұндай апат бола береді?

Азаттық: – Нарыққа дейінгі заманға қарағанда қандай қатты өзгеріс бар? Әлде ұшақтар құламап па еді?

Владимир Куропатенко: – СССР кезінде авиация жұмысын реттеу емес, ұшу мен басқарудың бірыңғай ережелері болған. Ал командир рұқсат етілген жағдайда ғана шешім қабылдай алатын. Ауа-райы қолайсыз болса, қону алаңын тазалап бітпесе, ұшуға тыйым салынатынын түсіну қиын емес қой. Бұрын «белгілі бір аймақта ұшуға тыйым салынды» деп хабарлап, телеграмма жіберетін. Ал қазір мемлекеттік реттеуші орган мен метеорологиялық қызмет ауа-райы туралы болжамын береді, ал командир өз бетінше шешім қабылдайды. Бірақ бұл салада мұндай «демократия» керек жоқ. Одан да ұшуға тыйым салсын, сонда адамдар тірі қалады. Командир шешім қабылдай алады, бірақ тіпті жоғары шенді жолаушылардың ешқайсысы оған «қысым» жасауға қақы жоқ.

Ұшақ құлаған маңда жүрген құтқарушылар. Алматы, 29 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұшақ құлаған маңда жүрген құтқарушылар. Алматы, 29 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде де авиация саласында мемлекеттік басқару органы керек дейтін кәсіби мамандар бар. Ал бізде бұған қарсы. Авиациядан еш хабары жоқ шенеунік адамдардың өмірін қатерге тігеді. Мұның несі жақсы? Малайзияның AirAsia ұшағы да соның кесірінен апатқа ұшырады емес пе? Командир найзағай жарқылдап тұрғанын елемей шешім қабылдаған. Ақыры ұшақ күйреді. Бізге бұл жол жарамайды. Командирдің «доңғалақты шығар» деген бұйрығына бортмеханик «әуелі жалпы жиналыс өткізу керек» деп салғыласатын демократия керек емес.

Азаттық: – Әдетте «апатқа адам факторы себеп болды» деп жатады. Қазір авиация саласы мамандарымен қамту деңгейі қандай?

Владимир Куропатенко: – Біліктілік жағынан алғанда бізде дайындығы мықты мамандар тапшы. Әлгі мемлекеттік реттеу органы маман даярлай алмайды.

Қазір жалпы қанша ұшқыш керек екенін немесе белгілі бір ұшақ түріне қанша ұшқыш керек екенін ешкім білмейді.

Қазір қандай ұшақтарға қанша ұшқыш керек екенін, қандай ұшақтар сатып алынатынын кім айта алады? Компаниялар қаласа – Boeing, қаламаса Airbus сатып ала салады. Бірақ екеуі екі түрлі лайнер ғой! Ал қазір жалпы қанша ұшқыш керек екенін немесе белгілі бір ұшақ түріне қанша ұшқыш керек екенін ешкім білмейді. Бізде оларды азаматтық авиация академиясы әзірлейді. Ал ол кімге бағынады? Ауа-райын болжаудан бастап кадрларға дейін бәрін «Қазаэронавигация» кәсіпорнына бағындырып қойған. Ақымақтық! Одан да ол әуедегі ұшақтарды дұрыстап басқарып алсын.

Ал маман даярлаумен азаматтық авиация агенттігінің авиация мамандарын дайындайтын басқармасы айналысуы тиіс. Сондықтан бүкіл саланы – маман даярлаудан бастап ұшу-қонуға дейінгі мәселелерді басқару керек. Бүкіл құқығы мен жауапкершілігі қарастырылған тәуелсіз азаматтық авиация агенттігін құру туралы үкіметке талай ұсыныс айттық, мемлекет басшысына жаздық. Бірақ ұсынысымызға «бұл – болашақтың ісі» деген жауап қайтарды.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG