Accessibility links

Геннадий Павлюктің өліміне қатысты тергеу аяқталды


Геннадий Павлюк, қаза тапқан қырғыз журналисі
Геннадий Павлюк, қаза тапқан қырғыз журналисі

Жақындары «саяси өлім» деп атап отырған журналистің қазасын Қазақстан полициясының «саясиландырғысы келмейді».


Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов бейсенбілік брифингте 2009 жылы Алматыда кісі қолынан қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий Павлюкке қатысты тергеу амалдарының аяқталғанын хабарлады.

«МАТЕРИАЛДЫҚ ҚҰН ТАЛАП ЕТКЕН»

Оның айтуынша, наурыздың 25-інен бастап, айыпталушылар (екі Қазақстан, бір Қырғызстан азаматы) қылмыстық іс материалдарымен таныса бастайды.

- Алдын-ала тергеу Геннадий Павлюкпен интернет арқылы хат жазысқан күдіктілердің әуелі оны Алматыға алдап шақырып, «Қазақстан» қонақ үйінен бөлме алып бергенін, мұнан кейін Фурманов көшесіндегі пәтерге алдап шақырғанын көрсетіп отыр. Мұнда оны скотчпен байлап, матап материалдық құн талап еткен. Алайда бұдан түк шықпасын білген олар оны пәтер терезесінен лақтырып жіберген, - деді Қуанышбек Жұманов наурыздың 24-і күні Астанада өткен брифингте.

Ол қолында бұдан басқа ақпараттың жоқтығын айтып, журналистер қойған өзге сұрақтарға жауап бермеді.

«САЯСИ ТАПСЫРЫС»

Кезіндегі Бакиев режимін сынап, талай мақала жазған оппозициялық журналист Геннадий Павлюк 2009 жылы Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмғанда, көптеген әріптестері, жақындары, туыстары оның өлімін кәсіби қызметімен байланыстырған болатын. Ал полицияның қазіргідей болжамынан кейін журналистің жақындары тіпті не дерін білмей отыр.

Геннадий Павлюктің әйелі Ольга Павлюктің айтуынша, қылмыстық істе лауазымды тұлғаның аты-жөнінің жүргеніне қарамастан құқық қорғау органдарында ең болмағанда «саяси тапсырыс» деген болжамның жоқтығына өкінетінін айтады.

- Күдіктілерге тағылып отырған айыпта саяси астар да, кәсіби қызметімен байланыстырушылық та жоқ. Бұл, әрине, олай емес. Олардың (полиция – ред.) түсіндіруінше, тергеліп жатқан адамдар ештеңе айтпай, үнсіз отыр. Осы адамдарды жоғалтып алмас үшін қандай да бір болжам айту қажет боп тұр дейді. Бұл болжам әрине, шындықтан мүлде алшақ жатыр, - деді Ольга Павлюк наурыздың 24-і күні Азаттық тілшісіне.

Осылайша полицияның болжамымен келіспейтінін айтқан ол енді әділет іздеу жолында халықаралық ұйымдарға, көптің көмегіне иек артатынын мәлімдеді.

- Істің немен аяқталатынын білмеймін. Өз басым қолымнан келетін нәрсенің бәрін жасадым. Бәлкім, журналистер, халықаралық ұйымдар осы мәселеге байланысты өз көзқарастарын айтар деп үміттенемін. Шындықтың бір күні ашылатынына сенгім келеді, - деді Ольга Павлюк.
Өткен жылдың күзінде Қазақстан полициясы журналистің өліміне қатысты бірнеше күдіктінің ұсталғанын мәлімдеген болатын. Дегенмен полиция олардың ешқайсысының аты-жөнін атамаған еді.

Осы жылдың желтоқсан айында Қырғызстанның бас прокуратурасы Алматыда Павлюктің өліміне қатысы бар деген күдікпен Алдаяр Исманкуловтың ұсталғанын хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, оған қатысты бұрындары да Қырғызстанда қылмыстық іс қозғалған. 35 жастағы мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Алдаяр Исманқұловқа Павлюк ісі бойынша қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айып тағылып отыр.

2009 жылғы желтоқсанның 16-ы қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-і қайтыс болған еді. Осының ізінше қазақ полициясы кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, істі зерттеуге Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау орган өкілдері кірісіп кеткен болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG