Accessibility links

«Назарбаев «Нәрді» әлі көрген жоқ»


«Назарбаев университетінің» өмір туралы ғылымдар орталығының бас директоры Жақсыбай Жұмаділов. Астана, 6 қараша 2012 жыл.

«Назарбаев университетінің» өмір туралы ғылымдар орталығының бас директоры Жақсыбай Жұмаділов. Астана, 6 қараша 2012 жыл.

Азаттық радиосы «Назарбаев университетінің» Өмір туралы ғылымдар орталығының бас директоры Жақсыбай Жұмаділовпен сұхбаттасты.

Өткен аптада Назарбаев университетінде өткен «Регенерациялық медицина мен сапалы ұзақ өмір сүру» атты екінші халықаралық конференция кезінде көпшілікке «Нәр» атты симбиотикалық био-өнімнің жасалғаны жария етілген.

2010 жылы дәл осы университет студенттерінің алдында сөз сөйлеп тұрып Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Менімен жасты адамдар ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін, өмірді ұзартатын жаңалықтарды қатты күтіп жүр, мұның тезірек болғанын қалайды» деп мәлімдеген.

Өткен аптада «Нәрді» көпшілікке таныстырып тұрып осы университет ғалымы Жақсыбай Жұмаділов: «Бір ғана био-өнім ұзақ өмір сүру мәселесінің шешім болып табылмайтындығын баса айтқым келеді. Бұл ең біріншіден денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған. Ал денсаулық – ұзақ өмір сүру кепілі» деді. Қарашаның 6-сы күні ғалым Астанада Азаттық радиосына сұхбат берді.

– Өткен аптада Астанадағы халықаралық конференция үстінде көпшілікке таныстырған «Нәр» симбиотикалық био-өнімі туралы таратып айтып берсеңіз. Оның құрамына қандай элементтер кіреді?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Германия, Берлин, 8 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Германия, Берлин, 8 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

– Назарбаев университетіндегі халықаралық конференция барысында біз симбиотикалық био-өнім – «Нәрді» ойлап шығарғанымызды айттық. Мұндай өнім Қазақстанда, тіпті, Орта Азияда алғашқы рет пайда болып отыр. Бұған дейін өнім өзіміздің зертханада тексерілді. Одан кейін клиникалық тестілеуге жіберілді... Үш интерактивке жарайтын био-өнім шығарып отырмыз. Бұның ішінде ең бірінші пробиотиктер, кобиотиктер бар. Біз бұларды қайдан алдық? Өздеріңіз білесіздер, қазақтың қымыз, шұбат деген сықылды бағзыдан келе жатқан тағамдары бар. Біз осы ұлттық тағамдардың микробтарын қолдану дұрыс болады деп топшыладық.

Сөйтіп, қымыз, шұбат, айран секілді сусындардың пробиотикалық микробтарын қолдандық. Оның ең бірінші мақсаты – адамдардың ас қорыту жүйесінің жұмысын жеңілдету. Мысалы, 30-40 жастағы адамдарда ас қорыту жағы күрделі болады. Әсіресе, ондай ағзаларда дәрумендерді, микороэлементтерді игеруде қиындықтар бар. Сондықтан осындай дертке қарсы тұру үшін симбиотикалық өнім ойлап таптық. Бірінші тестің нәтижесін қарасақ, көрсеткіші жақсы. Осылайша микроэлементтерді сіңіріп, ас қорытуды жақсартатыны дәлелденді. Бүгінде зертханада және клиникада адамдарға қолданып жатырмыз. Әлбетте, «Нәрдің» пайдасын толық дәлелдеу үшін біраз уақыт қажет. Бірақ клиникаға шыққан өнімнің нәтижесі бойынша өте тамаша деп отырмыз.

– Ақпарат құралдарында «Нәр» жайында жазылған мақалаларға құтыға құйылған қызыл судың суретін қосып беріп жүр. «Нәрдің» түр-түсі, дәмі қандай?

– «Нәр» қазақтың сөзі. «Нәр тату» деп жатамыз. Бір сөзбен айтқанда, «Нәрді» сіңімділікпен байланыстырып қойдық. «Нәр» сөзінің астарында сіңімділік деген ұғым бар. Орысша «питательный» деген сөз. Егер мен секілді ғылым тілінде симбиотикалық өнім деп созып тұрсақ, ол түсініксіз. Ал «Нәр» деген сөз қысқа, әрі ұғымды.

– Ал түрі мен дәмі қандай?

– Түрі айран секілді. Бірақ айран аздап қышқылдау ғой. Ал мынау бала кезімізде көп ішкен саумал сияқты. Яғни бұл өнім ас қорытуға арналған.

– Биоөнімді жасауға қанша жыл, қанша қаржы жұмсалды?

– «Нәрді» жасауға бір жарым жыл уақыт кетті. Ал қанша қаржы шығындалғанын нақты білмеймін. Себебі бұл біз айналысып жатқан үлкен ғылыми жобалардың кішкене бөлшегі ғана. Бізде «Нәрден» өзге зертханада сынаққа түскен өзге өнімдер де бар. Олар турасында кезі келгенде белгілі болмақ. Ал, жалпы, «Нәрді» жасауға көп қаржы жұмсалмады.

– Адам өмірін ұзартатын препарат жасап шығару туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бірнеше мәрте ұсыныс-өтініш айтқан. Сондай бір пікірін Сіз жұмыс істейтін университетке келген кезде де айтқан. «Нәрді» шығаруға президент түрткі болды деп айтуға негіз бар ма?
«Нәрдің» жасалуына президент түрткі болды деп айта алмаймын. Рас, біздің жобалар елбасы қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бізге мүмкіндік беріп отырған президент болғандықтан біз қуанамыз, әрине.

– «Нәрдің» жасалуына президент түрткі болды деп айта алмаймын. Рас, біз қолға алған ғылыми жобалар елбасының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Ғылыми жобалар бойынша және шет елдегі стратегиялық ғалым әріптестерімізбен бірігіп жұмыс істеу деген секілді шаруалардың бәріне демеу көрсетіп, бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырған президент болғандықтан біз қуанамыз, әрине.

– Био-өнімді ең әуелі Қазақстан президентіне көрсетіп алдыңыздар ма?

– Жоқ, көрсеткен жоқпыз. Біз енді шығарған дүниелеріміздің барлығын президентке апарып көрсетпейміз ғой. Өйткені бұл – біздің күнделікті істеуге міндетті жұмысымыз. Ал «Нәр» жайында айтуға халықаралық конференция себеп болды. Сол кезде журналистерге жеткен жетістігіміздің бірі ретінде көрсеттік.

– Сіз кейбір жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбаттарыңызда «Нәр» адам денсаулығын жақсартады. Денсаулық жақсарса, өмір ұзарады деген пікір айттыңыз...

– «Нәрді» ішкен адамның өмірі ұзақ болады деп айтуға келмейді. Себебі ұзақ өмір сүру бірнеше факторға байланысты ғой. Ол, біріншіден, денсаулық, екіншіден, экология факторы, сосын әлеуметтік фактор бар. Айта берсе, фактор көп. Ал біз ойлап тапқан өнім осы аталғандардың ішіндегі денсаулық факторына қарайды. Бір ғана фактор. Ал адам денсаулығының әр деңгейі бар. Сол себепті денсаулықтың әр деңгейіне осы «Нәр» сияқты өнімдерді ойлап тауып, соны қолдану керек.

– «Нәр» тек қалталыларға арналған ба әлде оны қарапайым жұрт та пайдалана ала ма? Мысалы, жалпы саудаға шықса, оның 100 грамы қанша теңге тұруы мүмкін?

– Біз – ғалымбыз. Ғылыммен шұғылданамыз. Ғалымдардың міндеті – осындай ғылыми жобаларды қолдануға жарайтын дайын өнім деңгейіне жеткізу. Ал ары қарайғы коммерциялық жұмыстарын жүргізу - басқа мәселе. Мәселен, шет елде инкубатор, технопарктер бар. Бізде де осындай шаруалармен сондай мекемелер айналысуы тиіс.

– Өздеріңіз ойлап тапқан өнім ретінде «Нәрге» патент алып қойған боларсыздар?

– Өнімге халықаралық патент алуды көздеп отырмыз. Алайда патент алу үшін бір жылдай уақыт керек екен. Тәртібі солай. Біз бір патентті Еуропадан алғалы отырмыз. Еуропаның заңы бойынша патент алу үшін 1 жыл 8 ай күту керек екен. Олар зерттейді, сарапқа салады. Сосын «патент алуға жарайтын, расында да ғалымдар ойлап тапқан өнім екен» дейді де, сол патентке жолдама – сертификат береді. Мұндай сертификат қазірде қолымызда тұр. Оның сыртында біз Еуразиялық патент алмақшымыз. Еуропадағыдай емес, оған бір жылдай уақыт керек екен. Бұйыртса, келесі жылы сол патент қолға тиеді.

– Сталин кезеңінде адам ғұмырын ұзарту және геронтология мәселелерімен айналысқан ғалым Александр Богомолец 1946 жылы 65 жасында дүниеден озған екен. Ел аузында академиктің қазасын естіген Сталиннің «Уәде берді де, бәрімізді алдап кетті» деп қалжыңдағаны туралы әзіл айтылады. ТМД аумағында Богомолецтен кейін адам ғұмырын ұзартуға септігін тигізетін био-өнімді мемлекет басшысының өтініші бойынша жасап, көпшілікке жария етіп тұрған аз ғалымның бірісіз десе болады. Сіз ешкімге уәде берген жоқсыз ба?
Мен «Өмірді ұзартатын Қызырдың суын» жасап беремін деп ешкімге уәде бергенім жоқ.

– Мен бұл оқу орнына президент Қазақстанда осындай ғылыми орталық ашу керек дегеніне сеніп, осы жерге жұмысқа келіп отырмын. Инфрақұрылымды көтеріп, ғалымдарды дайындау керек. Ең бірінші ғылыми жұмыстар үшін. Тек қана «Нәр» үшін емес. Айтып отырмын ғой, «Нәр» – бір үлкен жобаның шеті. Ал ондай жобалар көп бізде. Екі-үш жылдан кейін сол жобалардың нәтижесін көргенде ғана біз нендей шаруа тындырғанымызды айтамыз. Ал Богомолец жайындағы әңгімені естігенмін Мәскеуде бес жыл жұмыс істеген кезімде. Бірақ, сіз ренжімеңіз, кейбір кездері журналистер сондай әңгімелерді кішкене бұрмалап алады. Ал мен «Өмірді ұзартатын Қызырдың суын» жасап беремін деп ешкімге уәде бергенім жоқ. Богомолец өте ақылды, мықты кісі болған. Оның сондай серт бергеніне сенбеймін. «Міне, бұрын осындай болды. Енді Қазақстанда да болмақшы» деген әңгіме шындыққа жанаспайды, менің ойымша. Олай айтуға болмайды. Оның үстіне, қазір заман басқа...

– Әңгімеңізге рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG